Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекжарас – жеңімпаз

Бекжарас – жеңімпаз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Осы елдің Президенті ретінде жастарды төніп келе жатқан сын-тегеуріндерге дайындау – шын мәнінде басым міндет саналады. Мен бұл жайында бірнеше рет айтқанмын, Қазақстанның болашағы шын мәнінде жастардың, ең алдымен білімді жастардың қолында. Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтеріне сәйкес, адами капиталдың әлемдік индексінде Қазақстан жыл санап көтеріліп келеді. Сонымен қатар білім беруде 157 елдің ішінде алғашқы ондықта тұрмыз. Әрине, бұл – жоғары, сенім ұялататын көрсеткіш. Дегенмен, біз осымен тоқтап қалмаймыз" деген болатын.
Иә, бәсекелестіктің кілтін білімнен іздеген ел қашан да биіктен көрінетіні даусыз. Сондықтан да жыл сайын елімізде білім берудің жаңаша әрі тиімді, табысты жолдары қарастырылып, түрлі реформалар жасалып, жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын арттырудың жан-жақты амалдары қарастырылып келеді. Оның нәтижесін көру үшін де түрлі деңгейдегі байқаулар, олимпиадалар мен жарыстар ұйымдастырылып жатады. Балалар арасындағы осындай жарыстардың бірі жақында ғана өз мәресіне жетті.
Анығырақ айтар болсақ, "Zhasdaryn" республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. 25 маусым мен 8 тамыз аралығында өткен бұл жарысқа еліміздің барлық аймағынан 176 қатысушы өтінім берсе, арнайы құрылған конкурстық комиссия мүшелері әр бағыт бойынша үздіктерді анықтады. Психолог, журналист, балалар арнасының өкілі, контент-менеджер, суретші, иллюстратор, мобилографтардан құралған комиссия мүшелерінің шешімі нәтижесінде ауданымыз да жүлдесіз қалмады. Әлеуметтік желілерде міндетті түрде жасын көрсете отырып, «Менің болашақ мамандығым» атты креативті бейнеролик жариялау қажет етілген республикалық байқауда Сексеуіл кентінің №177 орта мектебінің 4 сынып оқушысы Бекжарас Жандосұлы жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен марапатталды.
"Zhasdaryn" республикалық шығармашылық байқауының ұйымдастырушысы "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ мен қолдау танытқан "Казцинк" ЖШС-ның арнайы марапатына ие болған Бекжарас Жандосұлы:
– Тұлпар дара шапқанмен бәйге болмайды. Осы байқау нағыз жарыстың қандай болатынын, біліміміз бен өз шамамыздың қаншалықты деңгейде екенін көрсетуге мүмкіндік берді. Әр жеңімпаздың артында, әр жетістіктің артында бір қолдаушы тұрады ғой. Осы ретте мен ұстазым Фариза Жұмағалиева мен ата-анама, тілекші болған барлық сыныптастарыма алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта мұғалімдеріміздің берген білімі мен қолдауының арқасында талай биіктерді бағындырамыз, – деп қуанышын жасыра алмады.
Ұстаздың еңбегі шәкірті арқылы көрінетіні белгілі ғой. Ауданның абыройын асыратын білікті мамандар мен білімді жастарымыз көп болғай.
Балнұр Шалманова,
№177 орта мектебінің қосымша білім беру педагогы
17 қыркүйек 2022 ж. 332 0