Билеуді де үйренеді
– Балалар, мен сендерге бүгін би билеуді үйретемін. Қазір Әдемі, Нұрсила, Нұрбибі, Мереке шығады, – деді.
Апай жарға жапсырыла, тұғырға қойылған теледидарды қосып қалды. Экраннан «Қырманда» биі көрсетіліп, музыка ойнай жөнелді. Ортаға шыққан төртеуі музыка ырғағымен Әселдің көрсеткен қимылдарын қайталап билей бастады. Олар теледидарға да қарап қояды. Әдемі мен Нұрбибі, Нұрсила мен Мереке жұптасып, қолдарын буындарынан айналдырып, алақандарын соғып, аяқтарын созып және бүгіп, орындарынан секіріп биледі.
– Енді, балалар, мектебімізде «Алтын күз» мерекесі өтеді. Сендер сол кеште билейтін боласыңдар, – деді Әсел.
Әдемі апай үйреткен би қимылдарын қайталап көріп еді, дұрыс істей алмағандай сезінді. Әсел қасына келіп бидің сазын жіберіп, қайтадан көрсетті. Төртеуі ортаға шығып, тағы да басынан бастап аяқтарымен, буындарымен, қолдарымен жасалатын қимылдарды қайталады. Би билеуді бірте-бірте бәрі де үйреніп кетті. Әсел:
– Енді осы төртеуің Ақжол, Аңсар, Жансерік және Мансұрмен жұптасып билейтін боласыңдар. Қане, бастаймыз, – деді.
Бұлар ортаға сегіз болып шықты. Тағы да музыка, тағы да ән айтылды. Ән сазымен жұптасқан бүлдіршіндер билеп жатыр. Оларды сыртынан бақылап тұрған Әсел:
– Әдемі, буыныңды қозға, Нұрсила, аяғыңа қара, Нұрбибі, қолдарыңды соз, – дейді, Ал балаларға келгенде де: – Мансұр, жұбыңа қара, Ақжол, асықпа, Аңсар, қалып қойма, – деп қояды.
Би үйрену оңай емес екен, тіпті оған кеткен уақыттың қалай тез өткенін бәрі де білмей қалды. Осы кез аспаз апайдың:
– Балалар, тамаққа, тамаққа, – деген дауысы естілді.
Барлығы қатарға тұрып, тамаққа баруға жиналды.
Өтебай СЕРӘЛІ