Саналы ғұмырын салаға арнаған
Ел дамуында елеулі рөл атқаратын, заман ағымы өзгерсе де өзінің маңызын жоймаған салалар бар. Солардың бірі – пошта қызметі. Қазан айының тоғызыншы жұлдызы дүниежүзілік пошта күні ретінде тойланады. Осыған орай саналы өмірін осы салаға арнап, 38 жыл Сексеуіл байланыс бөлімшесінде табанды еңбек еткен Несібелі Қаливаны мақалаға арқау етпекпіз.
Несібелі Жантуғанқызы 1962 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келген. Оның 60 жыл ғұмыры осы туған өлкемен біте қайнасып кеткен. 1980 жылы Сексеуіл байланыс бөлімшесінде хат тасымалдаушы болып еңбек жолын бастайды. 18 жасында еңбекке ерте араласқан қыз білім алуды да шет қалдырмай Ақтөбе байланыс техникумына оқуға түсіп, мамандық алып шығады.
– Қарап отырсам, барлық өмірім осы жерде өтіпті. Алғаш еңбек жолын бастағанымда 18 жастағы балауса қыз едім. Қазір алпысты алқымдап қалдық. Бұл менің сүйікті мамандығым, құлшыныспен істейтін жұмысым. Негізі адам өзіне жақын іспен айналысса, ол тірліктен ешқашан шаршамайды. Қайта шабыт алады. Мен де осы салада сатылап көтерілдім. Хат тасушыдан бастаған ісім оператор, бөлімше басшысының орынбасарына дейін жоғарылады. Бір жылдар уақытша бөлімше басшысы да болдым, - деген Несібелі Жантуғанқызы еңбек жолы туралы айтып берді.
Халықпен біте қайнасқан қызметте қиындықтар да болған. Тіпті сонау 1998 жылдары мемлекетіміз енді еңсе көтеріп жатқан тоқырау жылдарында қысқартуға да ұшыраған. Бірақ көп өтпей-ақ штат бірлігі қайта ашылып өз жұмысына оралған.
– Қазір заман өзгеріп техниканың дәуіріне аяқ бастық. Десе де адам күшінің маңызы зор. Кейбіреулер пошта қызметінің қажеті қанша деп ойлауы мүмкін. Біз халықпен етене жақын жұмыс жасаймыз. Пошта саласының қызметі де заман талабына сай оңтайланған. Әсіресе мемлекеттік төлемдер (зейнетақы, жәрдемақы) берілетін кезде тіпті дамыл болмай кетеді. 38 жыл осында еңбек еткен соң жұмыс барысы санама жатталып қалған. Зейнет демалысына шығатын уақыт тым жақын қалды. Кейде ойласам, көзіме еріксіз жас аламын. Жүрегімде қимастық бар. Бір табиғаттың заңдылығына бағынамыз. Мәңгілік ештеңе жоқ, - дейді ол.
Еңбегі елеулі жанды ауылдастары да ардақтайды. Жыл сайын мерекелерде құрмет көрсетіп, абыройын өсіреді. Мұның бәрі кәсібіне немқұрайлы қарамай, халыққа жылы шырайда қараған жанға деген елдің бағасы. 2018 жылы облыстық іскер әйелдер форумына аудан әйелдерінің атынан қатысқан. Аудан, кент әкімі кәсіби, өзге де мемлекеттік атаулы мерекелерде құрмет төрінен көрінеді. «Маған одан асқан құрметтің керегі не?!»– дейді Несібелі Жантуғанқызы.
Осылайша еңбек жолын бастаған балауса қыз, қызметтің түрлі қиындығына шыдамдылық танытып, енді міне, бейнеттің зейнетін көрер күнге де жақын қалды. Адал еңбекпен табысқа жеткен қарапайым жан мақтауға лайық.
Н. МАРАТҚЫЗЫ