Қызылорда: Ең қымбат жүрек импланттары МӘМС аясында қолжетімді
Жедел жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары. Жүрек-тамыр жүйесі аурулары бар адамдарды кардиостимуляторлар, кардиовертер-дефибрилляторлар құтқарады. Жыл басынан бері Қызылорда қаласындағы көпсалалы облыстық аурухананың кардиологтары өңірдің 75 тұрғынына жүрек импланттарын орнатты. Қымбат тұратын оталардың бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді.
Қазалы ауданының құрметті тұрғыны Есенгелді Мәлі жарты ғасырға жуық күріш өсірумен айналысқан. Алты жылдан бері 73 жастағы еңбек ардагерінің жүрегінің жұмысына CRT-D кардиовертер-дефибрилляторы қолдау көрсетіп келеді. Бұл тек баяу немесе жылдам импульсті ғана емес, сонымен бірге прогрессивті жүрек жеткіліксіздігін реттейтін арнайы дефибриллятор.
«Мен қант диабеті бойынша есепте тұрмын. Соңғы жылдары жүрек жұмысы бұзыла бастады, ентігу пайда болды. 2016 жылы жүрегіме ота жасалып, кардиовертер-дефибриллятор орнатқан. 6 жылдан кейін құрылғы батареялары отырғандықтан сигнал бере бастады. Ота кезінде олар ауыстырылды. Қазір денсаулық жағдайы жақсарды. «Кардиологтардың арқасында менің жүрегім іске қосылды», - дейді ардагер.
Кардиодефибрилляторлар пациенттің жұмысқа қабілеттілігін айтарлықтай арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, деп атап өтті облыстық аурухананың №2 кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Нұрболат Лепесов.
«CRT-D (жүректі қайта синхрондау терапиясы) кардиовертер-дефибрилляторы – бұл кеуде аймағына имплантацияланған кішкентай электронды блок. Ол жүрек соғу жиілігін бақылайды және электр разрядымен кенеттен ырғақтың бұзылуын жояды. Бұл апарат қауіпті жүрек аритмиясы жағдайында өмірді сақтай алады. 5-6 жылдан кейін дефибриллятордың батареяларын өзгерту керек. Жалпы, электрокардиостимуляторлар толық өмір сүруге көмектеседі. Бірқатар қызылордалық футболшыларға ЭКС орнатылған. Ең кішкентай науқасымыз 3 жаста, қарттарымыздың арасында ен үлкен жасы – 94» , - деді кардиолог, аритмолог Нұрболат Лепесов.
Кардиодефибрилляторды орнату бойынша бір отаға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан шамамен 8,5 миллион теңге бөлінеді. Жоғары технологиялық оталар сақтандырылған азаматтарға, оның ішінде 15 жеңілдік санатындағыларға тегін қолжетімді.