Сексеуілде Наурыз мейрамы аталып өтті

Талапқа сай безендірілген орталық алаң, алыстан менмұндалайтын ақшаңқан үйлер. Бәрі-бәрі әдемі үйлесім тапқан.
Мерекенің басы сахналық қойылымнан басталды. Қыдыр баба елдегі жұртқа жақсы сөз, жарым ырысын арнады. Мұнан соң Ұлыстың ұлы күнінде кеуілді бірлеп алаңға келген жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Төрахметов, облыстық мәслихат депутаты Е.Аяғановтар құттықтады.
Тігілген әр үйде қазан көтеріліп, қонақжай ел келушілерге дәм ұсынуда. Сахна төрінде ауылдың жас өнерпаздары кезек-кезек ән-жырдан шашу шашуда. Қазақы дәстүрге сай тұсау кесер, көрісу сынды рәсімдер бұл тойда көрініс тапты. Ауыл жастары алтыбақан аясында тербелуде. Ел үлкендері ақ ниет пейілдерімен Тәңірден биылғы жылы көктің бітік шығуын, ел-халықтың амандығын тілеуде.
Міне наурыздың 22 күні Сексеуілдің орталық алаңында өткен Ұлтық мереке осындай көріністермен айшықтала түсті.
Халқымыздың қастерлі мерекесі саналған бұл күні ауданға қарасты өзге ауылдарда да Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтілді.



