Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі

Сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі

Арал аудандық сотында бір жұмыс күнінің ішінде қарыз ақша өндіру туралы екі талап қою тараптардың сотқа дейінгі хаттаманы толтыруы арқылы татуласуымен реттелді.
Татуластырушы-судья тараптармен әңгімелесу барысында, заңнамадағы дауды сотқа дейін реттеудің жаңа тетігі «сотқа дейінгі хаттама» жасау арқылы татуласудың тиімділігі мен салдарын түсіндіріп, татуластыру шараларын жүргізген.
Нәтижесінде, тараптар дәлелдемелері мен дауды бейбіт жолмен реттеудің нұсқалары ұсынылған сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы татуласып, дауды реттеу туралы келісімдер жасасқан. Келісімдерге сәйкес, талап қоюшылар жауапкерлердің материалдық жағдайын ескере отырып, берешек қарыздарын бөліп төлеулеріне мүмкіндік берген.
Сот ұйғарымдарымен дауды реттеу туралы келісімдер бекітіліп, іс жүргізулер тоқтатылды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне «сотқа дейінгі хаттама» бойынша толықтырулар енгізіліп, жаңашылдықтар жыл басынан қолданысқа енген.
Сотқа дейінгі хаттаманы тараптардың өздері де, медиаторлар мен адвокатқа жүгіну арқылы да жасауға болады, онда тараптар бір-біріне дәлелдемелерді ашып, дауды бейбіт жолмен реттеудің нұсқаларын ұсына алады.
Жыл басынан бері аудандық сотта сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы татуласумен 52 талап қою аяқталған.


Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
18 тамыз 2022 ж. 345 0