Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл саябақта он үш мыңдай тал-терек бар

Бұл саябақта он үш мыңдай тал-терек бар

Сырдарияның бойындағы «Аманөткел» ауылын әрі-бері өткендер жақсы біледі. Мәселен, «Қамыстыбас» стансасынан поездан түсіп, автобусқа отырсаңыз, ілгері қарай асфальт жолмен зулайсыз. Елу-алпыс шақырымдай бел-белесті артта қалдырғанда, көк желегі жайқалған саябаққа көзіңіз түсіп, көңіліңіз көтеріліп қалады.– Әй, бұл қай шаһар?– Аманөткеліңіз осы.
– Мына саябақ қашаннан бері бар, іргесін қалаған кім дейміз?
– Саябақ тарихы осы ХІХ-ғасырдың басынан басталады. Ал іргесін қалаған Шындалы Әбдіраманов есімді азамат, - деседі. Мұнда жеміс-жидек аралас, он үш мыңдай тал-терек өседі.
– Жалпы көлемі 6,5 гектар!
– Он үш мың түп!... Міне керемет! Мұны жерлестері «Шындалы талы» дейді екен. Ал сол мырзаңызды іздейін, ізерттейін. Сөйтсем ол осы араның тумасы болып шықты.
Осы арада жазбамды тоғарып, Шындалы мырзаға телефон соғып, кездесу ниетімді білдіріп ем, сұхбаттасуға келісті. Бұл оның «73-те жасым бар, қай қызметті атқаруға да күшім бар» деп тұрған әлі ширақ, жып-жинақы кезі еді. Алғашқы сауалым:
– Жапырағы жайқалған мына саябақтың негізі қашан қаланды?
– Мен өзі 1967-1997 жылдар аралығында, яғни тұтас отыз жыл сыртта жүрдім. Кіндік қаным тамған жерге 49-ымда табаным тиді. Заңды демалысыма дейінгі он бес жылым аралас-құралас «Жаңақұрылыс» пен «Аманөткел» аралығында өтті. Мен Аманөткелге әкім болып келген 1997 жылдың желтоқсан айы да тым ызғарлы еді. Бюджеттің қалтасы бос-ты. Осы саябақты ойласам да, қол жинап қысқалықтан кідіре бердім. Ақыры 2002 жылдың көктемінде халықты жинап, жоспарымды айтып пікірлестім. Олар:  «Нар тәуекел, баста» - деді. Бастадық. Бюджеттен еш қайыр жоқ. Ең әуелі көлемді аумақты қоршау керек-ті. Жан-жаққа жүгірдік. Ағайын-туысқа қолқа салдық. Арал коммуналдық шаруашылық мекемесінен Тұрсын Сейіткереев, «Аралтұз» комбинатының вице-президенті Л.Бекетов, аудандық жұмыспен қамтудың басшысы Б.Дабылов, аудан прокуроры Б.Бұйраевтар демеушілік жасады. Осындай көмектің арқасында 500 дана қада қағылып, 1000 метр аумақ 6 қатар тікенек сыммен қоршалды. Су желісінен үш бағытта су келтіруге труба жалғанып, су шүмектері орнатылды. Осылайша саябаққа 2002 жылы 4325 түп, 2004 жылы 3000 түп, 2005 жылы 2856 түп, барлығы 10 100 түп саялы ағаш тіктік. Оның 436 түбі жеміс беретін ағаштар болды.
– Жас өскінді отырғызуға ауыл тұрғындары қолғабыс берген болар, ал құбырмен келетін суға төлем қайда?
– Иә, дұрыс. Амалсыздан саябақ ішінен, талдар арасынан 15 жеке қожалыққа дақыл салуға ұлықсат бердік. Судың ақысын солар төледі. Қоғамдық жұмысқа 2-3 еңбеккер тартылды.
– Қайсы кез еді, осы көгерту-көгалдандырудан Аманөткелдің даңқы шықты ғой?!
– Иә, 2005-2006 жылдары, яғни екі мәрте қатарынан облыстық көркейту-көгалдандыру конкурсына қатысып, екеуінде де екінші орынға шығып жеңімпаз атандық. Облыс әкімінің мақтау грамотасы мен ақшалай сыйлығына ие болдық. Осыдан кейін 2006 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінен қолдау жасалып, бір миллион теңге бөлінді. Біз тағы да саябақты бір гектарға кеңейтіп, 3000 түп ағаш ектік. Бүгіндері, яғни 2021 жылдың 1 маусымдағы ақпарат бойынша 6,5 гектар аумақта 12 572 түп ағаш берілуде. Қазір саябақты суаруға (электр энергиясы үшін) және күтімге бюджеттен қаржы қаралып, арнайы штат берілген.
– Сіз 2006 жылдың маусымында «Жаңақұрылыс» ауылының әкімдігіне, арада тоғыз жыл өткізіп қайта оралыпсыз. 2007 жылдың 3 сәуірінде сіз барған «Жаңақұрылыста» облыстық семинар өтіпті. Ол қандай іс-шара?
– Онда Сексеуіл көшеттерін егу және өсіру жайлы пікір алыстық. Қонақтар жеке кәсіпкер Аманкелді Есімовтың питомнигінде болды. Сол жылы А.Есімов ауыл-ауылға сексеуіл көшетінің 45 500 данасын тегін таратты. Және ол 2008 жылы теңіздің құрғаған табанынан 500 гектарына сексеуіл көшетін отырғызды.
– Ал ауыз судың өзі қасқалдақтың қанындай болып тұрған кезде, Қазалының «Қара-арығынан» су алып еккендеріңізге таң қаламын?
– Бұл үлкен хикая. «Қара-арықтың» жалпы ұзындығы 66 шақырым. Оның 35-і Қазалының еншісінде. Сырдариядан су алатын сағасы да сонда. Ал Арал ауданына кіретін 31 шақырымынан «Жаңақұрылыс» кеңшары су алып, 1989 жылға дейін күріш, бидай және басқа дақылдар еккен. Ал 1980-1998 жылдары, яғни 18 жыл кеуіп жатқан. 1998-2001 жылдары аз-маз су жылт еткендей болып еді, тағы тоқтады. Содан ауданға, облысқа дабыл қағып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан 2007 жылы 3,5 миллион, 2009 жылы 10 миллион теңге бөлініп, каналдың көмілген тұстары аршылып, бұзылғаны жамалып су тұрақты ақты. Соның нәтижесінде 2010 жылы 80 гектарға егіс егілді. «Сарыкөл» мен «Нарөлген» көлдері толықты. Су келді, демек өмір келді.
Енді бір сәт ойланып көріңізші, оқырман қауым! Әрине, еліне, жеріне жансала еңбек еткендер көп. Бірақ... мынандай саябақ, ауданның өзге қай жерінде бар?! Сырдария мен айдынды көлдер маңайына және қырдағы бұлақ басына қоныс тепкен елді-мекендерді санап шығыңыз! Олар баршылық. «Аманөткелдегі» мүмкіндік оларда да болды. Әйтсе де Әбдірамановтай көш бастары болмағаны-ау! Осылай дүниеге және бір іңгәләп Әбдіраманов келер деп күтіп отыра береміз бе?!
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
тыл ардагері
05 қараша 2022 ж. 331 0