Бірлікті қашан да биік қойған жөн
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ол жылдар бойына сақталып қалады. Бірақ қайталанбайды деген ұғым бар. Десе де қатталып қалған тарих айна қатесіз қайталанбаса да, оқиғалардың қайталанып отыратын тұстарын жиі кездестіріп жатамыз. Уақыт кемесі алға жылжыған сайын өз дәуіріне сай бұл құбылыстың орын алуы да заңдылық.
Жыл басында елде орын алып, жұртшылықтың жағасын ұстатқан жағдай да осы бір заңдылықты қайталап тұрғандай көрінді маған. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан халықтың бәсі қашан да жоғары. Тәуелсіз Қазақстан да, міне, санаулы жылдардың ішінде жаһан жұртшылығы қызыға қарайтын, әлем санасатын елдердің қатарына қосылды. Бұл да біз айтқан ауырбіршіліктің, тұтастықтың халыққа берген сыйы. Бірақ бүгінгі күні бүтіндей бір мемлекеттің берекетін кетірмесе де, шығынға ұшыратып, қоғамның, мемлекеттің дамуына кері ықпалын тигізетін бүлікшілердің барын байқап қалдық. Арандатушылардың арбауына түскен көпшілік осындай қадамға барды. Мейлі бір ауыз сөз немесе бір ғана адам болса да тұнықты лайлауға жетіп жатқанының куәсі болдық.
Мына бір жағдайға қарайықшы. Мұхтар Шахановтың "Отырар ойраны" атты шығармасын білмейтін, ондайғы жағдаймен таныс емес адам жоқ шығар. Бірліктің туын жықпаған сол заманның өркениетті шаһарларының бірі – Отырар. Сол уақытта қаһарынан қара жер қаймығатын Шыңғыс ханның 200 мың әскері жаушылықпен келген тұста ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Бірақ алты күнде ойранға ұшырап, жау қолына түгелдей өтті.
Бүгінгі айтпағымыз, жау қолына өткені жайлы емес, не себепті ақыры солай болғаны жайында болмақ. Жаушылығы сәтті аяқталған Шыңғыс ханның ұлы Шағатай тұтқынға түсіргендердің арасынан Шыңғыс ханның алдына алып келген бір кейіпкерді
... Екіншісі қара мұртты, қара түн,
Қара түнде қаққан қара қанатын.
Шағатайға Отырардың қақпасын,
Ашып берген Қарашоқы болатын... – деп суреттеген ақын қиын уақытта қара басын күйттеген бүлікшілерді бейнелегендей көрінеді маған. Расында халықтың жайын емес, қалтаның қамын ойлайтындар мемлекетке айтарлықтай зардап алып келді. Нақтырақ айтар болсақ, ақпарат көздері арқылы 100 миллиардқа жуық шығын келгені айтылды.
Ел болған соң қалауы мен сұрауы таусылар ма?! Алайда, Мемлекет басшысы ел тілегіне құлақ асып, талаптарын орындауға Үкіметке тапсырма бергені көпке мәлім. Аталған шығындар бүлінген нысандар мен өзге де шығындарды қалпына келтіруге емес, кезек күтіп тұрған сауалдарға жұмсалса, көптеген күрделі мәселелердің күрмеуін шешкен болар еді. Өкінішке орай, өзгені емес, өзін ойлаған бұзақылар мен бүлікшілердің тигізген зиянының салдары осылай болып отыр.
Бір қуанарымыз, дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырында қалып отыр. Ендігі мақсат – дамудың даңғыл жолындағы жасампаз республиканың жаңаша бағытта қарыштап жетілуі болмақ. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі де сенімімізді нығайта түседі.
Еліміз үшін осы бір қиын-қыстау кезеңде «Nur Otan» партиясының барлық ресурстары мен күш-қуаты Мемлекет басшысының елде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындауға жұмылдырылуда. Бұған әр қазақстандық өз үлесін қосуы керек.О. ЖОЛДАСОВ,
"Nur Otan" партиясының белсенді мүшесі