Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғат – ортақ қазына

Табиғат – ортақ қазына

Бүгінгі күні қоршаған ортаның тазалығы әлем бойынша өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселені барша адамзат баласы бірлесе отырып, жауапкершілікпен атқарса, жер бетінде де тазалық мәселесінен қиындық туындамасы анық. Иә, барлығымыз таза көшелермен жүріп, таза ауа жұтқанды жақсы көреміз. Дегенмен, сол әдемі қалыпты кей тұрғындар көріксіз күйге әкеп соқтырады.
Ауданда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Сондай-ақ тазалық қызметкерлері де өз істеріне жауапкершілікпен қарап, күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізіп, назардан тыс қалдырған емес. Қазір әрбір көше мен орталық алаңда, сондай-ақ қоғамдық орындарда қоқыс тастауға арналған арнайы жәшік бар. Бір сөзбен айтар болсақ, тазалықты сақтауға барлық дерлік жағдай жасалған. Әр тұрғын өз қоқысын осы арнайы жәшікке салар болса, аталған орындар да таза болар еді. Сонымен бірге осы әрекетті күнделікті әдетке айналдырар болсақ, түрлі қоқыстардың алдын алатынымыз анық. Өскелең ұрпаққа да айтарлықтай үлгі болар еді.
Жалпы табиғатты адам баласының ортақ қазынасы дейді. Осы ортақ қазынаны таза ұстап, күтіммен қарау біздің басты міндетіміз болып саналады. Осы міндетті адал, әрі үздіксіз атқарар болсақ, бұл да бір тәрбиесі мен әдебі, мәдениеті мен ізгілігі қалыптасқан тұлға екендігіміздің айқын дәлелі болмақ.
         Қазақта: «Шірік шірітеді, бұзық бүлдіреді» деген тәмсіл бар. Шірік пен бұзық адамзат баласына жақсы теңеу емес, әрине. Сол үшін аталған жаман әрекеттерден аулақ болғанымыз жөн. Керісінше, өз ауламыз бен ауданымыздың тазалығына «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бірге атсалысайық. Халық үшін деп жасалған әрбір көркем дүниеге ұқыппен қарайық.

Г. МАХСҰТ
04 маусым 2022 ж. 844 0