Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жиырма бір фашисті жайратқан

Жиырма бір фашисті жайратқан

Екінші дүниежүзілік соғыс зеңбірек¬терінің жер бетін күңгірлеткен үнінің тынғанына 80 жылға қарап барады. Өткен уақыт тарихтың еншісі, тән мен жанның емшісі. Сол соғыста жан бауырларынан, балаларынан айырылып қаншама ана зар жылап, сұм соғысқа қарғыс айтып, кейінгі өмірлері қайғымен көмкеріліп өтті. Ала¬сапыран соғыста көп жауынгердің мүрдесі қайда қалғанын білмей хат-хабарсыз, бір дерексіз замандар да болған. Алайда Отан үшін жасалған ұлы ерлік көмескі тартудың орнына қасқая жауға қарсы тұрған батыр¬ларымыз жайлы айғақтар кейінгі жылдары қайта-қайта ашылуда. Хабарсыз кеткендер¬дің ізі табылып, қаза тапқан жауынгер¬лер¬дің жерленген жерлері де белгілі болып жатыр. Соның ішінде біздің халқымыздың дара қасиеті – өздерінің ата-бабаларының Ұлы Отан соғысындағы қайтпас ерліктерін асқақтата көтеріп, ардақтап, үнемі еске ал¬ып отырады. "Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран" деген сөз әр қазақтың көкірегінде жазулы тұр. Белгісіздеу болып қалған бат¬ырларды түрлі сайттардан тауып жатқан жайлар бар. Иә, фашизмге қарсы қан май¬данда мерт болған бірде-бір батырымыз¬дың есімі ұмытылмауы керек. Соғыста ары¬сын жоғалтқан Әтеновтер әулетінің де жал¬ғыз дерегі 1999 жылы шыққан "Боздақтар" кітабы еді. Онда әулеттің осы бір аяулы-сының сұрапыл ұрыста хабарсыз кеткендігі айтылған-тұғын.
Міне, ақтаңдақтар ашыла бастады. Әтеновтер әулетінің өлгені тіріліп, сөнгені жанды дейтіндей бір қуанышы бар. Әскери архивтерден табылған арыстарының дер¬ектері бүкіл туған-туысқанының төбесін көкке жеткізіп отыр.
Бұл туралы бізге хабар жеткізген ден¬сау¬лық саласының ардагері Тілектес Сұлтанов ағамыз батыр жерлесіміз туралы деректер¬мен бөліскен әңгімесін әріден бастады.
– Сонау балалық шақтағы бір оқиға есі¬ме түседі, – деп әңгімесін бастады Тілек аға: – Нағашы әжем Зыбайдың егде тартқан кезі еді. Сол кісі үйдегілердің біреуінің атын атап шақырғысы келгенде есіне түсіре алмай: "Әй, Құтышжан, Балқоңыржан, Моншақ¬жан, Мұратжан..." деп бірнеше балалары¬ның атын үзіп-үзіп айтып барып тоқтай¬тын. Бала болсам да өз нағашыларымның ат¬тарын жақсы білемін. Ал Құтыш деген есім¬ді есітпегендіктен, әжеме жақындап:
– Әже, Құтыш дедіңіз. Ол кім? Бұл үйде ондай адам жоқ қой,– деймін.
Зыбай әжем біртүрлі болып тұнжы¬раң¬қырап, қабағына кіреуке мұң ұялап қалды. Сосын маған бірдеңе айтқысы келгендей мейірлене қарады да:
– Ой, айналайын! Бәрін ескеріп отырға¬ның дұрыс! Құтышжаным тұла бойы тұң¬ғышым еді. Қарғыс атқыр қу соғыс қандай қарғамды қыршынынан қиды ғой. Қайтей¬ін?! Ақ сүтімді кештім. Қара жерге өкпем жоқ. Ақ арулап жер қойнына бере алмадым. Қай жерде сүйегі қалғанын да білмеймін. Соғыс болмағанда Құтыш нағашың таудай болып, бәріңнің алдыңда дәу көке болып жүрер еді-ау... – деп ауыр-ауыр тереңнен күрсінді.
Бұл әңгіме ес жиып, етек жауып ержет¬кен кезімізде де естен кетпеді. Құтыш нағаш¬ымды сұрастырып, біраз жерге сұрау сал¬дық. Мәскеудегі, Подольскідегі орталық әскери архивтерге хат жаздық та... Алматыда тұра¬тын қызым Айқоңыр сайттан ақыры дерек¬тің ізін тапты...
Әңгімесін үзген Тілектес ағаның қолындағы бір бума қағазға назар аудардық.
Ауданымыздың №5 Мергенсай ауылын¬дағы "Бірлестік" ауылдық кеңесінде тұратын қарт балықшы Қосмамбетов Әтен мен Зы¬бай¬дың шаңырағында 1923 жылы тұңғыш¬тары Құтыш дүниеге келген. Теңіз толқындары сабалаған "Үшшоқы" тауының бау¬рай¬ында өскен еті тірі, елгезек бала осын¬дағы бастауыш мектептен білім алып, сол замандағы алдыңғы қатарлы ұйым – комсо¬молға өткен. Бозбала шағынан әке жанына еріп, оның кәсібін жалғастырып, көк теңіздің тереңінен су маржанын сүзген. Балық кол-хозының балықшысы атанып, бейбіт күннің базарын енді базарлап жүрген шағында 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, ел басы¬на қасіретті күндер туды. Алақандай қағазды қолына ұстаған жас жігіт¬тер бірінен соң бірі ке¬меге мініп, Арал аудандық әскери комис¬сариатына жетіп, от пен оқ төккен соғыстың ортасына барып бір-ақ түсіп жатты. Елде¬гілер еңбегін екі еселеп, өздері асымдық қана балық алып қалып, ауға түскеннің бәрін тоқ¬татпастан май-дандағы солдаттарға азық етуге толас¬сыз жіберіп жатты.
"Бірлестік" колхозының бал¬ықшысы Құт¬ыш Әтеновке 1942 жылдың жаз айында ша¬қыру қағазы келді. Туған жер, туған ортамен қоштасу басталды. Колхоз төрағасы Әбжан Жантекеев бастаған ел ағалары "Аман барып, сау қайт" деп жақ¬сы тілектері мен батасын беріп, аттандырып салды.
Әрине, түкпірдегі ауылда қалғандар қызыл әскер жауынгері Құтыш Әтеновтің сол жылы-ақ ажал сепкен майдан даласын¬дағы сұрапыл соғыстарға араласып кеткенін білмеді. Қолына қару ұстаған теңіз ұлының ерліктерін арада ондаған жылдар салып "Память народа" сайты арқылы берілген ар¬хив деректерінен біліп отыр. 1943 жылдың 11-13 тамыз аралығында Брянск майданы¬ның 323-атқыштар дивизиясының 1088-пол¬кінің жаужүрек атқышы Құтыш Әтен¬ұлының асқан батырлығы бағаланып, "Ер¬лігі үшін" медалімен наградталыпты. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 14 тамыз¬да¬ғы №018/Н бұйрығымен 1-атқыштар ба¬таль¬оны 2-атқыштар ротасының жауынгері Құтыш Орлов облысының Семеновка дере¬внясы үшін болған соғыста жаудың қайтара соққан шабуылының бетін қайтар¬ып, 21 неміс солдатының көзін жой¬ғаны үшін лайықты марапатталыпты. Бұл туралы "Жауды жою¬ға" майдандық газетінде де жазылған.
Ердің ерен ерлігі осылайша сәтін салып ұрпақтарына жетіп отыр. Құтыш Әтенов жауды тықсыр¬ған Брянск майданының құрамында кескілескен шайқастарды басынан өткізіп жатты. Бұл майданды 1942-1943 жылдары генерал-полковниктер К.К.Рокоссовский, М.М.Поп¬ов сияқты осы соғыс тарихындағы аса дарынды қолбас¬шылар басқар¬ды. Кейін К.К.Рокоссовский бұл алапат соғыстың осы бір кезі туралы өзінің «Жауынгерлер парызы» мемуарында жан-жақты жазған-тын. Сол қанаттағы Воронеж майданының бөлімдерінің атақты «танкілер шайқасы» арқылы Курск қаласын алуына атсалысыпты. Бірнеше ай бойы үздіксіз күні-түні болған үлкен қыр¬ғындар қызыл әскер армиясының қуат-күш¬ін біршама сарықты.
Алайда 1943 жылдың жазында басты күштердің 3, 63 армиялары ірі шабу-ылға көшті. Елдің елдігі, ердің ерлігі қиын-қыстау шақта көрінеді ғой. 5-танк армиясының басшысы генерал Лизюков танкистердің рухын көтеру үшін өзі де танкіге отырып шайқасқа кіріп, ерлікпен қайтыс болған. Жаудың мықты қорғаныстары бірте-бірте сөгіліп, Қызыл Армия алдыға жеті шақырым жылжыды. Екі жақты танк¬тер шайқасы басталып, осы текетіресте нем¬іс фашистері кейін шегінуге мәжбүр болды.
18 тамыз күні Брянск майданы "Хаген" атты шепке жетіп, Брянск-Гомель бағытына дайындалды. Алдағы мақсат стратегиялық маңызы өте зор Десна өзеніне жетіп, Қызыл Армия бөлімдерінің ары қарай ілгерілеуіне жол ашу болатын.
Міне, екі жақтан да адам шығыны өте көп болған қанды соғыстардың бірі – орыс жеріндегі шағын ғана Газен¬ков деревнясы тұсында болған. Бұл Кара-чев ауданының жері еді. Осы жер дүниені снарядтар мен бомбалар жаңбырша жауып, сілкіндірген шайқаста ай¬дынды Аралдың ержүрек перзенті, қатар¬дағы жауынгер Құтыш Әтенов 18 тамыз күні гитлершілдермен ақтық демі біткенше шайқасып, ерлікпен қаза тапқан. Айтпақшы, тарихқа үңілсек, Мәскеуде Қызыл алаңда жүздеген зеңбірек Брянск майдан¬ы¬ның осы жеңісі үшін соғыс тарихында ал¬ғаш рет 5 тамызда жеңіс салюті берілген.
Жерлесіміздің майдан жолындағы не¬гізгі бөлігі әлі де құпиясын жасырып тұр. Алайда батыр жауынгердің бірге туған бауырларының жаңа буын ұрпақтары әлі де іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр десек те болады.
Жалындаған 20 жасында қанқұйлы неміс фашизміне қарсы төрт жылға созыл¬ған Ұлы Отан со¬ғысының көзсіз ерлікке толы ғаламат тарихының бір айқара бет¬іне өз есімін мәңгілікке алтын әріптермен жазып кеткен батыр жауынгер Құтыш Әтенов елден таңдап жар сүйіп үйленіп, үй болуға, еміреніп ұрпақ сүюге үлгермей кетсе де, туыс іні-қарын¬дастары Балқоңыр, Ізбас, Моншақ, Мұрат, Марияштан тараған ұрпақтар қыршын кет¬кен соғыс құрбанына тағзым етіп еске алып, оның кір жуып, кіндік кескен туған жері Мергенсай ауылында лайықты бір белгі қой¬ды.
Ерлік ешқашан ұмыт¬ылмасын, міне, тағы бір мәрте көріп, көз жеткізіп отырмыз. Қас бат¬ырлардың Отанын қорғау жолындағы ерлігі өскінші жас ұрпақтың бойына дарып, олардың отаншылдық сезімдерін әрқашан асқақтата берсін.

Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
04 маусым 2021 ж. 2 570 0