Қазақтай көркем ел жоқ
Ұлы даланы мекен еткен қазақтың ұлы данышпандары мен батырларынан тараған дана халықпыз. Иә, дәл осы сынды керемет астарлы, рухты сөздер халықтың аузынан түскен емес, санасынан өшкен емес. Әрине шынайы дүниенің әрқашан тұғыры биік. Ата-бабаларымыздың осынау елді құру жолында ел тарихында елеулі орындары бар екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Қазақ хандығы болып құрылғанға дейін де, кейін де ұрпақ үшін, тәуелсіз ел болу үшін, ешкімнің тіліне, діліне, заңы мен жеріне кіріптар болмай, өз елдігімізді алу жолы өз заманының батыр жүректілері үшін ауыр жол болғаны белгілі. Қаншама жас қазақтар қыршыннан қиылды, жазықсыз жаза тартты, білім іздеген сауатты ұрпақтардың арасында кітапқа емес, темірторға еріксіз үңілгендер қаншама. Елім деп соққан жүректердің саны, сол қиын шақтардан бастап азая бастады ма деген ой санаға сенгің келмесе де сауал боп орала береді. Тарихымызды білген сайын жанын алса да елім деп тұратын ерлер мен ерін сыйлаған есті әйелдермен таныса береміз. Ал, бүгінгі күні керісінше, ер азаматты сыйлайтын әйел мен ержүректілерді жолықтыру некен-саяқ. Сонда не өзгерді? Тарих бар қазаққа ортақ. Қаны қазақ, жаны қазақ алаштың ұрпақтары тарихымен мақтанып, шын мәнінде сол замандағы болмыстан сақтанып жүргендері не үшін?!
Осы тұста сақтанып жүргендей көрінетін, жауыр болған жалаулы сөздей болса да айтыла беретін тіл мәселесі. Ерге тән мінез бен болмысты, қазақ қызына тән сыр мен сымбатты бетке салған бояумен теңестірген қазіргі қыздардың мәселесін айтпасақ та, тіл мәселесін айтпай өту қиын болып тұр. Себебі, қазақтың қазақ екендігін ең алдымен сәлемдескенде-ақ байқататын тілі емес пе. Сол сөзге бай тілімізді неге өзіміз екінші орынға ысырып қойғанымызды түптеп келгенде түсіндіре алмаймыз.
Жақында елімізге жақсы таныс бір сайтта "орыс тілін мәртебесінен айыру қажет пе?" деген сауал жүргізілді. Сауалға толық пайыздың жартысынан астамы "иә" деп жауап берген екен. Дегенмен, көп ұзатпай-ақ "орыс тілін мәртебесінен айырудың қажеті жоқ" деген белгілі бір азаматтың сөзімен қойылған тақырыпта мақала жарық көрді. Демек ол сол дұрыс дегенді меңзегендей болғанымен шешім екенін де түсінуге болады. Сонда халық неліктен өз қалауларын ескеріп ана тілімізде сөйлемей, қоғамның талаптарын ескеріп өзге тілде сөйлеп жүр. Шын мәнінде қоғам дегеннің өзі де біздер емеспіз бе? Әркім өзіне қолайлысын таңдайды, әр адам бірінші кезекте өзіне жауапты. Бірақ осы сұраққа келгенде біраз адам ақылды ақымақтың кейпіне ене қалады. Қазақ тілін қалайды, бірақ сөйлей алмайды.
Қазір біз орысша сөйлеген қазақты көргенде емес, қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілін көргенде таң қалатын жағдайдамыз. Өз тіліміздің дәрежесін осыншалықты түсіретіндей не әсер етті? Еліктеушілік пе әлде орыс тілінің дәрежесінің жоғарылығы ма? Жоқ, біздің ана тіліміздің дәрежесі біз үшін бірінші орында. Оны басқалай салыстыруға келмейді де, болмайды да. Әр адам өзіне ғана тиесілі затты немесе ата-анасын, бауырларын "менің" деген тіркеспен қолданылатынын қаншалықты ұмытпайтыны секілді, ана тілімізді де айтқанда, қолданғанда, сөз қылғанда соншалықты өзінікі, біздікі екенін ескеріп жүрулері міндет деп ойлаймын.
Аяжан ЖҰБАНҒАНҚЫЗЫ