Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқа дайындық қай деңгейде?

Қысқа дайындық қай деңгейде?

Қыстың қамын жаз ойла. Расында күз келгеннен қам жасау қазақтың ертеден келе жатқан қасиеті десек те болады. Расында қараша түскеннен күннің суықтығы анық сезілетін біздің ауданда қылыш сүйретіп келген қыстың аязы әбігерге салатыны анық. Осындай кезде аудан тұрғындарының қалыпты тіршілігін сақтап, қауіпсіздігін, қысқа әзірлігін қамтамасыз ету жағы атқарушы билік тарапынан қай деңгейде атқарылып жатыр, тұрғындардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілмек?

Жылдағы дәстүрге сай биыл да 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жоспарланды. Сол жоспарға сәйкес қазіргі уақытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аудан көлемінде әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысан саны 190 болса, оның білім бөліміне қарастысы 73, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне – 43, денсаулық сақтау саласына – 42, аудандық спорт саласына – 5 және қала, кент, ауылдық округі әкімі аппаратына 27 мекеме қарайды.
Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтауға аудан әкімнің 2021 жылғы 13 мамырдағы №27-ө/нқ өкімімен арнайы штаб құрылған. Барлық әлеуметтік нысандарда алдағы жылу беру маусымына қажетті жөндеу жұмыстарының көлемі анықталып, тиісті жөндеуден өткізілді. Бүгінгі күні жылу беру маусымына қажетті отынды жеткізетін мердігерлермен қосымша келісімшарттар жасалып, әлеуметтік нысандарға қажетті отын жеткізілуде. Алдын ала есептемелерге сәйкес, 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында қатты отынға тұрғындардың қажеттілігі 8 900 тонна болса, әлеуметтік нысандарға 6 100 тонна қатты отын (барлығы 15 000 тонна) және 3000 тонна сұйық отын қажет деп жоспарлануда. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандардың отын қоймаларында өткен жылу беру маусымынан қалған және биыл тасымалданған 450 тонна қатты отын, 248 тонна сұйық отын бар. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін отын қоймаларына келісімшартқа сәйкес 2839 тонна қатты отын, 608 тонна сұйық отын жеткізілетін болады.
Облыс әкімінің әлеуметтік нысандарды 1 қазанға дейін 100 процент отынмен қамту және әзірлік паспорттарын белгіленген уақытында толық алу бойынша берген тапсырмасына сәйкес барлық сала басшыларына ескертілді. Бүгінгі күні аудан бойынша әзірлік паспортын алу қажет 87 нысанның 19-ы әзірлік паспорттарын алған (2 музей, 1 мектеп, 1 спорт мектебі, 15 денсаулық сақтау нысандары).
Аудан халқын және әлеуметтік нысандарды мерзімінде көмірмен қамту мақсатында қатты отын сатумен айналысатын ірі 2 кәсіпкермен ("Тоғыс-Арал отын"ЖШС – 25 000 тонна, "Нұрайжан" ЖШС – 10 000 тонна) меморандумдар жасалып, қажетті отынды ертерек әкелу жөнінде ұсыныстар берілді.
Осымен қатар кент, ауылдық округ әкімдеріне биыл жанармайдың қымбаттауына байланысты елді мекендерге көмір тасымалдау бағасының артуы мүмкіндігі ескертіліп, тұрғындардың бірлесе көмір әкелуіне ықпал жасау жөнінде хат жолданды.
Қазіргі таңда аудандағы отын базаларында 1000 тонна қатты отын қоры бар (Арал қаласында – 450 тонна, Сексеуіл кентінде – 550 тонна). Осы жылы тас көмірдің тоннасы 11 000- 14 500 теңгеден, ағаш көмірдің тоннасы 18 500-19 000 теңге аралығында еркін босатылуда. Жаз айларынан бастап ауданға 44 вагон (3036 тонна) қатты отын жеткізілді. Алдағы 4-5 күндікте тағы 24 вагон (1656 тонна) көмір келеді деп күтілуде. Кәсіпкерлердің хабарлауынша, көмір отынының басым бөлігі ауданға қыркүйек айынан бастап келеді деп жоспарланған.
Ал газдандандыру жұмыстары жайында төмендегіше ақпарат бар. Нақтырақ тоқталар болсақ, Арал қаласындағы жалпы тұрғын үйлер саны 7200 болса, көгілдір отын қолданып отырған тұрғын үй саны – 6 923. Бұл 96,1 процентті құрайды. Сондай-ақ 251 кәсіпкерлік және 28 әлеуметтік-мәдени нысан көгілдір отын көзіне қосылған.
Бұдан бөлек Жақсықылыш кентіндегі жалпы саны 855 тұрғын үйдің 750-і газбен қамтылған. Бұл көрсеткіш 87,7%-ды құрайды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Арал қаласындағы №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (2 нысан) бокс және күрес залдарын табиғи отынға қосу мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қыс мезгілінде тағы бір қиындық тудыратын мәселенің бірі электр жүйесімен қалтқысыз қамтамасыз ету екені жасырын емес. Сондықтан дайындық барысында бұл сауалды да назардан тыс қалдырмайды. Аудан көлемінде орналасқан елді мекендерді күз-қыс мезгілдерінде сапалы электр қуатымен қамту мақсатында аудандық электр торабы мекемесі жыл басында іс-шаралар жоспарын бекіткен. Осы жоспарға сәйкес электр нысандарына жөндеу, тазалау, электр желілеріне кедергі келтіретін талдарды кесу жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында толық орындалады деп күтілуде. Сондай-ақ электр торабы мекемесі аудан орталығындағы және елді мекендердегі тозығы жеткен электр нысандарына жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Алдағы қыста аудан халқы ауызсудан да қиындық көрмейді. Себебі ауызсу желілерінің қыс айларына қалыпты жұмыс істеу мақсатында бүгінгі күні "Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесі арқылы су ұңғымаларының есік-терезелеріне қымтау, барлық ұңғыма құбырларын термокабельдермен қамту және бөлімше нысандары электр қуатын алатын КТП мен дизельді электр стансаларына тексеруден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Осымен қатар су құбырларын көму және бақылау құдықтарын қымтау жұмыстары қыркүйек-қазан айларынан бастап жүргізілетін болады.
Қысқы қарбалас уақытында тұрғындардың басты назарда ұстайтын жағдайлардың бірі өрт қауіпсіздігінің алдын алу екені айтпаса да белгілі. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері де бұл жауапкершілікті халыққа жете түсіндіруден жалыққан емес. Нақтырақ айтар болсақ, осы бөлімнің тарапынан «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты да жылу беру маусымының қарсаңында өткізілетін күшейтілген профилактикалық іс-шаралар кешені болып табылады. Өрт салдарынан азаматтардың қаза болуы, жарақат алуы, көмірқышқыл газынан улану сынды төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіп-қатерін азайту үшін қандай сақтық шаралары қолданылу керек, тұрғындар нені білу керектігі жайлы түсіндірме жұмыстары таратылып, үй иесінің рұқсатымен ғана жылыту пештерінің жағдайы зерделеніп, нұсқамалар беріліп, арнайы дайындалған үнпарақтар таратылуда. Мұны білу әрбіріміздің міндетіміз. Себебі статистикаға сәйкес жылу беру маусымында тұрғын үйдегі өрттердің 60%-ға жуығы жылыту пешінің ақауынан немесе оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзылуы салдарынан орын алады екен. 15 тамыздан басталған өрт қауіпсіздігі айлығы тек бір аймен шектелмейді. Бұл шара тек қалада емес, өрт сөндіру бөлімінің теңгеріміндегі адам эвакуациялауға арналған арнайы техникалар көмегімен жеке құрамды тасымалдап, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Шижаға елді мекенінің тұрғын секторына жұмылдырылу жоспарлануда.
Иә, жыл басынан бері ауданымызда 36 өрт оқиғасы және 27 өртке жатпайтын жану оқиғасы орын алып, 153 266 295 теңге материалдық шығынды құраған. Бірақ адамдардың өрттерден жарақат алу немесе қаза болу факторлары тіркелген жоқ. Дегенмен "сақтансаң – сақтаймын" дегендей, барынша абай болған өзімізге абзал.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

24 қыркүйек 2022 ж. 411 0