Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полицейдің бір күні

Полицейдің бір күні

Қат-қабат тірлік кейде көп адамдардың айналаға мойын бұруына мұрша бермей жатады. Әсіресе халықпен жұмыс істейтін жандардың бос уақыты жоқ. Ал халықтың тыныштығын сақтап, заң үстемдігін орнатуда аянбайтын полиция қызметкерлері ше?! Жауапкершілік жүгі сол погон таққандардың иығына түсіп тұрғаны анық. Күніге түсетін сан мыңдаған қоңырау, қоғамдық орындардағы тыныштықты бақылау, азаматтардың құқығы мен бостандығы үшін жұмыс істеп, тәртіптке бағынбайтындарды тезге салу сынды көптеген қауырт жұмыстың басында жүретін бұл жандардың бүгінгі қоғамдағы бейнесі біз айтқандай «бэтмен» болмаса да, бір басына жетерлік бейнеті бар. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ полициясының құрылымдық деңгейі қалыптасып, белгілі бір деңгейге жетті. Нақтырақ, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етіп, заң шеңберінде жұмыс істейтін жаңа құрам қалыптасып, әділдік жолында аянбай еңбек етуде. Осы бір үлкен ұжымда еңбек ететін полицейлердің әрбірінде өзіне жүктелген міндет, атқаруға тиіс ауқымды іс бар.
Таңғы бестерден басталатын тынымсыз қозғалыс пен кез келген жағдайда соғылатын дабылдың күші бұл жандар үшін патшалық әміріндей болары даусыз. Себебі олар сол қызметке кірісерде ант қабылдап, жауапкершілік арқалады. Қазір аудан полициясы құрамында 100-ден аса қызметкер бар. Бұл ұжымның басты міндеті – қоғамдық тыныштықты сақтап, аудан аумағында Ата Заңның үстемдік құруы. Қоғам болған соң түрлі жағдайлар болып тұратыны түсінікті, мұндай жағдайда оқиға орнынан алғашқылардың бірі болып табылатын да осы полиция қызметкерлері. Күн-түн демей еңбек ететін осы жандардың бір күндік жұмысына куә болып, погонды журналистке айналуды көптен жоспарлап жүргенбіз. Жақында соның сәті түсті.
Бұл жолы біздің таңдауымыз Арал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторларының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әбілқасым Жақсылықұлы Ідірісовтің бір күндік кезекшілігіне түсті. Қамал алар жаста тұрған жігіт ағасының бұл жұмыста келе жатқанына 13 жылдан асыпты. Өз ісіне деген жауапкершіліктің қандай боларын ол жақсы біледі. Қысқасы, бұл саладағы жұмыстың барлығы оған бес саусағындай таныс.
Таңғы алты жарымдарда қалта телефон безілдеп қоя берді. Арғы жақтан естілген қоңыр дауыс маған аудандық полиция бөлімі ғимаратына баруым керектігін айтты. Бұл біз келіскен бір күндік жұмыстың басы болатын. Уәделескендей Әбілқасыммен әлгі ғимарат маңында жолықтық. Таңғы жетіде мұндағы тіршілік құж-құж қайнап жатыр. Тіпті күн бозара бастаған сәттен қызметіне кірісіп кеткен полицейлер де бар екен. Бірі қару алып жатса, енді бірі тапсырып жатыр. Сағат сегіздер шамасында саптық жиын басталды. Мұнда міндетті бөліністерін айқындаған полиция қызметкерлері өздеріне тиесілі аймақтарға бөлініп, жұмыстарына кірісіп кетті.
Әбілқасым бастаған топ №3 тірек пунктіне тарттық. Жанымызда сол күнгі кезекшілікке түскен учаскелік полиция инспекторы Ержан Құлекенов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Бақдәулет Құлияс бар. Сол күнгі төрттіктің жұмысы тірек пункті бойынша түскен арыз- шағымдармен жұмыс істеуден басталды. Атқарылуы тиіс жұмыстарды бағдарлап жатқан сәтте рация арқылы 102 орталығынан учаскелік аймақ бойынша тапсырма түсті.
Аумақтағы әлдебір тұрғын тарапынан отбасылық жанжалға байланысты қоңырау түсіпті. Оқиға орнына жеттік. Ештеңе болмағандай. Бірақ сүреңсіз көрініс пен жұпыны тартқан жанұяның әлдебір кесірден берекесі кеткенін байқау қиын емес еді. Олай деуге негіз болған сол шаңырақтың ащы суға әуес еркегінің әуресі екен. Бұған дейін де адал некеге дақ түсірген бұл жанұяның әлдебір кикілжің салдарынан ер адамы 5 күнге темір торға тоғытылған екен. Жағдай қайта қайталанып отыр. Енді осы жағдай бойынша қайта әкімшілік іс қаралып, отбасының шырқын бұзғыш әлгі ер адам 10 тәулікке қамалмақ. Сол үйдің отанасы бұл жолы сондай қадамға бекініп отыр. Әрине мұның барлығы ащы суға әуестіктен туындаған талайлы тағдыр. Бұл мәселемен полиция майоры Әбілқасым бұрыннан таныс екен. Әрине есепте тұрған мұндай жандармен жұмыс істеу учаскелік полиция инспекторлары үшін үйреншікті жағдайға айналып кеткен тәрізді. Барған мекенжайдың маңайында жүрген әлгі ер адамды іздеп тауып, мәселенің қалай болғандығы туралы түсінік алынды. Ашылған іс бойынша бұлтартпау шарасы негізінде есепке алынды әлгі ер адам. Жағдай мұнымен біте қоймасы анық. Ендігі жұмыс Ержан мен Бақдәулеттің жіті бақылауында болмақ.
Бұл іспен айналысып жүрген Әбілқасым Ідірісовке қала әкімінің орынбасары қоңырау шалып, қаладағы П.Құттымұратова көшесі бойына әлдебір тұрғынның қоқыс тастағандығы туралы хабарлады. Сол күнгі жұмыстың ауаны қалай болары бізге әу бастан мәлім болған. Тапсырма орындалуы керек. Дереу әлгі аймаққа жол тарттық. Расында көше бойына қоқыс тасталған. Енді оны кім тастағанын анықтау керек. Мұндай істе әлдебір айғақтарға сүйенетін инспектор қолына қолғап киіп түйілген қалташаларды ақтара бастады. Мұндай іске ойланбай бара білетін учаскелік полиция инспекторының қолына әлдебір қағаздар ілінді. Керексіз құжат көшірмелерінің ішінен мекенжай жазылған бір жапырақ қағаз шыға келмесі бар ма. Біз тұрған көшенің нақ мекенжайы жазылыпты. Қоқыс шыққан үйді таптық делік, енді оны нақты кім тастағанын анықтау маңызды. Қолымыздағы айғақ жеткіліксіз болса да, қызмет соны талап еткендіктен әлгі мекенжай көрсеткен үйге келдік. Жағдай біз ойлағандай болмай шықты. Кім басына артық проблема тілеп алғысы келер дейсіз?! Үй иесі қолына ұстатқан әлгі айғаққа қарамастан заңсыздықты мойындаудан жалтарып әлек. Қысқасы, қоқысты ол тастамағанын айтып ақталды. Десе де қай істе болмасын кәсіби шеберлігі көмекке келетін полицейлер әбден психологқа айналған ба дерсіз. Нақты дәлелдер мен құқықтың түсініктеме берілген соң әлгі тұрғын шын мәнінде қоқысты баласының тастағанын мойындауға тура келді. Осылайша Әкімшілік кодекстің 434-2-бабының 1 бөлігімен көшеге қоқыс тастаған әлгі тұрғынға 5 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынды.
Түс ауа жұмыс сәл саябырлағандай болды. Бірақ іс-қағаздармен айналысу учаскелік полиция инспекторларының күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналып кеткен. Тірек пункттегі мүлгіген тыныштық бізді де қағазға үңілуге мәжбүрледі. Бұл пунктке жиырманың үстінде көше қарайды екен. Бұрын істілігі бойынша 3 тұлға есепте тұр. Олармен жолығып, әлдебір оқыс оқиғаларда қайда болғандығы туралы түсінік алу да өз уақытымен жүргізілген. Алайда жұрт жаппай айтатын анағұрлым қанды оқиғалар бұл аумақта тіркелмеген. Бәлкім, бұл да қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, қай істе болмасын қырағылық танытатын учаскелік полиция инспекторларының арқасы болар.
Түнгі кезекшілікте қаланың өмірі мүлдем бөлек. Арал ұйқыға кеткенмен, көше кезген көліктер мен топ болып серуендеген жастар қатары көп. Мұндай сергелдең таң атқанша дамыл таппады. Әйтеуір біз түскен сол күнгі кезекшіліктің түні тыныш өтті. Мұның барлығы қала бойынша жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің арқасы деп пайымдадық. Расында полиция қызметкерлері жүрген жерде қылмыс пен ұсақ бұзақылыққа баратын жастар аяғын тартады. Ол айтпаса да түсінікті. Бірақ сол тәртіп пен тыныштық үшін табанынан тік тұрып қызмет қылатын полииция қызметкерлерінің жұмысы бағалауға әбден лайық екен. Біз осыны ұғындық. Анығында, полиция болу айтар ауызға жеңіл көрінгенмен іс жүзінде мүлдем қиын екен. Біз оған бір күндік жұмыста анық көз жеткіздік...
А. БИСЕНОВ
30 шілде 2022 ж. 398 0