Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Акция. Ескі тұрмыстық техникалар жаңаға айырбасталуда

Акция. Ескі тұрмыстық техникалар жаңаға айырбасталуда

Астана мен Алматы қалаларында ескі тұрмыстық электр техникасын өткізіп, энергия үнемдейтін жаңа техника сатып алуға сертификат беретін арнайы дисконтты бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Егер сізде тозған немесе істен шыққан, тоңазытқыш, электр плитасы, мұздатқыш, ыдыс жуатын машина бар болса мамандар сіздің ескі техникаңызды үйіңізден тегін алып кетіп, энергия тиімділігі жоғары жаңа тоңазытқыш сатып алуға арналған 16500 теңгенің жеңілдік сертификатын табыстайды. Акция 1 қазан мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты даму және урбанизация бөлімінің бастығы Рамазан Жампиисовтың айтуынша, тұрмыстық техникаларға талдау жасаған кезде тоңазытқыштың энергияны көп жұмсайтын құрал екені анықталған.
«Акция бойынша жалпы сомасы 33 млн теңгені құрайтын 2000 жеңілдік сертификаты беріледі. Бірінші кезекте экологиялық мәдениетті арттыруға, ескі техниканы кәдеге жаратуға атсалысып отырған серіктестерге алғыс айтамыз», - деді ол.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегі энерготиімділікті арттыру және энергияны сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Тоқаев тоңазытқыш орташа есеппен жылына 400 кВт энергия жұмсайтынын атап өтті.
«Бүгінде энергия тиімділігі жоғары тоңазытқыштар сұранысқа ие. Бұрын Энергия тиімділігі А пайдаланылса, қазір А+, А++ деген санаттар бар. Болашақта А4+ деген форматтар да болады. Мемлекет басшысы алдымызға энергияны пайдалану тиімділігі жоғары құралдарды арттыру міндетін қойды. БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірге әзірленген дисконттық бағдарлама энергия тиімділігі жоғары тоңазытқыштарды сатып алуға ынталандыру болары сөзсіз. Биыл халық арасында жүргізген сауалнамадан олардың 20 проценті энергия тиімділік пен үнемдеу түсінігін жақсы түсінетінін байқадық», - деп атап өтті министрлік өкілі.
Ал Қазақстандағы BSH Home Appliances ЖШС бас директоры Уфук Гокташ осы акцияға қатысатын азаматтарға тоңазытқыштарды сатып алуға компания тарапынан т60 мың теңгеге дейінгі жеңілдік беретінін атап өтті.
«Екі ай ішінде өтетін энергия көп жұмсайтын ескі тұрмыстық техникаларды энергия үнемдейтін жаңа техникаға ауыстыру акциясы бойынша Bosch компаниясы қосымша 60 мың теңгеге дейін жеңілдік қарастырады. 2000 жылдан бастап қазірге дейін компания тоңазытқыштардың энергия тиімділігін 80 процентке дейін жетілдірілді. Яғни, қазіргі технология бұрынғыға қарағанда 80%-ға аз энергия қолданады. Мұндай техникаларды қолдану арқылы тұрмыста ұзақ қолданып, әрі энергия үнемдеп, әрі қоршаған ортаны қорғау мүмкін болмақ», - деді Гокташ.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына «Мечта Маркет» ЖШС Астана қ. филиалының директоры Дәулен Мадиевпен «Технодом» АҚ солтүстік аймағының өңірлік директоры Людмила Югай қатысты. Аталған екі электроника дүкендер желісі қазақстандықтардан ескі техникаларды қабылдап, оларға жеңілдік сертификаттарын береді.
«Технодом» қоршаған ортаны қорғау бойынша полиэтилен қалталармен күресіп келеді. 2015 жылы барлық дүкенге «экобокс» қойдық. Адамдардың санасын өзгерту үшін дисконтты бағдаралмаға қатысып жатырмыз. Қазір энергиялық тиімді техникаларды көптеп алады. Ескі техникасын өткізген адамдар жаңасын сатып алу арқылы электр энергиясына аз төлейтін болады. Оларға осыны жеткізе білуге тиіспіз», - деді Людмила Югай.
Еске сала кетсек, дисконтты бағдарлама 1 қазан күні Астана мен Алматы қалаларында іске қосылды. Азаматтар тұрмыстық техниканы тегін алып кететін қызметке хабарласа алады: Астана қаласы: 8-7172-64-25-33, Алматы қаласы 8-7273-11-54-52. Сертификатты қабылдайтын дүкендер желісі: «Мечта» және «Технодом».

Baq.kz
02 қазан 2018 ж. 1 782 0