Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз деген – жарық күні ғаламның

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның

Жақында Орталық алаңда Арал қаласының 95 жылдық мерейтойы аясында мұғалімдер күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. Ұстаздар қауымының мерейі өсіп, көңілдеріне шаттық орнаған шараға тұрғындар көптеп жиналды.
Ұрпақ тәрбиелеуде өзінің уақытын аямай, шәкірттерінің бақытын аялай білген жандарға арналған салтанатты шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтады.
– Ұстаз - жоқ жерге бардың шырағын алып барған, шәкірт зердесіне асыл қасиетті дарытқан, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны болған киелі мамандық иесі. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолайлы жағдайлардың нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Жыл сайын білім саласын қаржыландыру көлемінің артуымен ауданымыздағы оқу ордаларын жаңартудамыз. Мәселен, үстіміздегі жылы ауданымызда 4 жеке балабақша және жаңа оқу жылы қарсаңында №71 мектеп-интернаты оқушылар игілігіне пайдалануға берілді, - деп білім саласындағы жаңалықтарды атап өтті.
Өңірдегі 3 ауысымдық мектептерді болдырмау мақсатында 2025 жылға дейін ауданда 8 жаңа мектеп салуды жоспарлануда. Бүгінде ауданымызда 3000-нан аса педагог мамандар түрлі білім беру ұйымдарында қызмет етуде. Биылғы жылы түлектердің 77 пайызының жоғары оқу орындарының грант иегері атануы балаларымызды білім нәрімен сусындатып отырған аудан ұстаздарының кәсіби шеберлік сапасын көрсетеді.
Салтанатты шара барысында қажырлы еңбегімен танылған бірқатар мәртебелі мамандық иелері марапат төрінен көрінді. Атап айтар болсақ, білім саласының ардагері Үргенішбай Қуатов «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды. Сонымен бірге сала ардагерлері Сапарғали Мастетбайұлы мен Лепес Қожабайұлына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министірлігінің «Еңбек ардагері» медалі табысталса, №81 орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Таушерқызы аталған министрліктің «Мейірім-әлемге махаббатпен» медалін кеудеге тақты. Сондай-ақ бірқатар білім беру саласының озық қызметкерлері облыс, аудан әкімінің алғыс хаты мен Құрмет грамотасына ие болды. Мұнымен қоса «Алтын белгі» иегерлерінің бастауыш сынып жетекшілеріне «Біркөлік» шипажайына жолдама берілді.
Ұстаздар күні тарихы теңізбен ұштасқан Арал қаласының 95 жылдық мерейлі мерекесін атап өтудің алғашқы шарасы болды. Аудан мұғалімдерінің мерекелік кешінде аудан өнерпаздарымен қатар, эстрада жұлдыздары Бақыт Шадаева, Дастан Сағынжан және Төреғали Төреәлі арнайы келіп құттықтап, аралдықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Кеш соңы әсем от шашумен аяқталды.
"Толқын" ақпарат
10 қазан 2022 ж. 276 0