Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған іс те, алдағы міндет те ауқымды

Атқарылған іс те, алдағы міндет те ауқымды

Әр жыл жетістігімен есте қалады. Өткен 2021 жылы да ауданымызда көптеген күрделі мәселелер шешімін тауып, бірқатар халықтың қалауы атқарушы биліктің ықпалымен жүзеге асқан болатын. Міне, жасалып біткен және істеліп жатқан жұмыстарды көріп, алдағы уақыттағы жүзеге асатын бірқатар мәселелерді халыққа жеткізіп, сексеуілдіктердің ұсынысын тыңдау мақсатында аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды. Алдымен кент көшелеріне жүргізілген жарықтандыру жұмыстарымен танысты. Еске сала кетейік, өткен жылы кенттегі 6 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылған болатын.
Өткен жылы аудан жұртшылығы үшін ең күрдел жағдай – қуаңшылықтың орын алуы болды. Бұл мал шаруашылығын өркендетіп келе жатқан кент тұрғындары үшін де ауыр тиді. Жайылымдардың құрғап кетіп, төрт түлікке қиындық тудырған бұл мәселені шешу үшін ауданда көптеген шаралар атқарылғаны  елге ақпарат құралдары арқылы құлағдар етілді. Міне, соның бірі осы Сексеуіл кентіндегі су ұңғымасын қазу болған. Аталған жұмыс толықтай бітті. Ел игілігіне жарап тұр. Кенттен алты шақырым қашықтықтағы мал жайылымы үшін қазылған «Қаракөл» су ұңғымасына барған Серік Сермағамбетов оған көз жеткізді. 300 метр тереңдікте қазылған ұңғымасынан төңіректегі шаруалардың малы суаттайды. Ұңғыма суының тұщылығы да шаруалардың қуанышына себеп болып тұр. Алдағы уақытта малға су ішуге ыңғайлы болу үшін астау орнатылатын болады.
Аудан басшысының Сексеуілдегі сапары одан әрі «Алтын» сауда үйінде жалғасты. Қай уақытта да халықтың сұрауында болатын азық-түлік бағасының тұрақты болуын назарда ұстаған Серік Сағитжанұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бағамдап шықты. Халықтың жиі тұтынатын заттарын аралап, азық-түлік өнімдерінің бағасын белгіленген шекті бағадан асырмау қажеттігін сауда үйінің иесіне баса тапсырды. Бағаның еселеп өсуі әркез қадағалауда екенін де жеткізіп, бұл үшін арнайы шаралар қолданылатынын да айтты.
Сөз арасында осындай ірі сауда орталықтары елдегі баға тұрақтылығын сақтап, бағаға ықпал ете алады. Сондықтан "алдымен осындай ірі сауда орындарында өнімдердің жеткілікті мөлшерде болуын қадағалаңдар" деп тапсырды аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысына.
Сексеуілдік үшін тағы бір күрделі мәселе электр желісінің тозығы жеткендігі болып келген осы уақытқа дейін. Бұл қиындық та аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Электр желілеріне жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын көріп шықты. Аудандық электр торабын тарату мекемесінің басшысы электр желілерінің ескіруіне байланысты атқарылып жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысын түсіндіріп өтті. Жоба бойынша өткен жылы бастау алған жұмыстар өтпелі негізде биыл да жалғасын табады. Былтыр 9 көшенің әуе желісі жаңартылса, биылғы жоспарға 10 көшенің желісін жаңарту  және 2 қосалқы станция мен темірбетонды тірек бағаналар орнату жұмыстары енген. Жасалып жатқан жұмыстар наурыз айында толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне жұмыс жасайтыны айтылды.
Мұнан соң аудан басшысы Серік Сермағамбетов мекеме басшысына жұмыстың сапалы болуын қатаң тапсырды. Осы уақытқа дейін электр қуаты қысымының бірқалыпты болмауынан тұрғындардың тұрмыстық техникалары жарамсыз болғандығы туралы шағымдар түскен. Сол мәселе алдағы уақытта қайталанбауына және кенттегі «Қазақтелеком» мекемесінің бағаналарындағы телефон желілерінің төмен орналасқандығын айтып, көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін жауапты мекемеге хабарлау қажеттігін айтты.
Сапар аясында аудан әкімі кент көшелеріне жүргізілетін жол жөндеу жұмыстарымен стенд арқылы танысты. Биылғы жылы кенттегі темір жол өткелі мен №231 мектеп аралығындағы автожолды орташа жөндеу жобасы қолдау тауып, республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 16 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға жолданды.
Аудан әкімінің сапары одан әрі Аққұм ауылдық округінде жалғасты. Бұл жақта да «Шәден» су ұңғымасына барып, қазіргі жағдайымен таныс болды. 250 метр тереңдікте қазылған бұл ұңғымадан да кермек су шығуда. Атап өтейік, Сексеуіл кентінде және Аққұм ауылдық округінде ұңғыманың басында болған ардагерлер ризашылықтарын жеткізіп, алдағы уақытта тиімділігі зор болатындығын айтты. Осындай ауқымды жұмысты жүзеге асырған аудан басшылығына алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Сонымен бірге мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған екі ауылдың тұрғындары да мүмкіндігіне қарай тағы да бір ұңғыма қазып беруді сұрады. Аудан әкімі айтылған ұсыныстарға сай кезектілігіне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 қаңтар 2022 ж. 348 0