Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгер жолы

Жауынгер жолы

Ұлы Отан соғысы! Ұлы Жеңіс! Осы қысқа-қысқа екі ауыз сөз айтуға оңай болғанмен, оның астарына үңілсек, неміс фашистері басып алған қаншама ел, қаншама халықтың азапты да ауыр тағдыры көзге елестейді. Ата-әкелеріміздің бірі өліп, бірі өлерменденіп, ата жауымен ақтық демі қалғанша аяусыз соғысқан, бес жылға созылған жауынгерлік жолы жатыр. Сол сұрапыл жолды партизан жауынгер Қали Райымбетов те жүріп өтті.
Біз әңгімелеп отырған Қали Райымбетов Ақтөбе облысының Ключевой ауданындағы Қарағаш ауылдық кеңесінде 1913 жылы өмірге келеді. Асқар тау әке, қамқор ана бар, Қали да қатарынан қалмай мына өмірге еркелеп, еркін өсіп келе жатты. Ауыл балаларындай тал-таяқты ат қып мініп, асыр салып ойнап, балалықтың балдәурен шағын шалқытып өткізді. Өткені мен ертеңін ойлайтын кез емес. Бүгіні бүтін болса болды. Кішкене Қали үшін ол жылдар, ол күндер ең бақытты, ең қуанышты, ешнәрсеге айырбасталмайтын және теңестірілмейтін таптырмас кезеңдер еді.
Бірақ, ардақты әкесі Қалиды өз қолынан қанаттандырып, биігіне қондыра, атқа мінген азамат бейнесін көре де алмады. Қамқор анасы да баласын бауырына басып, мейірін қандыра еміреніп, есейтіп ержеткізіп, келін түсіріп, қуана да алмады. Екеуі де Қалидың жас кезінде бірінің артынан бірі өмірден ерте кетті.
Қамқор ата-анасынан ерте айырылған Қали үш қарындасы, екі інісімен жетімдіктің ащы зардабын тартып, балалар үйінен бір-ақ шықты. Кеше ғана ерке өскен Қали осындай болам деп ойлап па еді. Енді міне, өзіндей жетім балалармен бірге жетіліп, бірге есейді. Балалық балдәурені балалар үйінде өтіп, алды-артында арқа сүйері жоқ Қали ерте ержетті. Өзінен кейінгі бес бірдей іні-қарындастарына қамқор болып, олардың арқа сүйер әкесі де, анасы да, ағасы да өзі бола білді. Еңбекке де ерте араласып, ширыға түсті. Енді ғана ел қатарына қосылып, оң-солын танып келе жатқан кезі еді...
1941 жылдың сәуір айында іні-қарындастарымен қимай қоштасып, біріне бірін аманаттап тапсырып, Кеңес Армиясы қатарына алынып кете барды. Алғашында 47-атқыштар полкінде атқыш, кейін 291-атқыштар полкінде атқыштар бөлімшесінің командирі болды. Осылай әскери дайындықтан өтіп жатқандарында «соғыс» деген суық хабар полк ішінде, бүкіл елімізде де бұрқ ете қалды. Әскери оқу, жаттығу кезінде біраз тәжірибе жинақтап алған Қали енді шын соғысқа кірісіп кетті. Бақайшағына дейін қаруланған неміс фашистерінің алғашқы екпіні қатты болды, жан шыдатар емес. Жан-жақтан жарылған снаряд, бұршақтай жауған оқ бет қаратпауда. Көп ұзамай полктің қоршауда қалғаны белгілі болды. Оларға қарсы тұрар оқ-дәрі де таусылды. Күштері де бітті. Енді берілмеске амал қалмады.
1941 жылдың желтоқсан айында полктен аман-сау қалған жауынгерлермен бірге Қали да жау қолында тұтқын болды. Қайда әкеліп, қайда қойғандарын да білмейді. Малша иіріп айдап, тұтқындардың үлкен лагеріне, барақ тамға әкеліп тықты. Осылайша қазақ жауынгері Қалидың жау қолындағы азапты күндері басталды. Әскери машиналардан жүк түсіреді, жүк тиейді. Не істеп, не қойып жатқандары белгісіз. Ертелі-кеш осылай. Таусылмайтын азапты жұмыс әбден титықтатып бітті.
Бір күні тұтқынға түскен Кеңес жауынгерлерін жабық вагонға тиеп, Германияға қарай жөнелтті. Тұтқындар тиелген поезд күн-түн демей іркіліссіз жүріп келеді. Қалидың бар ойы қалайда осы тұтқыннан құтылудың жолы. Вагонның есігі жартылай ашық. Есік алдындағы күзетші неміс солдаттарын аңдумен келеді. Кезекті түн мезгілі болды. Тұтқындардың бәрі ұйқыда. Енді күзетшінің ұйықтайтын сәтін күтті. Бар ойы вагонның ашық есігінен секіріп қашу. Мұны қасындағы өзбек досына айтып еді, ол қорқып бас тартты. Міне, пенде ғой, неміс қарауылы да қалғиын деді. Осыны пайдаланған Қали «Сонау Германияда өлгенше, неде болса Кеңес Одағының аймағында қалайын. Өлсем өлермін, мен кеттім» деп жүйткіп келе жатқан поездың ашық есігінен жан екпін секіріп, жерге дік ете түсті. Мұны сезіп қалған неміс қарауылы автоматтан оқ жаудырып жатты. Онымен бірге қасындағы вагон қарауылдары да оқты қарша боратты. Арғы жағын білмейді. Ертеңіне барып есін жинап, көзін ашқанда жарық дүниені көрді. Айналасы қыбырлаған адам. Тілдерін түсінбейді. Аңдап қараса, құдай оңдағанда немістер емес екен. Өзге елдің ауыл адамдары сияқты. Олар Қалиды көптеп-көмектеп сүйемелеп үйлеріне алып келді. Ең жақсысы құлаған жері құмдауыт болып, сынықтан, ауыр жарақаттан аман қалыпты. Алдымен жуынып, тазаланып алды. Үстіне жуылған таза киімдер берді. Қалиды құрметті қонақтай күтіп, алдына барын қойып, әбден сыйлады. Бір-бірінің тілдерін түсінбесе де ыммен ұғысып жатты. Мұның құлаған жері Польша жері екен де, мына үйдегілер поляк азаматтары болып шықты. Қали өзінің Кеңес жауынгері екенін, қазақ екенін, соғыста жау тұтқынына түсіп, енді Германияға алып бара жатқанда поезд вагонынан секіріп, қашқанын айтып түсіндірді. Екі-үш күн тынығып, әл жинап алған соң, бұл жерде де немістердің көп екенін біліп, кетуге ыңғайланды. Олар «Партизан, партизандар бар» дегенді түсіндірген соң, «Мені де сол жаққа жеткізіңдер» деп ыммен ұғындырды. Сөйтіп поляктар оның орман ішіндегі партизандардың үлкен отрядына қосылуына көмектесті.
Қали Райымбетовтің әскери билетіне көз салсақ, 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап Суворовь атындағы паризан отрядының кеңестік Белорусс бригадасының құрамында сержант дәрежесінде атқыштар бөлімшесінің командирі болып қайта соғысқа кірісіп, немістерге тылдан соққы бергенін білгенбіз. Бұлар көбіне жаумен бетпе-бет соғыспайды, барлық әрекеттерін жасырын түрде жүргізеді. Жаудың ірі қатынас жолдарында көпірлерге мина қойып қопарып, қару-жарақ тиеген ауыр составтарын тас-талқан етеді. Автомобиль жолдарына да мина қойып, жүк, жауынгерлер көліктерінің де күлін көкке ұшырып отырады. Жау бекіністеріне ұрлана келіп, үлкен шенділерін қолға түсіріп, «тіл» алып, олардан алған мәліметтерді үлкен жерге қабарлап отырады. Осы Белорусс бригадасының Суворовь атындағы партизандар құрамында табандай төрт жыл бойы жауға орасан зор шығын келтірген, үлкен тапсырмалардың орындалуына аянбай атсалысқан Қали Райымбетов 1944 жылдың желтоқсан айында Шығыс Пруссия жасағының құрамында болып, партизандық соғысын жалғастырады.
1945 жылдың наурыз айында аяғынан жеңіл жарақат алып, емделіп, құрамаға қайта қосылады. Бірақ, ұлы Жеңіске санаулы күндер қалғанда мамырдың басында оң аяғынан ауыр жарақат алып, госпитальге қайта түседі. Жеңісті госпитальде тойлап, емделіп шыққан соң, соғыстан алған ауыр жарақатына байланысты әскери құрамнан шығарылып, тағдыр айдап осы Арал қаласына келеді. Ол елге құр қол келген жоқ, партизан жауынгердің кеудесі соғыстағы ерлігін паш ететін орден, медальдарға толы болды. Қали Райымбетов бес жылға созылған жауынгерлік жолындағы жетістіктері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Үздік пулеметші» белгісімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталса, одан кейін де Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің 60 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20-25-30-40-50 жылдығы» мерекелік медальдарын омырауына тақты.
Қали Райымбетов еңбек жолын қалалық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық мекемесінде жұмысшы болып бастады. Ол кезде техника жоқтың қасы. Қала қоқыстарын жинау, тиеу, түсіру – бәрі қолмен атқарылады. Ерте кетеді, кеш келеді. Қали ірі денелі, үлкен күш иесі болатын. Оның күрегі де өзгелерден үлкен болып келетін. Қара жұмыстың қазанын қайнатып, қай іске де беріле кірісетін. Шын қызып кеткенде бір өзі бес адамның жұмысын атқаратын. Осындай ерекше еңбегі еш кеткен жоқ. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен Социалистік құрылыс саласындағы ерекше үлесі үшін Қали Райымбетов «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Қаланың қарапайым тазалығында жүрген жұмысшыға мұндай марапат беру жүздің, мыңның біріне ғана бұйыратын бақыт еді. Осылайша кешегі партизан жауынгер бейбіт еңбекте де омырауына Отанның үлкен орденін тақты. Коммуналдық шаруашылықта кезінде мекеме басшылары болған Н.Асанбаев, Т.Сейіткереевтермен отыз жылдай еңбек етті.
Қали елге келіп, еңбекке араласқан соң, Аралдың қызы Жоланова Жұпарға үйленіп, шаңырақ көтерді. Көп ұзамай перзентті болып, елін қорғар ер болсын деген ниетпен оған Ерсайын деп ат қойды. Атына сай Ерсайын да ержетіп, өз қатарластарының алды болып өсті. Жоғары білім алып, қызметтің биік сатыларына көтерілді. Жоғары білімді ұстаз Қанзада Ілиясовамен жұптасып, ата-ана шаңырағына келін түсірді.  Олардан Қалидың бес немересі өмірге келді. Набаты Алматыда жоғары білім алып, Қытай-Қазақстан бірлескен компаниясында қызмет істейді. Серік аудан әкімдігінде. Бүгіндері Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында магистр болып білімін жетілдіруде. Берік пен Мадияр да жоғары білім алған. Заман талабына сай жеке кәсіппен шұғылданады.
Ел тәуелсіздік алған 1991 жылы жарық дүниеден өткен Қали Райымбетовтей партизан жауынгердің жолы бүгінгі мына бейбіт өмірде немере-шөберелерімен заңды жалғасын табуда.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Арал ауданының Құрметті азаматы
08 мамыр 2022 ж. 575 0