Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал азығынан тапшылық болмайды

Мал азығынан тапшылық болмайды

Тіршілігі малмен тығыз байланысты жұртшылық үшін жылдың қай мезгілі болмасын қауырт жұмысқа толы болады. Көктем шыға төлдетуден бастап, төлді аяқтандыру, одан қалды жаздың аптабымен қабаттаса келетін түрлі мал ауруларына қарсы ем жасаудың қиындығын малды баққан біледі. Ал күз түсіп, қыс жақындағаннан шаруаның алаңы алдағы қыстың қамы болатыны даусыз. Тірлігі теңізбен және малмен тікелей байланысты аудан жұртшылығының да ойлайтыны осы.
Әсіресе былтырғы қыс бәрімізге сабақ болғандай. Жаздайлыққа қуаңшылықтың салдарына қысқа күйсіз түскен төрт түліктің жағдайы қиын болды. Бірақ аудандық атқарушы биліктің қиын сәтте қамсыз қалмай, дер кезінде әрекет жасағанының арқасында қыстан шығынсыз шықтық. Ал биылғы жағдай өткен жылмен салыстыруға мүлде келмейді. Мал шаруашылығына қауіп төнген уақытта қолға алынған шаралардың нәтижесінде биылғы жағдай өте жақсы болды. Табиғаттың тартуынан бөлек жайылым алқаптарын суландыруға бағытталған су ұңғымаларын қазу, басқа да осы қиындықтың түйінін шешу бағытындағы жұмыстардың арқасында көк бітік шықты. Төрт түліктің несібесі деп қуанған халықтың қуанышында шек болмады. Бірақ қамсыз қалуға болмайды. Себебі қыс та жақын қалды.
Қысқа күйлі түскен малдың көктемге жетіп, көкке аузы тигенше де түрлі қиындықтар болады. Сондықтан жыл сайын қысқы мал азықтарын дайындауға арналған жоспар жасалып, сол уақытта жұмыс істелетіні белгілі.
"Қыстың қамын жаз ойла" деген қазақпыз ғой. Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұраған болатынбыз. Осы бөлімнің сектор меңгерушісі М.Садуақасов:
– Биылғы жағдай өте жақсы. Бірақ біз жылдағы жұмыс бойынша 2002-2023 жылдарға арналған мал азығын әзірлеу жоспарын дайындадық. Сол жоспарға сәйкес 180 мың тонна шөп әзірленуі тиіс болатын. Қазіргі уақытқа дейін бұл көрсетілген меже 95 процентке орындалып, 171 мың тонна шөп әзірленді. Айта кету керек, жоңышқа пресі 1000 теңгеден, қыр шөбінің пресі 600-650 теңгеден бағаланып отыр. Мал азығының тапшылығын болдырмау мақсатындағы шөп жеткізу жұмыстары облыстың басқа аудандары мен Ырғыздан, Ақтөбе облысынан жеткізіліп жатыр. Ал жеммен қамтамасыз ету 30 мың тоннаға жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар да жан-жақты жүргізіліп, жақын арада мөлшерленген көрсеткіш 100%-ға орындалатын болады. Жалпы алдағы қыста мал азығынан тапшылық болмайды, – дейді.

"Толқын" ақпарат
20 қыркүйек 2022 ж. 305 0