Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында биыл 1 800-ге жуық бала 1 сыныпқа барады

Арал ауданында биыл 1 800-ге жуық бала 1 сыныпқа барады

Бүгін Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі өткізілді. Басқосуда аудан әкімі ең алдымен орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне және аудан әкімінің кеңесшісі қызметіне жаңадан тағайындалған қызметкерлерді таныстырып өтті.
Одан әрі күн тәртібіне көшкен аудан басшысы ең алдымен әкімдік мәжілісінде қаралатын өзекті үш мәселеге тоқталды.
Алғашқы мәселе, 2021 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Рашев хабарлама жасап, негізгі көрсеткіштерді баяндап өтті. Баяндама негізінде аудан басшысы көңіл көншітпей тұрған бірқатар көрсеткіштерге тоқталып, тиісті сала басшыларымен талдай келе, межелі көрсеткіштерді орындау бағытында жұмысты жандандыру қажет екендігін ескертті.
Екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова сөз алып, аудан мектептерінің 2021-2022 оқу жылына дайындық жұмыстарының жай-күйін кеңінен баяндап өтті. Белгілі болғандай қазіргі таңда білім бөліміне қарасты 50 мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы және 54 мектепке дейінгі білім беру ұйымында жаңа оқу жылына байланысты дайындық жұмыстары қарқынды. Мектеп және балабақшаларда оқытудың онлайн немесе оффлайн форматына көшіруге бағытталған шаралар үйлестіріліп, барлық білім беру ұйымдары «ASHYQ» бағдарламасы негізінде жұмыс жасауға кіріскен. Алдын ала есептеме бойынша жаңа оқу жылында 18000 оқушы білім алады деп жоспарланса, тамыз айына дейін 1 сыныпқа 1742 оқушы қабылданып үлгерген.
Осылайша білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар сараланған жиын барысы үшінші мәселе, 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысына ойысты. Аталған мәселе жайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген сөз алып, аудан көлемінде орналасқан 189 әлеуметтік нысанның жылу беру маусымына дайындығы бойынша толыққанды талдап өтті. Сонымен қатар электр қуатымен қамту, ауыз су желілерінің қыс айларында қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кету керек, аудан бойынша 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына қатты отынға қажеттілік 15 000 тоннаны құрап отыр. Осы орайда аудан басшысы жылу беру кезеңінде кедергілерді болдырмау мақсатында бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір пысықтап, алдын ала жоспарлап, қажетті шараларды жүзеге асыру керектігін айтты. Өзекті мәселелер қаралған жиын қорытындысымен тиісті қаулылар қабылданды.
Алқалы жиын одан әрі аппарт мәжілісіне ұласып, күн тәртібінде аудан бюджетінің 6 айдағы игерілу барысы талқыланды. Мәселе бойынша аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Е.Талекенов баяндап өтті.
Атап өтілгендей, аудан бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері ағымдағы жылдың 1 шілдесіне бөлінген қаржының 99,7 пайызын игерген. Осы ретте аудан әкімі жылдың үшінші тоқсаны басталғанын, бюджет қаржыларының тиімді әрі уақытылы игерілуі аса маңызды екенін баса айтып, игерілмеген қаржылардың қалай, неден қалыптасқанын таразылап, атқарылған жұмыстардың кемшін тұстарын тізбектеді. Бюджет қаржыларының тиімді игерілмеуіне салаға жауапты орынбасарынан бастап, аудандық қаржы бөлімі мен бюджет әкімшілері тікелей жауапты екендігін еске салып, жоспарлы жұмыстарды тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

kyzylorda-news.kz
10 тамыз 2021 ж. 395 0