Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

Май-суын  қарап ал...
Бұзаубай  ағамыз бірде баласы  Маратпен  бірге  малшыларға  кино  қоюға  шығады. Ол кезде  «Портвейн-12»  деген  қызыл  шарап  сән  болып  тұрған. Шопырлар  малшыларға  базарлық  болсын деп  бір  жәшігін  жолға  алып  шығады. Бұзекең де ала шыққан. Былай  шыққасын  Бұзекең  содан  ішкісі  келеді. Сольтрестен  аса бере  Маратқа: «Май-суын  қарап  алшы» дейді. Марат  ойында    ештеңе жоқ, машинадан түсіп, капотты ашып  қарай  бастайды. Осы  кезде  артқы  арқа  сүйердің  артында  тұрған  шараптың  біреуін  суырып  алады  да,  бір-екі тартып  жіберіп, қайта  орнына  тыға  қояды. Осы жағдай  3-4  рет  қайталанады. Соңғы рет Марат  шыдай  алмай:
– Папа-ау, май-суын  қарағаным  жаңа ғой, – дейді.
– Қара  дегесін, қара  дедім ғой, – деп  ақырады Бұзекең.
  Сөйтсе  Бұзекең  едәуір  қызып  қалған екен. Марат  папасының  қайда  жүріп  ішіп  алғанына  басы жетпей  таңғалыпты.  
            
Шелегіңді  тоса  ғой...
         Бірде  Құдекең аудандық  атқару комитетінен  шығып  келе  жатса  алдынан Қаратерең ауылдық кеңестің хатшысы Зилаш апамыз қарсы жолығып:
– Құдеке, бір шелек  бензин  берші! – депті. Бензиннің  тапшы  кезі болса  керек. Сонда Құдекең  табанда:
– Әкел, шелегіңді тос, – депті.
Сөйтсе Зилашпен екеуі  құрдас  екен.

Көк  жанып  тұрған...
Аудандық  мәдениет  бөлімінде ұзақ жылдар  бойы  шофер –киномеханик   болып  жұмыс  жасаған Бұзаубай  ағамыз  көшеде  жүру  ережесі  белгілеріне  шорқақ  болатын. Бірде Қызылордада келе жатса,  көше қиылысында  бағдаршамның  қызыл  жанып  тұрғанына  назар  салмай  өтіп кетеді. Алдынан  МАИ  тоқтатып:
– Ағай, неге  көше  ережесін бұзасыз, жол апатын  жасай  жаздадыңыз ғой, жүргізушілік  куәлігіңізді  әкеліңіз! –  дейді. Сонда  Бұзекең  саспастан:
– Қой, айналайын, мен  өткенде  бағдаршам көк  болатын, – деп  бет  бақтырмапты.
МАИ  қызметкері  не  күлерін, не  ренжірін  білмей  Бұзекеңді  қоя  беріпті.

Мен бір бала  күшік...
"Арал  жастарының  вальсі"  әнінің   сөзін  жазған  ақын  Елеусіз  Кенебаевтың КазМУ-дің журналистика  факультетінде оқып  жүрген  кезі. КПСС тарихы деген дәу кітаптан белгілі тарихшы   Жанпейіс  Қарақұсов (қазіргі  Гүлжан  Қарақұсованың  әкесі)  деген ағамыз  сабақ  береді. Өзінің  сұсы да, түсі де  суық, емтихан  кезінде, алды  қатты  адам. Ол  кісіден «4» алу  деген  жоқ. «3»-тің  өзін зорға  аласың. Болмаса, шатырлап  құлау. Бірақ «ақаңа»  жақындау  кісі  еді. Елеусіз де ол кісінің қаһарына  тап  келіп, емтиханнан қайта-қайта  құлай  беріпті. Не  істерін   білмеген  Елеусіз  ол  кісінің   ақаңды  жек  көрмейді  дегенді  есітіп, бір  ыңғайын  тауып  ресторанға   шақырыпты. Екеуі  ресторанда ішіп  отыр  дейді. Бір  кезде  шамалы қызып  алған  Жанпейіс  ағамыз  Елеусізге   қарап:
         –  Әй, осы  сені  ақын дейді  ғой, кәнекей  ақындығыңды  көрейін, маған  арнап, осы  отырысымызға  арнап  бір  ауыз  өлең  шығаршы, – дейді. Сонда  Елеусіз  сәл  ойланып  алып:
         Дегенде  Қарақұсов, Қарақұсов,
         Отырмыз ресторанда  арақ  ішіп.
         Арақтан  сен   бір озған арлан едің,
         Ізінде мен бір ерген бала күшік, –  деп жазып беріпті.
Қарақұсов қатты риза болып, Елеусіздің зачеткасына сол бойда  ойланбастан «4» қонжитып берген екен.

Қате  тасымал
   Бірде  Құдекең  бір   тексті  машинкаға   асығыс  бастырып  алады  да, қарауға   мұршасы  болмай  сол  бойы  Махановаға  (Маханова  Набат  апамыз аупартком  хатшысы)  апарады. Шамалыдан  соң  қайтып  келіп, хатшы  қызға  қағаздың  бір  жерін  көрсетіп, «Айналайын-ау,  мынауың  не, абырой  болғанда  Маханова   байқамай   қалды» деп  ренжіп   тұр. Сөйтсе  тексте  «работникам»    деген  сөздің  соңғы   екі  әрпі  қағазға    сыймай   қалып, екінші  жолға   және  тасымалсыз  түскен.  Хатшы  қыз бір  қызарды, бір  бозарды. Ашуланайын  десе  кінә   өзінен. Кейін   Құдекең  хатшы  қызға  әр  қағазды   берген  сайын  «Әй, айналайын,  әйтеуір  боғауыз  басып қоймашы»  деп   бәрімізді   күлдіретін.

Анауыңды   көрсет
         Тұрсынбикенің  ар  жағындағы  Мойнақ  елді  мекені  Кеңес  үкіметі  кезінде   "Приарал"  совхозының  тауарлы-сүт  фермасы  болды. Сонда  атақты сауыншы, облыстық кеңестің  депутаты Таразы Өтепова  анамыз  ұзақ жыл  жұмыс  істеді. Қызғаныш па, кім  білсін, сол  Таразы  апамыздың  үстінен  біреу  обкомға "бір  бас  сиырдан  пәлен  литр сүт  алып  жүргені  өтірік"  деген   сияқты   арыз  жазады. Тексеруге  обкомнан   бір  жас  жігіт  келеді. Тексеруші  бірнеше  сиырды  алдырып, ферманың зоотехнигі  Қарағұлдың көзінше Таразы  апамызға  саудырады. Шынында да жоғарыға берген  ақпардағы  сүттің  шамасы  шықпайды. Тексеруші:
    – Бұл  қалай, өтірік ақпар беріп мемлекетті алдап жүрсіздер, мәселелеріңіз қаралатын болады, –  деп ызғар  шашады. Бұлар  қатты қысылады. Әбден  сасқан  Қарағұл: "Таразы   облыстық  кеңестің  депутаты  ғой, депутаттық  мандатыңды көрсет  дейін, мүмкін  бір  аман  қалсақ,  содан   аман   қалармыз  деп, бірақ  қапелімде   мандат деген  сөз  аузына  түспей, анауыңды көрсет, анауыңды  көрсет",–  дей беріпті. Таразы   шошып  кетіп:
– Сен  не  деп   отырсың, тапа  тал түсте  қалай  көрсетем?
Сол  кезде  ғана  Қарағұлдың  есіне   түсіп: «Ойбай, депутаттық  мандатыңды  көрсет» дейді. Таразы апамыз  енді  түсініп, депутаттық  мандатын   көрсетсе, тексеруші  мандатты көріп,  бұрылып  жүре   беріпті.

Бір  кемпір  бар  еді
  1987 жылдың көктемінде  аупартком Кәдірханды (Махмутов) мал  төлдету науқанына байланысты өкіл етіп "Қарақұм" совхозына   жұмсайды. Кәдірхан  Алдажұманмен   жолға   шығады. Отарларды  аралап,  қайтар  жолда  Ерімбетжағаға   соғады. Ауылға   келе  бергенде  бір  кемпір  бір үйдің   сыртында  дәрет сындырып  отырады. Бұлар  кітапханашының  үйіне  түседі. Кітапханашының  70-тен  асқан  атасы  бар  екен. Шалдың  кемпірі   ертеректе  қайтыс  болған. Алдажұман  шалды  бұрыннан  танитын  болғасын  әңгіме   болсын, әрі жаңағы  дәрет  алып   отырған  кемпір  есіне  түсіп, шалға:
– Ата, қалайсыз, түріңізге  қарағанда  әлі  қуатты  сияқтысыз, ермек  қылып  жүрген   біреу-міреу  бар ма?–  дейді. Сонда  шал:
– Иә, шырағым, мына  Мойнақта бір  кемпірім  бар  еді, соған   пенсиямды дәлел  қылып  атпен  айына  бір рет  барып  тұратын  едім, мына  балдары түскір  біліп  қалып, пенсиямды осында  аудартып  алды. Енді  бара  алмай  жүрмін, –  дейді. Мұны  қазан аста   естіп  тұрған  баласы  мен   келіні  ал кеп  күлсін. Сөйтсе  бұлар  бұрын  Мойнақта   тұрып, кейін  келіннің  жұмысы  үшін  Ерімбетжағаға  көшіп  келген  екен.
Жинақтаған   Жақсыбай  ТӨРЕБЕКОВ
17 мамыр 2022 ж. 386 0