Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бұл саябақта он үш мыңдай тал-терек бар»

«Бұл саябақта он үш мыңдай тал-терек бар»

Сырдарияның бойындағы Аманөткел ауылын  әрі-бері өткендер жақсы біледі. Мәселен, Қамыстыбас стансасынан пойыздан түсіп автобусқа отырсаңыз, ілгері қарай асфальт жолмен зулайсыз. Елу-алпыс шақырымдай бел-белесті артта қалдырғанда, көк желегі жайқалған саябаққа көзіңіз түсіп, көңіліңіз көтеріліп қалады.– Әй, бұл қай шаһар?
– Аманөткеліңіз осы.
– Мына саябақ қашаннан бері бар, іргесін қалаған кім дейміз?
Саябақ тарихы осы ХХІ ғасырдың басынан басталады. Ал іргесін қалаған Шындалы Әбдіраманов есімді азамат-деседі. Мұнда жеміс-жидек аралас, он үш мыңдай тал-терек өседі.
***
Жалпы көлемі – 6,5 гектар! Он үш мың түп!.. Міне, керемет! Мұны жерлестері «Шындалы талы» дейді екен. Ал сол мырзаңызды іздейін, зерттейін. Сөйтсем ол осы араның тумасы болып шықты. Он тоғызында Қазалының зооветехникумын тәмамдап, осы ауданның «Бөзкөл» кеңшарында зоотехник-товаровед болып еңбек жолын бастап, екі жылдан кейін, яғни 1969 жылы Арал аудандық малдәрігерлік стансасына учаскеаралық ветеринар болып ауысады. Осы қызметті ол он жыл атқарады. Қыр мен Сырды шарлайды. Іс-тәжірибесі молығады. Өндірістен қол үзбей Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтын инженер-зоотехник мамандығы бойынша бітіреді. Бірде партияға есеп беруге бюроға келмей ме, келсе  ау-у, мына шиыршық атқан, 31-дегі маманды осынша уақыт «көлеңкеде» ұстағандарың қалай деп, сонау Қарақұм мал жайылымындағы «Жіңішкеқұм» кеңшарының 2-фермасына зоотехникке барсын деп пәрмен береді. Шындалыңыз фермаға бара сала «Қора-қопсы жұтаң, малшы үйі салқын» деп кеңшарды мазалау қойылсын, күш біріктірсек осының бәрі өз қолымыздан келеді» деп ұрандайды.
"Е-е, мына зоотехнигің жойқын жігер иесі ғой, ал ердік ізіңнен" дейді өзгелері. Әбдірамановтың зоотехниктік «Арпалысы» екі жыл маңайында-ақ танылып, партком мен дирекция тарапынан ферма басқаруға ұсынылады. Аудан орталығынан 250 шақырым, Жезқазғанмен шекаралас «Атанши» аталатын шалғайдағы №1-ші ферманы 1982-1988 жылдары басқарғанда атағы ауданнан асып, облысқа жетеді. Ферма бойынша әр жүз аналықтан 121-ден қозы өріп, мал басы толық сақталып, өнім мөлшері артып, сапасы жақсарады. Сөйтіп он бірінші бесжылдықтағы еңбек үлгісі үшін "Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы" және Ю.Гагарин атындағы Бүкілодақтық сыйлыққа ие болады. Қырық екінші партия конференциясында аупарткомның тексеру комиссиясының мүшелігіне сайланады. Кәсіподағының республикалық бірінші съезіне делегат болып қатысады. Облыстық малшылыр слетінде президиумда отырады және баяндамада ферманың табысы аталып өтіледі. Сол «Жіңішкеқұм» кеңшарының өлкетанушы, тарихшы-ұстаз Үргенішбай Қуат өзінің «Құт қонған өңір – Қарақұм» атты (2017 жыл, 140-бет) кітабында: «Атанши» фермасының даңқының көтерілуіне Шындалы Әбдіраманов сүбелі үлес қосты. Ең бастысы, шалғайдағы шағын мекенге ел тұрақтандыру, ол үшін жағдай жасап, күрмеулі мәселелерді тез арада шешу керек-ті. Жоғарының қолдауымен жаңа мектеп, малшы балаларына арналған 40 орындық интернат, кітапхана, медпункт салынып, ондаған тұрғын үйлер бой көтерді. 75 шақырымнан жоғары вольтті электр желісі тартылып, қыстаққа жарық келді. «АН-2» ұшағы да ұшып, әуе қатынасы да реттелді. Фермадағы қой саны өсіп, 24 мыңнан асты. Бұл – бүкіл кеңшардың жарты малы еді. Міне, осындай білікті басшылық, тынымсыз жүріс-тұрыстың арқасында ауыл өміріне үлкен өзгеріс келеді.
Әрине, еңбек кезінде бағаланды. Ш.Әбдіраманов 1988-1994 жылдары кеңшардың бас зоотехнигі міндетін ойдағыдай атқарып, одан әрі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасарлығына шақырылады. 16 жыл қыраулы құмдауыттың ыстық-суығына күйіп келіп, осы орынға жайлап, сатылап жеткен-ді. Бірақ ол мұнда алты айдан артық отыра алмады.
– Е-е, неге?
Олай болатыны – ол қай қызметке де жоғарғы органның ұсынуымен, арнайы жолдамасымен келген еді. Естеріңізде шығар, бұл жоспарлы экономиканы ысыра келген нарықтың айдаһардай ысқырып тұрған кезі-тұғын. 1995 жылдың соңына қарай еліміздегі ауыл шаруашылығы кешенінің 93 пайызы жеке меншікке өтті. Десе де «Жекешелендіру – мүлде таратып жіберу емес» деген оптимистік ойдағылар шаруаны шашыратпай, бөлшектемей, акционерлік қоғамға немесе ұжым қалпында сақтауға қам жасады. Ал сол қоғам не ұжымды басқаратын, көпті айрандай ұйыта алатын кадр қайда? Кіші деген ауылдың өзінде үлкен  проблемалар күтіп тұрды. Талауға түскен кеңшарлардың ішінде ең «ыстық нүктедегісі» –Жаңақұрылыс-ты. Бірде Қазалыға, бірде Аралға қараған, алаң көңіл шет аймақ-ты. Онда кімді жібереміз дегенде, таңдау Әбдірамановқа түсті. Жаңақұрылыстықтар оны ұжымдық кәсіпорынның төрағалығына бірауыздан сайлады. Бұл кез 1995 жылдың қаңтар айы-тұғын. Осыдан екі ай өткенде, яғни 1995 жылдың 2 наурызында аудан әкімі Б.Қаюповтың: «Ұжым төрағасы Ш.Әбдіраманов ауылдық округі әкімінің міндетін де қоса атқарсын» деген бұйрығы жетеді. Әбдіраманов 1997 жылдың желтоқсан айында Сырдарияның бергі жағындағы Аманөткел ауылына әкімдікке ауысады. Өйткені, сол жылы Жаңақұрылыс әкімдігі таратылып, Аманөткелге қосылады. Енді ол ірілендірілген әкім қызметіне кіріседі. Мұнда ол 2006 жылдың маусымына дейін тұрақтайды.
***
Осы арада жазбамды доғарып, Шындалы мырзаға телефон соғып, кездесу ниетімді білдіріп ем, сұхбаттасуға келісті. Бұл оның «73-те жасым бар, қай қызметті атқаруға да күшім бар» деп тұрған әлі ширақ, жып-жинақы кезі еді. Алғашқы сауалым:
– Жапырағы жайқалған мына саябақтың негізі қашан қаланды?
– Мен өзі 1967-1997 жылдар аралығында, яғни тұтас 30 жыл сыртта жүрдім. Кіндік қаным тамған жерге 49-ымда табаным тиді. Заңды демалысыма дейінгі он бес жылым аралас-құралас Жаңақұрылыс пен Аманөткел аралығында өтті. Мен Аманөткелге әкім болып келген 1997 жылдың желтоқсан айы да тым ызғарлы еді. Бюджеттің қалтасы бос-ты. Осы саябақты ойласам да, қол қысқалықтан кідіре бердім. Ақыры 2002 жылдың көктемінде халықты жинап, жоспарымды айтып пікірлестім. Олар:
– Нартәуекел, баста! – деді.
– Бастадық. Бюджеттен еш қайыр жоқ. Ең әуелі көлемді аумақты қоршау керек-ті. Жан-жаққа жүгірдік. Ағайын-туысқа қолқа салдық. Арал қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінен Тұрсын Сейіткереев, «Аралтұз» комбинатының вице-президенті Л.Бекетов, аудандық жұмыспен қамтудың басшысы Б.Дабылов, аудан прокуроры Б.Бұйраев демеушілік жасады. Осындай көмектің арқасында 500 дана қада қағылып, 1000 метр аумақ 6 қатар тікенек сыммен қоршалды. Су желісінен үш бағытта су келтіруге труба жалғанып, су шүмектері орнатылды. Осылайша саябаққа 2002 жылы – 4325 түп, 2004 жылы – 3000 түп, 2005 жылы – 2865 түп, барлығы 10 100 түп саялы ағаш тіктік. Оның 436 түбі жеміс беретін ағаштар болды.
– Жас өскінді отырғызуға ауыл тұрғындары қолғабыс берген болар, ал құбырмен келетін суға төлем қайда?
– Иә, дұрыс. Амалсыздан саябақ ішінен, талдар арасынан 15 жеке қожалыққа дақыл салуға рұқсат бердік. Судың ақысын солар төледі. Қоғамдық жұмысқа 2-3 еңбеккер тартылды.
– Қайсы кез еді, осы көгерту-көгалдандырудан  Аманөткелдің даңқы шықты ғой?
– Иә, 2005-2006 жылдары, яғни екі мәрте қатарынан облыстық көркейту-көгалдандыру конкурсына қатысып, екеуінде де екінші орынға шығып, жеңімпаз атандық. Облыс әкімінің мақтау грамотасы мен ақшалай сыйлығына ие болдық. Осыдан кейін 2006 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінен қолдау жасалып, бір миллион теңге бөлінді. Біз тағы да саябақты бір гектарға кеңейтіп 3000 түп ағаш ектік. Бүгіндері, яғни 2021 жылдың 1 маусымдағы ақпарат бойынша, 6,5 гектар аумақта 12 572 түп ағаш өсірілуде. Қазір саябақты суғаруға (электр энергиясы үшін) және күтімге бюджеттен қаржы қаралып, арнайы штат берілген.
– Сіз 2006 жылдың маусымында Жаңақұрылыс ауылының әкімдігіне, арада тоғыз жыл өткізіп қайта оралыпсыз. 2007 жылдың 3 сәуірінде Сіз барған Жаңақұрылыста облыстық семинар өтіпті. Ол қандай іс-шара?
– Онда сексеуіл көшеттерін егу және өсіру жайлы пікір алыстық. Қонақтар жеке кәсіпкер Аманкелді Есімовтің питомнигінде болды. Сол жылы А.Есімов ауыл-ауылға сексеуіл көшетінің 42 500 данасын тегін таратты. Және ол 2008 жылы теңіздің құрғаған табанынан 500 гектарына сексеуіл көшетін отырғызды.
– Ал ауызсудың өзі қасқалдақтың қанындай болып тұрған кезде, Қазалының Қараарығынан су алып, егіс еккендеріңізге таңғаламын?
– Бұл үлкен хикая. Қараарықтың жалпы ұзындығы – 66 шақырым. Оның 35-і Қазалының еншісінде. Сырдариядан су алатын сағасы да сонда. Ал Арал ауданына кіретін 31 шақырымынан «Жаңақұрылыс» кеңшары су алып, 1989 жылға дейін күріш, бидай және басқа дақылдар еккен. Ал 1980-1998 жылдары, яғни 18 жыл кеуіп жатқан. 1998-2001 жылдары аз-маз су жылт еткендей болып еді, тағы тоқтады. Содан ауданға, облысқа дабыл қағып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан 2007 жылы 3,5 млн, 2009 жылы 10 млн теңге бөлініп, каналдың көмілген тұстары аршылып, бұзылғаны жамалып су тұрақты ақты. Соның нәтижесінде 2010 жылы 80 гектарға егіс егілді. «Сарыкөл» мен «Нарөлген» көлдері толықты. Су келді, демек өмір келді.
***
Енді бір сәт ойланып көріңізші, оқырман қауым! Әрине, еліне, жеріне жанын сала еңбек еткендер көп. Бірақ... мынандай саябақ, ауданның өзге қай жерінде бар?! Сырдария мен айдынды көлдер маңайына және қырдағы бұлақ басына қоныс тепкен елді мекендерді санап шығыңыз! Олар баршылық. Аманөткелдегі мүмкіндік оларда да болды. Әйтсе де Әбдірамановтай көшбастары  болмағаны-ау! Осылай дүниеге және бір іңгәлап Әбдіраманов келер деп күтіп отыра береміз бе?!
Шәкірат  ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері,
Арал ауданы
Суретте: Ш.Әбдіраманов және саябақ көрінісі
10 тамыз 2021 ж. 518 0