Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: Малика Мұхитоваға қатысты сот үкімі шықты

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: Малика Мұхитоваға қатысты сот үкімі шықты

Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апаты бойынша іске нүкте қойылды. Сот айыпталушыны кінəлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан. 
Жол апаты қалай болды?
Жол апаты осы жылдың 22 маусымында Астанадағы Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болды. Белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі мотоцикл жүргізіп келе жатқан. 27 жастағы Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі Hyundai жеңіл көлігімен соқтығысады. Көлік рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова отырған. 29 жастағы қыз солға бұрылу кезінде мотоциклшіге жол бермей, салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.
Малика Мұхитоваға  ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылды. 

Марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады

Жол апатына қатысты сот процесі алғаш басталғанда 29 жастағы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді. Сот отырыстарына зардап шеккен тараптан Ескендірдің анасы Лейла Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан қатысып жүрген еді. Жас жігіттің атасы, белгілі ақын Олжас Сүлейменов немересі қаза болғаннан кейін денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп қалған. Сондықтан ем қабылдауына байланысты сот процесіне қатыса алмайтынын айтып, хат жазып жіберген еді. Оны сотта зардап шеккен тараптың адвокаты Дамир Сандинов оқып берді.
24 қазанда өткен сот отырысында марқұмның ата-анасы сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап етті. Оған жанып кеткен мотоциклдің құны, жерлеу рәсіміне жұмсалған шығын мен сот процесімен байланысты шығындар кірген. Журналистерге берген сұқбатында марқұмның анасы Лейла Сүлейменова материалдық шығынды көрсетуді судья Қанат Тобағалиұлы талап еткенін мәлімдеді. Алайда судья оның сөзін жоққа шығарып, оларды ешкім мәжбүрлемегенін, бұл жәбірленуші тараптың құқығы екенін түсіндірді. 
Кейін марқұмның отбасы материалдық шығынды өтеу туралы талап-арызды қайтарып алды. 

Прокурор қанша жыл сұрады?

9 қарашада өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев сотталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұрады.  
"Жаза мерзімін белгілеу кезінде Қылмыстық кодекстің 53 пен 54-баптарында қарастырылған қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды қарастыру керек деп санаймын. Қылмысты алғаш рет жасап тұрғаны және өз кінәсін мойындауы жазаны жеңілдететін жайт болды. Айыптаушы тарап жазаны ауырлататын жайтты байқаған жоқ", —деп мәлімдеді прокурор. 
Марқұмның ата-анасы да мемлекеттік айыптаушының сұрауымен келісіп, сотталушының қамауға алынуын талап етті.

Малика Мұхитова сотта соңғы сөзін сөйледі

12 қарашада өткен сот отырысында айыпталушы Малика Мұхитова сотта соңғы сөзін сөйледі. Ол Ескендір Сүлейменовтің ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтініп жылап жіберді. 
"Бұлай болғанын қалаған жоқпын. Егер сіздерде бір тамшыдай түсіністік болса, тағы бір мәрте өтінемін, мені кешіріңіздерші", — деп жылады ол. 
Айыпталушы осыдан екі ай бұрын Ескендір оның түсіне кіргенін айтты. 
"Ақ киіммен жағажай маңында жүгіріп жүр екен. Маған қарап күлімсіреді, бір кішкентай қызбен ойнап жүрді. Сол сәтте мен онда бәрі жақсы шығар деп ойладым", — деді Малика. 
Ал кеше таңертең марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, сотталушының шын өкінгеніне сенбейтінін айтқан болатын.

13 қараша 2018 ж. 1 098 0