Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлыққа тосқауыл керек

Жемқорлыққа тосқауыл керек

Сыбайлас жемқорлық – жегі құрт. Дамушы елдердің маңызды салалаларына кері әсер етіп, тұтастай жүйені тас-талқан ететін бұл дертке дауа біздің елде де табылмай келеді. Қазірдің өзінде қомақты қаржы жымқырды деген дерекпен жауапқа тартылып жатқан азаматтар жеткілікті. Оның ішінде түрлі саланың өкілдерінен бастап, білдей басшылар да бар. Әйтсе де әділдік алыпты да, атақтыны да таңдап жатқан жоқ. Заңның қатаңдатылғаны соншалық сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандарға бұл күндері кешірім жоқ. Мемлекет мүлкіне қол сұққаныңыз бұлтартпас дәлелдермен айқындалса немесе қызметіңізді асыра пайдаланғаныңыз әшкере болса бұл бағыттағы әрекетіңізді жазамен өтеуге тура келеді. Мұндай былыққа ары таза азаматтар бармайды деп ойлаймын. Себебі тегін олжа қақпанда ғана жатады. Ал сұрауы бар дүниені қолды қылып, қолында барда қонышынан басқысы келетіндер осы сәттен айылын жиып, ақылға салған абзал. Расында біз мұндай жағдайлардан сабақ алуымыз керек.
Иә еліміз сыбайлас жемқорлық әрекетін қатаң айыптайды. Жаңа Қазақстанды құрушы азаматтарымыз ендігіде осы мәселеге баса назар аударса дейміз. Біз дамушы ел болғандықтан мұндай кеселдерді түп тамырымен жоюға атсалысуымыз керек. Сонда ғана еліміздің ертеңі еңселі, келешегі кемел болмақ.
А.ӘЛІМБАЕВА,
Сазды ауылдық округі әкімі аппаратының статист маманы
28 маусым 2022 ж. 462 0