Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – адал кәсіпкерлікті қорғау

Басты мақсат – адал кәсіпкерлікті қорғау

Ағымдағы жылдың 19 қазанында Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов өңір кәсіпкерлерімен және қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары М.Жайымбетов, Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Ұзынжас, Департамент басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков, облыстық басқарма басшылығы мен кәсіпкерлер,қоғамдық кеңес мүшелері және қоғам белсенділері қатысты.
Модератор ретінде шараны облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы ашып берді.
Өз кезегінде Саян Қылышұлы Агенттікпен кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталып: «Немқұрайлы қызметкерлеріміз тарапынан заңсыз араласудан қорғау тетіктері енгізілуде. Бүгінгі күні кәсіпкерлерді қозғайтын тергеу әрекеттеріне орталық аппаратпен келісу алгоритмі әзірленді. Тергеу әрекеттерін келісуден басқа, қашықтан онлайн-мониторинг жолымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына кәсіпкерлердің кез келген негізсіз шақырулары қадағаланатынын» - атап өтті.
Шара барысында кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері білім, темір жол, құрылыс және мемлекеттік сатып алу салаларында кездесетін тәуекелдер мен кемшіліктер туралы Превенция қызметі басшысы мен облыс әкімінің орынбасарына сауалдарын тікелей жеткізіп, нәтижесінде тиісті жауаптарын ала алды.
Шарада айтылған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытындасыбайлас жемқорлық мониторинг пен талдау жұмыстарын күшейту қажеттігі тапсырылды.
Кездесу соңында адал кәсіпкерлікті қорғау Агенттіктің басым бағыттарының бірі екендігі және бұл бағытта кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында кеңес алу үшін Департаменттің сервистік орталығына келуге болатындығы жеткізілді.
20 қазан 2022 ж. 270 0