Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықпен күрес толастамайды

Жемқорлықпен күрес толастамайды

Дамушы елдердің маңызды салаларына кері әсер етіп, тұтастай жүйені тас-талқан ететін сыбайлас жемқорлық дертіне қарсы дауа біздің елде де табылмай келеді. Қазірдің өзінде қомақты қаржы жымқырды деген дерекпен жауапқа тартылып жатқан азаматтардың атағының өзі бір атанға жүк болатындай-ақ. Әйтсе де әділдік алыпты да, атақтыны да таңдап жатқан жоқ. Кезінде қолымен істеген қылмысын мойнымен көтеруге мәжбүрлеп жатыр. Сол секілді сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандарға бұл күндері кешірім жоқ. Қылмысы дәлелденсе алды-артына қаратпай, темір торға тоғытып жатыр. Мұндайда ары таза азаматтар ойлануы тиіс деп ойлаймын. Себебі тегін олжа қақпанда ғана жатады. Ал сұрауы бар дүниені дер уағында қолды қылып, қылбұрау кісен тағынып қиналған сәтте жасаған әрекетіне өкінетіндердің өмірі әлі де көптеген азаматқа сабақ болмай жатқан тәрізді.
Иә, еліміз сыбайлас жемқорлық әрекетін қатаң айыптайды. Оған Мемлекет басшысының өзі айрықша бақылау жасап отыр. Қаржы жымқырғанның барар жері түрме. Жаңа Қазақстанды құрушы азаматтарымыз ендігіде осы мәселеге баса назар аударса дейміз. Біз дамушы ел болғандықтан мұндай кеселдерді түп тамырымен жоюға мүдделіміз. Сондықтан еліміздің ертеңі еңселі болуды қалайтын әрбір жан адалдық пен әділдікті ту етуі керек. Сонда ғана еліміздің дамуы жедел, келешегі кемел болмақ.
Г. Армағамбетова,
Арал аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
04 маусым 2022 ж. 471 0