Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң үстемдігі баршаға ортақ

Заң үстемдігі баршаға ортақ

Жақында аудан әкімі С.Сермағамбетовтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, жауапты сала басшылары, табиғат пайдаланушылар мен жергілікті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерінің мүшелері қатысқан комиссия отырысында «Аудан көлемінде заңсыз балық аулауды болдырмау және алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы» мәселесі қаралды.
Жиында алдымен аудан әкімі С.Сермағамбетов ауданымызда заңсыз баулық алу бойынша анықталған құқық бұзушылықтар деректеріне тоқталып, аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша тиісті мекемелердің атқарылған жұмыстарын талқыланатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімшесінің басшысы Есенбай Молдахметұлы баяндама жасады.
Хабарламада Арал ауданы бойынша балық аулауға бөлінген квотаның орындалу барысы мен балық шаруашылығымен айналысатын маңызы бар су айдындарында жүргізілген инспекциялық бақылау жұмыстарына тоқталды.
Одан соң қосымша баяндама бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Айтбайұлы хабарлама жасады. Баяндамашы Кіші Арал теңізіндегі ауланған балықтардың көлеңкелі жолмен сатылымына тыйым салу және жаңадан қабылданған заңдылықтарды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар легін атап өтті.
Хабарламашыларды мұқият тыңдаған аудан әкімі инспекциялық бақылау жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер өткен жылмен салыстырғанда неліктен өсім алып тұрғандығы және заңсыз балық аулап, жеке үйлерден балық қабылдайтын заңсыз алып-сатарларды анықтап, тиісті заңға сәйкес шара қолдану, тыйым салынған уақытта балықтардың аулануы және заңсыз тасымалдануының алдын алу мақсатында белгіленген жерлерде бірлескен бекеттер қоюды қамтамасыз ету жөнінде жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын сұрап, алдағы уақытта жұмысты жүйелетуді, заңсыз балық аулауға және тасымалдауға қатысты профилактикалық жұмыстарды жандандырып, бақылау шараларын күшейтіп, берілген тапсырмаларды сапалы орындауды тапсырды.
Мұнан соң, жиынға келген табиғат пайдаланушылар мен жергілікті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерінің мүшелері де көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімшесіне балық өсімін молайту, жағалау жиегін санитарлық қорғауды бақылау, заң талаптарына сәйкес келмейтін ау құралдарды тәркілеу және заңсыз балық аулау жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі, Арал ауданының полиция бөлімі және тиісті ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп балықтардың аулануы және заңсыз тасымалдануын алдын алу мақсатында белгіленген жерлерде бірлескен бекеттер қою жұмыстарын қайта жандандыруды, арнайы жұмысшы топ құрып, табиғат пайдаланушылардың су айдындарын пайдалану міндетемелерін заң талаптарына сәйкес сақталуына кемінде жылына екі рет мониторинг жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді.
Сонымен бірге тиісті ауылдық округ әкімдеріне балықшыларды жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне біріктіріп, бір жерге топтастырып, балық аулауды ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізуді қатаң түрде ескертті.
Аталған жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстап, үйлестіруді жауапты сала басшыларына жүктеді.

Т. КИІКБАЕВ
08 шілде 2022 ж. 468 0