Сіздің балаңыз не қарап жатыр?
Биылғы оқу жылы басталғаннан бері үйдегі кішкентайлардың сабақтарына қарау менің мойнымда. Былтырғы жылы оқуды үздік бітіргендері үшін әкем екеуіне қос планшет сыйлаған. Шыны керек, жаз басталғаннан кейін үйдің жөндеу жұмысы, одан қала бере той тойлаумен-ақ бос уақыт болмайды. Қосымша сабақ, үйірмелер дегенді атымен ұмытамыз. Осылайша күздің қалай келгенін байқамаймыз да.
Күз. Жаңа оқу жылы. Таң атқаннан сіңілілерімді киіндіріп, ақ бантиктерін тағып, мектепке апардым. Алғашқы қоңырау жиыны біткен соң апайларымен танысып, түс қайта сабаққа келетін болдық. Енді күнделікті үйдің шаруасы мен жұмысқа балалардың сабағы қосылды. Өтірік демеймін, кейде "сабақтарыңды бүгін өздерің оқыңдар" деп, өзім басқа шаруаларымды жасайтынмын. Осылай екі апта өтті. Дүйсенбі күні күнделіктерін тексерсем, үлгерімдері нашарлап кетіпті. Өзімді ұстай алмадым. Екеуін де дереу шақырып алып, не үшін екенін сұрай бастадым. Жауаптары таңғалдырды. "Бәрі ғаламтордың кесірінен" дейді.
Сонымен, сіңілілерім әдеттегідей мектептен келеді. Кешкі астарын ішіп болған соң сабақ оқуға зауқылары соқпайды. Ал олар үшін ең оңай шешім – ғаламтордан жауаптарын көшіру. Ешқандай тақырыпты түсінбей, қайталамай, тек көшіріп алу. Қалған бос уақытта ұйқыға кеткенше қалаған мультфильм, блогерлерін қарайды.
Сол кішкентай көк жәшіктің өзіне соншалықты несімен тартатыны қызық болды. Шыдамым таусылып қарап отырған ұялы телефондарын алдым да, ашып қарай бастадым. Ашқан кездегі таңғалысымды айтып жеткізе алмаймын. Боянған қыздар, етегін ашып билеген бишілер, мағынасыз өлеңдер және түрлері адам шошырлық ойыншықтар. Дереу планшеттерін алып, бәрін өшірдім. Аптасына бір рет өзім қосып берген қазақ ертегілері желісіндегі мультфильм көрсететін болдым. Осылай үлгерімдері де, тәртіптері де жақсара бастады.
Ал сіз балаңыздың оқу үлгерімін тексересіз бе? Қазір ол не істеп жатыр? Жақсы достар мен тәртіпті ортада өсіп жатыр ма? Бұл сұрақтар барлық ата-ананы қызықтыратын сұрақ болуы тиіс. "Заман өзгерді" деп, заманымызға жапқанымызбен, балалардың болашағын ойлауды әсте ұмытпауымыз керек.
Гүлмарал Мықтыбайқызы