Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айнала тазалығы алаңдатады

Айнала тазалығы алаңдатады

Жыл басында Арал қаласының әкімі Е.Тәлекеновтің есептік баяндамасын тыңдадық. Бұл жайында газетімізде арнайы ақпарат та берілді. Бірақ бүгінгі тақырыбымызға байланысты өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың мына тұсына тағы бір зер салып өтсек артық болмас.

"Бақтыбай батыр көшесінің бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына лас-қоқыс тастайтын 4 арнайы орны қоршалып, 24 қоқыс жәшігі орналастырылды. Бұдан бөлек, 1 450 млн теңгегеқаладағы 7 көшенің бойына кіші лас-қоқыс жинақтайтын арнайы қоршаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар бюджеттен бөлінген 9,3 млн теңгеге «Қуанышбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы  қаламыздың сорлы және шет аймақтарына тұрғындардың тастаған лас-қоқыстары тазартылып, қоқыс тастауға тыйым салу жөніндегі  44 тақтайша орнатылды. Қала тұрғындарын лас-қоқыс жинайтын жәшіктермен қамтамасыз етумақсатында200 дана қоқыс жәшігі таратылған" деді қала әкімі өз сөзінде. Сондай-ақ алдағы уақытта да тазалық мәселесі назарда болатынын айтты.
Осы сөзімізден-ақ бүгінгі айтпағымызды ұғынған боларсыздар. Ақиқатын айту керек. Істеліп жатқан жұмыс көп. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Көре қалсақ көңілімізге қуаныш орнайды. Бірақ неге осы бір қала тазалығы мәселесі күн тәртібінен түспей келеді?!
Қар еріп, күннің көзі жылт етсе желмен желбірей жөнелетін қалдықтар мен қоқыстар бетін қайта қар жасырам дегенше бір басылмайды. Осы бір жағдайдың өзі қала тазалығы үшін қыстың суығына, жаздың аптабына қарамай еңбек етіп жатқан қанша азаматтың еңбегін зая кетіреді. Істелген жұмыстың нәтижесі көрінуі керек. Бірақ ол қандай жағдайда? Әлбетте біткен істі барынша бағалап, шама келгенше күтіп ұстағанда ғана көзге ілігеді. Бірақ біз сол жұмысшылардың еңбегін бағалау жағынан әлі де болса кейін қалып келеміз. Бүгінде қала тазалығына нұқсан келтіріп, белгіленбеген жерге қоқыс тастаушылардың әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалағандар аз емес. Бірақ осы жағдай басымызға түспей сабақ алмайтынымыз өкінішті.
Мәселе қорыққаннан тазалық, тәртіп сақтауда емес. Бірінші кезекте санамызда тазалық ұғымын қалыптастыра білуіміз керек. Сананың тазармай қаланың тазаруы мүмкін еместігіне қазірде көзіміз жетіп отыр.
Асыл дінімізде де Пайғамбарымыз с.ғ.с «Алла тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» деп бізге тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп кетті.
Тазалық біріншіден өзімізге қажет. Таза аула, таза табиғат пен қаланың тазалығы ұрпағымыздың саулығы үшін, өзіміздің амандығымыз үшін елеулі рөл атқаратынын мына бір деректен-ақ аңғарсақ болады. Мәселен, әлемдегі тазалықты ұстану жағынан көш басындағы елдердің қатарынан түспей келе жатқан Швейцария халқының орташа өмір сүру жасы жаһандағы ең көп өмір сүретін халықтар қатарында. Орташа есеппен 82 жылдан асады. Міне, осының өзі тазалық салтанат құрса, саулықтың да сән түзейтінін көрсетеді.
Ертеден-ақ "Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар" деген қазақ халқы қай нәрсені болмасын тереңнен түсіне білген. Сондықтан шығынсыз, жұғынсыз өмір сүруді ойласақ, тазалыққа барлығымыз жауапкершілікпен қарауымыз қажет. "Көп түкірсе көл болар" деген емес пе?!

Оңталап ЖОЛДАСОВ
29 наурыз 2022 ж. 436 0