Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың таңдауы маңызды

Баланың таңдауы маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деген болатын. Бұл қазіргі қоғамның талабына сай балаларға тәрбие мен білім беріп, жетістіктің жолына бастауға жасалған үлкен қадам.
Иә, елімізде білім беру ісі жүйелі түрде жолға қойылған. Мектеп жасындағы әрбір баланы тегін оқыту тәуелсіздік алғалы бері жалғасып, жаңарып келеді. Бірақ тәрбие бағытында халық арасында өткен мен бүгінгі уақытта салыстыра сөйлеу, қайсысының артықшылығы басым екені жайлы талас жиі кездесіп отырады. Себебі қазіргі таңда көшеде асық атып, топырақта алысқан балаларды көрмейтін болдық. Қазіргі аға буынның көңілі құлазитыны да осы. Үйден шықпай ұялыға байланған балалардың ертеңіне алаңдайды. Денсаулығы мен ойлау өрісі тарыла түседі деп санайды. Рас та шығар.
Бірақ кез келген дүниенің артықшылығы мен кемшілігі қатар жүреді. Уақыттың жаңалығын жат сынып, қолданыстан түбегейлі алып тастау да өсіп, жетіліп келе жатқан жас ұрпақтың ертеңіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Мәселен қазіргі уақытта youtube.com қолданбасында балаларға арналған қазақ тілді каналдар мен контенттер жоғары деңгейде жұмыс жасап жатыр. Бұл да балалардың дамуына оң ықпал алып келуі мүмкін. Тіпті ұялы телефондағы қолданбалардың көмегімен би мен әнді, өзге де өнер түрлерін еркін меңгерген балақайлар бүгінде арамызда көп.
Осы ретте ата-аналар балалары үшін тәрбиенің, ойынның қай түрін таңдауға ықпал жасамай, керісінше олардың қызығушылығын анықтап, сол бағытта дамуына үлес қосуы керек сияқты көрінеді.
Тағы бір айта кетерлігі болашақта техниканың тілін білмей табысты еңбек етіп, қарышты даму болмайтынын есте сақтаған жөн. Осы уақытқа дейін техника құрастырудан кенже қалып, тек оны пайдаланып келгеніміз жасырын емес. Әлі де солай. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Сонымен бірге, ITбілімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген сөзі осы мәселеден туындаған ой десек қателеспейміз.
Бірақ соңғы кездері балалардың бұл бағыттағы жаңашылдыққа деген қызығушылығы өте жоғары екені көңіл қуантады. Мәселен робототехниканы терең меңгергісі келетін балалар ауданда да өте көп.
Мәселен аудандық Оқушылар үйінде 2018 жылы ашылған робототехника үйірмесі осы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Мұнда білім алып жатқан оқушылар жайлы робототехника үйірмесінің қосымша білім беру педагогы Ерлан Жайлаубаевпен сөйлсекен болатынбыз. Талапты балалардың талпынысын шыңдап, талғамына сай келген техника тілін үйретіп жүрген мұғілім:
– Осында ұстаздық етіп жүргеніме он жылдан асты. Осы үйірме ашылғалы бері робототехникаға қызығатын, қабілеті бар балалардың саны жылдан жылға артып келеді. Қазіргі уақытта үйірмеде 65 бала қамтылған. Бұл бүлдіршіндердің білсем, үйренсем деген қызығушылығының өте жоғары екендігінің анық көрінісі. Ең қуантарлығы мұнда ынтасымен, құлшынысымен келетін оқушылардың жас шамасының да ерте бастан осы бағытқа бейімделіп жүргендігі. Олай дейтініміз 3 сыныптан бастап олардың икемі анықталып келеді, – дейді.
Бірақ баланың қызығушылығын одан сайын арттыру ол мұғалімнің міндеті. Себебі ынта мен білім қатар жүрсе ғана нәтижеге қол жетеді. Аудан жастары да бұл жетістіктен құр қол емес. Аз уақыт ішінде аудандық, облыстық, республкалық деңгейдегі түрлі жарыстардан жүлделі қайтып жүрген шәкірттер көп. Балдардың қызығушылығын арттыру үшін осындай түрлі жарыстар ұйымдастыру қолға алынған. Өзара бәсекелестікке түсу арқылы оқушылар өздерін шыңдап, қанаттандыра алады. Биік нәтижеге жетудің жолын іздейтін болады. Сонымен бірге бұл үйірмеде олар өздерінің ойында жүрген роботтарды жасауға да мүмкіндік алады. Бұл бір жағынан әр бала өзінің таңдаған жолы дұрыс екенін түсініп, сол жолда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге деген сенімділігін арттырады.
Тағы бір айта кетерлігі, тіпті дамуына тежелуі бар балалар да робототехника тілін меңгергісі келеді екен. Ерлан Сұлтанғалиұлымен сөйлескенімізде осыны байқадық. Қалай десек те баланың барлығы бақытты болуға жаралған. Олардың таңдауы, талғамы бар. Сол арқылы болашаққа бағыт алады.
Расында, бала тәрбиесінде оқыту, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау аздық етеді. Оның жарқын болашағы үшін қызығушылығын біліп, одан әрі жетілдіру, ішкі жан дүниесіне үңілу, әңгімелесу де маңызды. Осыған зер салып, арнайы уақыт бөлсек артық болмас еді. Уақыт жеткіліксіз деген сылтаудан барынша алшақ болайық. Себебі аз уақыттың ішінде тез өсетін балалар өздеріне көңіл бөлгенді қалайды. Талғамы мен таңдауын тыңдай алсақ, таудай тұлға қалыптасып шығады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
11 қазан 2022 ж. 521 0