Қолына қасиет қонған хирург
А.В.Вишневский: «Тағдыр бізге скалпельді әдемі және тез жұмыс істеу үшін емес, адамдарды бақытсыздықтан (бәледен) құтқару үшін берді» деген екен. Сол айтқандай, дәрігер қан майданда алғы шепте жүрген жауынгер іспетті. Олай дейтінім, жауынгер Отан қорғау үшін күрессе, ал дәрігер сол Отанды қорғайтын азаматтардың денсаулығын сақтау үшін күресіп, адамдарды бақытты етіп жүрген таза жүректі ақ халатты абзал жандар десе жарасады. Қоғамға, еліне, жеріне еселі еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Адамдар арасында сыйластығы, кішіпейілдігі, жанашырлығы, мейірімділігі, ақ жүрегінен шыққан қайырымдылығы мол үлкен жүректі, Гиппократ антына адал, жоғары санатты дәрігер, Арал ауданының құрметті азаматы Әмірхан Ізбайырұлы Жүсіпов туралы айтпақпын.
Әмірхан Ізбайырұлы1959 жылы 1 маусымда Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Ізбайыр Жүсіпұлы – Жалаңаш елді мекенінің тумасы. Ұлы Отан соғысына қатысып, жасаған ерліктері ескеріліп, бірнеше ордендермен және медальдармен марапатталған майдангер. Ұзақ жылдар обаға қарсы күрес мекемесінде абыройлы қызмет еткен. Отан қорғау жолында жасаған ерліктері ескеріліп, Ізбайыр Жүсіпұлына қала ортасынан көше аты берілді. Анасы Маутай Молымбетқызы еліне сыйлы, шаңырағын жұмаққа айналдырған, қазаны оттан түспеген, салиқалы өмір жолын кейінгі ұрпағына дарыта білген алтын құрсақты ана болған деседі.
Әмірхан орта мектепті бітірген соң ғұлама Гиппократтың «Барлық өнердің ішіндегі ең ізгісі – медицина» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алған ол, дәрігер болу арманы орындалып, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін үздік дипломмен бітіріп шығады. Ол білікті профессорлар Михаил Брякин, Ишанбай Қарақұлов, Аркадий Райз, Бейнеш Жарбосынов, Тұрар Көкеев сынды медицина саласы ғұламаларының үздік шәкірті бола білді.
А.Байтұрсынов: «Кішкене кілттің үлкен сарайға жол ашатыны сияқты, үлкен іске көбіне жай істен бастау алады, кіп-кішкене ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады» демекші, институт қабырғасында жүргенде-ақ дәрігер-хирург болу арманы шешімін тапқандай болды. 3-ші курстан бастап Алматы қаласындағы «жедел жәрдем» ауруханасына еш жалақысыз, тәжірибе жинақтау мақсатында, оқудан бос уақытында түнгі кезекшілікке 3-4 ай қатарынан барып, науқастарға күтім жасап, операцияға әзірлеп, жуындырып дайындаған кездері де болған. Онда Цибулин деген хирургтен білмейтін жерлерін сұрап, біліктілігін арттыра білген. Алғаш рет өз бетінше асқазанның ойық жарасының тесілуі деген диагнозын дәл тауып, тәжірибелі хирургтен мақтау алғаны да есінде. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей, бұл мақтау оның мамандығына деген құлшынысын қанаттандырып, ынталандырып, көп оқып, көп ізденудің арқасында тәжірибе ауқымын молайта берді.
Бірде мынадай қызық болыпты. Түнгі сағат 3-тердің шамасында аппендицитпен келген науқасқа Адамов деген хирург "өз бетіңше операция жасай бер" деп сенім білдірген. Сол уақытта профессор Д.П.Денякинаның өзі кіріп келеді. Сөйтсе, науқас оның жақын туысы екен. Содан Адамовтан операция жасаған адамның студент екенін біліп, оны сөзбен сойып салады. Профессор кеткен соң Адамов "операцияны жалғастыра бер" деп, тағы да сенім білдірген. Ал науқас болса еш асқынусыз құлан-таза айығып кетіпті.
«Жігітті талап жетелеп, арман өсіреді» дегендей, медициналық институтты ойдағыдай бітірген соң, Қызылордадағы бір жылдық интернатурадан өтуге қалалық ауруханада тәжірибе жинақтайды. Бұл жерде облыстың бас хирургі М.Е.Кәрібаев, медицина ғылымының кандидаты К.Б.Оразовтан көп нәрсе үйреніп, травматолог Е.Бейсейтовтің, уролог Ш.Әлназаровтың, Б.Бекішовтің өзіндік мектебінен тәлім алып, солар жасаған операцияларды өз бетінше өзі жасай алатындай дәрежеге жеткен. Аралға келгенде бұл жерде жасалмайтын сол операцияларды өзі жасап, жаңалық ретінде енгізді. Соның арқасында науқастар облыс орталығына сандалмайтын болды.
Аралда жұмыс барысында мынадай бір оқиға болған екен. Варикоз дертінде «сафенэктомия» деген хирургиялық тәсіл бар екен. Облыста жүргенде өз бетінше жасап көрген екен. Бірақ Аралда арнайы аспап жоқ. Не істеу керек? Ойлана отырып гитараның 7-ші ішегін залалсыздандырып, сол аспапқа ұқсас құралды өзінше құрастырып, аталған операцияны ойдағыдай аяқтаған екен. Сол кездегі Геннадий Ким, Асылбек Ізмағамбетов, Досхана Ранов, Асылхан Нұрхожаев, Ғабит Нұрғалиев, Эмилия Кохоновадан ұстаздық тәлім алып, тәжірибе жинақтап, мамандығының ауқымын кеңейтіп отырған. Ал акушерия-гинекология саласындағы жасаған жоспарлы лапароскопиялық оталарының сәтті болуына сол кездегі білікті маман, марқұм Набатхан Ташканованың көп ықпалы тиіп, дертке шалдыққан аналарды ауруларынан айықтырып, бұрын бедеуліктен запа шеккен аналар перзент сүю бақытына ие болған-ды. Ертеде бір данагөйден «дүниеде кім бақытты?» деп сұраса, ол «Дүниеде көп адамды бақытты еткен адам бақытты» деп жауап беріпті. Сол секілді, адам денсаулығының арашашысы, қаншама адамға өмір сыйлап, бақытты еткен Әмірхан Ізбайырұлын бақытты азамат деп айтуға толық негіз бар. Хирург қызметтегі қиын, күрделі сырқаттардың бірі алғаш рет өт шығару жолына жасалған реконструктивтік операция болатын. Бір науқас асқазанының ойық жарасының тесілуі диагнозымен ауруханаға жатқызылады. Шұғыл жағдай, операция столына алынып ішін ашып көргенде асқазаны сау. Басқа жерде өзгеріс жоқ. Жараны жауып, әрі қарай бақылауға алынады. Ертеңіне сырқаттың денесі түгел сарғайып кеткен. «Механикалық сарғаю» деп шешкен Әмірхан облыстағы бас хирург С.Қ.Құласаровпен телефон арқылы хабарласып, ақыл-кеңес сұрайды. Бұл операция Аралда бұрын-соңды жасалмаған. Ал облысқа жолдауға алыс жолды сырқат көтере алмайды. Сонымен әріптесі «Өзіңе сенсең жасай бер» деп келісім беріпті. Қасында ол кездегі жас хирург Амантай Нұрпейісов және балалар хирургі Айзада Хайрова болып бәрі бірлесіп, қажетті операцияны сәтті аяқтап шыққан. Онда өт шығару жолында көлемі 1,5 сантиметрдей болатын тас болған. Сол өттің жолын бөгепті, сырқат дертінен толық айығып, ауруханадан аман-есен шыққан.
Осындай оқиға менің балам Болатбектің де басында кездесті. Түстен кейін сағат бестер шамасында Болатбегім «ішімді бүріп бара жатыр» деп бүгілді де қалды. Бұндайда жедел жәрдем шақырамыз ғой. Ол да тез жетті. Аурухана дәрігерлері көріп жатыр. Мен Әмірхан ініме телефон шалып, болған жағдайды айтып едім, «қазір жетемін» деген дауысын есіттім. Ол күні демалыс болатын. Көп ұзамай-ақ келді. Баламды көріп, қайтып келіп "көп кешіктіруге болмайды, ішкі құрылыста кінәрат бар" деді. Несін жасырайын, қатты уайымның үстіндемін, әрбір минут жылға татығандай. Бұрын 24 жастағы ақ желкенім Гүлшатым ауыр науқастан өмірден өткені бар. Ойымда жамандық та орын ала бастады. Болатбектің құдай берген 7 баласы бар, үлкені 13 жаста. Әлі жас. Сол кезде Алла тағалаға, ата-баба әруақтарына, ақ халатты абзал жандарға сыйынғаннан басқа шарам да жоқ. Айналып кетейін ағайын-туыстарым, өзімді сыйлайтын Қуандық інім бастаған інілерім де жиналып, ақ тілектерін білдіріп те жатты. Шамасы 40 минуттай уақыт болғанда Әмірхан інімнің күлкі үйірілген келбетін көріп, көңілім босап та кетті. "Аға, асқазандағы бір тамыр жарылған екен, соны тауып тіктік, еш қауіп жоқ" дегенде, қуаныштан екі көзге ие бола алмадым. Екі-үш сағаттай уақытта Болатбек телефон шалып: "папа, наркоздан ояндым, палатаға алып бара жатыр, уайымдама" деген сөзін естігендегі қуанышымыздың шегі болған жоқ.
Құранда «Бір адамды құтқару – бар әлемді құтқарумен бірдей» деген ұлағатты сөз бар екен. Сол сияқты Әмірхан ініміздің қаншама адамның өмірге қайта оралуына себепші болып жүргенін білгесін айтамыз. Аз ғана уақыттың ішінде туыс-бауырларым Қуандық Бисеналыұлы, Жолжан Тәуекелұлы, Қамқа Сәрсенқызы, Марал Шүйіншалы келініне жасаған операцияларының сәтті шыққанының арқасында отбасына қауышып, қуанышқа бөленгендерін көрген соң айтып отырмын.
Әмірхан Ізбайырұлы халқымыздың маңдайына берген Алланың сыйы десе жарасар. Екі күннің бірінде операция столында жатқан науқасты аман алып қалу жолында өзінің мол тәжірибесін, күш-жігерін салып, қаншама адамға өмір сыйлап, алғысын алып жүрген арда туған азамат екені баршаға аян. Оның адамгершілігі, кісілік келбеті, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасайтын ана сүтінен дарыған жайсаң мінезі, үлкен жүректі азамат екені жұртшылыққа белгілі.
Әмірхан хирургия бойынша республикалық, халықаралық конгрестерге, Санкт-Петербургте өткен халықаралық хирург гепатологтардың 14-ші конгресінің делегаты болып, «Аудандық аурухана жағдайында бауыр жарақатын емдеу» тақырыбында жасаған баяндамасы Ресейдің атақты хирург оқымыстылары Э.И.Гальперин, Б.И.Альперович, В.А.Вишневский тарапынан жоғары баға алған. Ол – медицина саласындағы екі өнертапқыш патентінің, облыстық патриоттар форумының «Жүрек жылуы» номинациясының және "Арал ауданының құрметті азаматы" атағының иегері.
Өзім жақын арада хирургия бөлімшесінен ем алып шықтым. Көзбен көріп, ойға түйгенім, осы бөлімшенің қызметкерлерінің ауызбіршілігі, өздерінің кәсіби мамандықтарының білгірі, құдды бір отбасының адамдары іспетті. Бөлек дыбыс деген болмайды, әркім өзіне тапсырылған жұмыстарымен айналысып, науқастардың хал-жағдайларын сұрап тұрады. Әрине тазалық бірінші кезекте. Тағамдары дәмді, төсектерді уақытында жаңартып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, күніге қаншама адам сырқаттанып келіп, екі аяқтарына тік тұрып, үлкендер батасын беріп, жастары жақсы тілектерін айтып жатқандары да бар. Жара таңу кезіндегі Жұмагүл Жолшарақызының ерекше еңбегін айта кеткенді жөн көрдім. Әрине барлық қызметкерлерге де ризашылығым шексіз.
Жұбайы Ботакөз Рахатқызы Жүсіпова Қарағанды медицина институтын бітірген дәрігер-бактериолог маманы еді. «Қойны суық қара жер қақпанды қайда құрмайды, түсі суық сұм ажал сұр мергендей ойнайды» дегендей, Ботакөз дүниеден ерте өтті. «Отбасының басты қызығы, алтын тіреуі, діңгегі – бала» демекші, ұлдары Алтынбек, Күмісбек – мұнай саласының жоғары білімді білікті мамандары. Қызы Ақгүл – жоғары білімді қаржыгер. Кейінгі құдай қосқан қосағы – Зәмзагүл Әбдірашқызы Бекарыстанова. Облыста алғаш ультрадыбыстық зерттеуді әріптес ағасы Алдақияр Махамбетжановпен бірге Аралда тәжірибеге енгізген. Зәмзагүл Әбдірашқызы аудандағы УЗИ аппаратының білгірі ретінде талай көргенімізде барлық ағзаларымыздағы өзгерістерді анықтап беретін білікті маман екеніне көзіміз жетті.
«Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтыраған сәнді сарай емес, жан- жарының, жақын жоралары мен сүйкімді балаларының күлкісі, ырысы мен ынтымағы» дегендей, Зәмзагүл отбасының ырысы мен ынтымағын жарастырған әулетке сыйлы абзал ана десе жарасады. Қызы Шолпанай М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық академиясының студенті, болашақ дәрігер. Ал немерелері Айбар, Данагүл, Раушан да дәрігер болуды армандайды. Бір сөзбен Әмірхан ініміздің отбасын «дәрігерлер ұстаханасы» десе жарасады.
Кезінде бір ғұлама «Ар-намыстылық, қарапайымдылық, сыпайылық, киім киюдегі ынсаптық, құрмет көрсетуде өмір үшін қажет пен пайдалы атаулының барлығын білуі, барымташылық пен қорқынышты теріске шығару – дәрігердің басты құралы» деген екен. Осындай қасиетті, ұлағатты сөздерді бойына сіңіре білген, басқаның қызығы мен бақытын өз басындағыдай сезініп қуанатын азамат, көпшіл, жайсаң мінезді, ұжымның сыйлы басшысы, ақылманы Әмірхан Ізбайырұлының 1 маусымда Пайғамбар жасына келуімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасына амандық, өзіне ұзақ өмір тілейміз. "Халқыңа жасап жатқан ерен еңбегіңнің қызығына кенеле бер" деген ағалық тілегімді білдіргім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы