Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем әйелдермен әсем

Әлем әйелдермен әсем

Жақында қалалық №3 кітапхана жанынан құрылған «Сәукеле» жастар клубының ұйымдастыруымен «Әлем әйелдермен әсем» атты кеш өтті.  Кешке клуб  мүшелері, кітапхананың тұрақты оқырман аналар қатысты.
Аналардың құрметіне арналған кештің мақсаты – әрбір жанды ананы құрметтеуге, сыйлай білуге, анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, адамгершілікке, ізгілікке, ананы  қастерлей білуге тәрбиелеу.
Кеш барысында әр саланың қыз-келіншектері отбасылық өмір мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрудің сырына тоқталды. Кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, жылы тілек лебізін білдірді. Шара барысында АИТК оқу орнының мұғалімі Ж.Қанатбаева өзінің өмір жолына тоқталып, қызықты әңгімелерімен бөлісті. Облыстық  №2 мектеп -интернатының кітапханашысы Б.Әбілдаева:
– Бүгінгі күн – жер бетінде барлық аналардың қуаныш, шаттық мерекесі. Отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі ол – ана. Ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Анаға одан артық тартудың қажеті жоқ. Өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Ақ жаулықты ана – әр үйдің шамшырағы, жанған бағы. Сол себепті аналарымыздан тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіре білуге тиіспіз, – деп өз ойын ортаға салды.
Сонымен бірге кешке қатысушы оқырмандар отбасылық құндылық, тәлім-тәрбие, ұлттық салт-дәстүр тақырыбында туындаған ой-пікірлерін көпшілікпен бөлісті. Кітапхананың зейнеткер оқырманы Р.Ибрагимова аналық алғысын білдірді. Кеш соңында кітапхана оқырманы Г.Ералиева  М.Мақатаевтың «Сенің көзің» әнін орындап, оқырмандарға сый-сияпат  көрсетілді.
Дина ОРЫНБАСАРОВА,
кітапханашы
06 наурыз 2022 ж. 572 0