Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен еленген азамат

Еңбегімен еленген азамат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер» деген болатын. Осыдан-ақ "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының салмағын анық сезіне аламыз.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет» – деп баса айтты.
Расында жас ұрпақты тәрбиелеуде асқан жауапкершілік қажет етіледі. Тек бүгінмен ғана емес, өткенді үйрете отырып, кешегі өткен аға буын өкілдерінің өнегесімен тәрбиелеу тәуелсіз еліміздің келешегін кемелдендіре түсері сөзсіз. Себебі өткенді білмей жаңашылдыққа ұмтылсақ, қос буын арасындағы байланыс үзілер болса, тарихымызды таңбалау қиынға соғары айқын.
Өмірбаяны парақпен шектелгенімен, өмірлік сабағы кітапқа татитын тұлғалар қаншама?! Елеусіз өтіп жатқан өмірде елене алған жандар да солар екенін бізге тарих танытып келеді. Жай ғана еленіп емес, қарапайым еңбектің арқасында елдің азаматына, бүтіндей бір ауылдың, аймақтың мақтанышына айналған жандардың бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Сейілхан Қыстаубаев.
Сейілхан Қыстаубайұлы 1955 жылдың 20 сәуірінде дүниеге келген. 1972 жылы Арал қаласындағы №177 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң 1972 жылдың күзінен бастап еңбекке араласады. Жастайынан епті, еңбексүйгіш азаматтың алғашқы қызметтік жолы Райым ұжымшарынан басталған. Келер жылы әскер қатарына шақыртылған Сейілхан Қыстаубаев 1973-1975 жылдар аралығында №06680 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Сарбаз сапында КСРО-ның қорғаныс министрлігінің «механик-аэрофотограф» (№3978 куәлік) маманы атанды. Әскерден оралғаннан соң да өзі қызмет еткен ұжымшарда жұмысын әрі қарай жалғастырады.
Жұмыстың ауырлығына қарамай, төккен маңдай тер мен тынымсыз тіршілік оны жетістікке жетеледі. Өз ісін сүйіп істегендегінен болар, 1978-1979 жылдары екі жыл қатарынан «Победитель социалистического соревнования» белгісімен марапатталды. КСРО-ның 60 жылдығы құрметіндегі социалистік  жарыстың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының «Таңдаулы өнеркәсіп қызметкері» деген атағымен марапатталды.
Ол атаққа ешқашан мастанбайтын. Адал қызмет етуді өзімнің міндетім деп санайды. Атаққұмарлық қасиет оның қанында жоқ болатын. Сол қасиетінен болар, жетістіктер ол кісіні өзі іздеп табатындай көрінетін.
Өрлікке ұмытылмай-ақ өрлей білген Сейілхан Қыстаубайұлы Қызылорда облысы, Арал аудандық мәслихаты депутаттар жиналысының депутаты (куәлік №005 Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Т.Нұрманов), 1984 жылы Қазақ балық шаруашылығы министрінің Құрмет дипломымен наградталған. Қызылорда облыстық XXIII партия конференциясына Арал аудандық партия ұйымынан делегат болып сайланды. 1986 жылы Қазақстан коммунистік партиясының Алматы қаласында өткен ХVI съезіне Қызылорда облысы ұйымынан делегат атанды. Сондай-ақ еңбегі ерекше азаматтың есімі жақында ғана ашылған «Балықшылар аллеясындағы» құрметті балықшылар тақтасынан орын алды.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Семей атом сынақ полигонында зардап шеккендіктен, 1995 жылғы 28 сәуірдегі ҚР Президентінің жарлығына орай Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген тиісті жеңілдіктермен пайдалануға құқылы болды.
Балаға әкеден артық мектеп жоқ қой. Кейіпкеріміздің айтқан әрбір сөзі мен еткен еңбегінен сабақ алған 5 перзенті қазірде әке атына кір келтірмей, өзі салып берген адалдықтың ақ жолымен келеді. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет атқарып келе жатса, бүгінде зайыбы Даража Абибуллақызы шөбере сүйген ақ жаулықты әже.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 қараша 2022 ж. 347 0