Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тағдырын безбендеген ер құны

Ел тағдырын безбендеген ер құны

Бұрынғы өткен кісілер туралы әңгіме жазуды ұнатамын. Көкірегінің сәулесі ғасырды көктеп өтіп, біздің санамызды жарықтандырып тұрған сол асылдардың өмірі – тұнып тұрған ғибрат. 
– Әкем Нұрмахан 1892 жылғы, биыл топырақ жасымен жүз отыз жасқа толады, – деп әңгіме бастады Қожахмет. Осы бір тереңнен шымырлап шыққан бұлақтай сусыныңды қандыратын оқиғаны енді мен баян етіп берейін.
Нұрмахан атамыз Арқа жерінде дүниеге келген. Арқаның шұрайлы жерлерін орыс мұжықтары ала бастаған он жетінші ғасырдың орта тұсынан бастап Сыр бойына қарай ығысқан көп Қыпшақтың алғашқы легі болып Алтыбастың біраз отбасы қазіргі Айдарлы ауылының маңындағы «Қарақұскеліс» деген жерге орныққан. Нұрмахан атаның Арқада туғаны бұл әулеттің Сыр бойына кейінірек келгенін көрсетеді.
Дариядан шығатын «Айбала» деп аталатын жармамен көктемде толығатын шалқар көл күзде тартылып, табанында қалған шабақтарға шүйлігетін қарақұстар қаптап кетеді екен. Қалың қарақұс шоғыры бұл жерге күзде көл тартылғанда келетін болғандықтан «Қарақұскеліс» аталған. Жер атауының тарихы – осы.
Нұрмаханның әкесі Мырза дау шешкен, елге басшылық жасаған би болыпты. Қанына тартып туған Нұрмаханның да сөзі өткір, мінезді адам болған. Оның үстіне арабша да, орысша да сауатты. Сондықтан өзара келіспеушілігі бар жұрт «Мырзаның Нұрмаханына тоқтайық» дейді екен.
Құдайынан безіп мешітке ат қамаған, молданы сақалынан сүйреген кеңес өкіметінің алғашқы жылдары қазақ ауылдарына азап ала келді. Теңдік әперем деп тепе-теңдікті бұзып, ТОЗ құрам деп, тоз-тоз қылды. «Мал-жан аман ба?» деп сәлемінің басына жандығын қосатын қазақ күнкөрісі мен тұрмыс салтының темірқазығы малдан айырылуды өліммен тең көрді. Сөйтіп, осы өңірдің жартысына жуығы үдере көшіп, Қызылқұмға дендеп еніп кетті. Кеңес өкіметіне дейін қазақтың қайыр сұраған жаны болған жоқ. Өйткені байлары кедейін атқосшы қылып, мал баққызып, сиыр саудырып, жанына ертті. Жоқ-жітіктің үстіне үй тігіп, қатарға қосып отырды. Міне, сондықтан кәмпеске кезінде малдылар ғана ауа көшті деген пікір қате, «у ішсең руыңмен» деп қатар отырған ағайынның байы да, кедейі де бірге көтерілді.
Сырдың бойынан Қызылға қарай кеткендердің артына жаңа өкімет жау қуғандай түсті. Өйткені, өзін халық өкіметіміз деп жариялаған кеңес билігін жергілікті жұрттың мойындамауы оның ішкі құрылысына да, сыртқы беделіне де нұқсан келтірді.
Бірақ, Қызылқұмға ауғандарды қайтару оңай болмады. Оларға жер жағдайын жақсы білмейтін қарулы қуғындар жете алмай, құммен бітеп кеткен құдықтарға кезігіп шөлге ұрынды. Міне, осы жағдайда ел ішіндегі «Мырзаның Нұрмаханына тоқтайық» деген сөз еске түсті.
Сөйтіп, қызыл өкімет өкілдері ол кісіге барып, «көшкіндерді қайтарыңыз» деп өтініш айтады.
Нұрмахан жалғыз өзі атпен шығып, ауыл көшіне жетеді, олар ауыл қадірлісін мал сойып күтеді. Үлкен ақсақалдармен әңгімелесіп, келісімге келеді.
– Кемпір-шал, бала-шаға менімен бірге елге қайтсын, ал, ер азаматтар жүре беріңдер. Өзбек елінде бұл жақтағыдай қуғын жоқ. Сонда барып күнелтіп, өсіп-өніңдер. Әйтпесе, совет өкіметі сендерді бәрібір жазалайды, күн бермей, қуғынға түсіреді. Ал, жолдарың болсын! – әкем оларға батасын береді.
Көш басы болып келе жатқан Сәрсенбай деген кісі Нұрмаханға риза болып, оған ақ киіз тарту етеді. Сол кездің дәстүрі бойынша бұл көңілінде кірбіңі жоқ қадірлі кісіге жасалатын сияпат екен. Сол жерде біреу баласымен, біреу әкесімен жылап қоштасады. Нұрмахан ақ киізді атының артына орап байлап, біраз малды алдына салып, бір қауым жұртпен бірге кері қайтады.
– Қолға ілінгені осы болды, қалғанының қарасын көргенім жоқ, – деп жүз шақты малды колхозға санап өткізеді. Ал, келген кісілер ағайынға араласып кетеді.
Бірақ, бір жетіден соң жергілікті өкімет Нұрмаханның өзін тұтқындап, түрмеге салады. Көштен кері оралғандарды біртіндеп сұраққа алғанда ішіндегі ауамдау біреуі: «Біз Нұрмаханның айтуымен қайттық, өзі қалғанымызға батасын беріп, Сәрсенбайдың ақ киізін сыйлыққа алды», – депті шынын айтып.
Ол кісі қамауда отырып, келген-кеткеннен Оспанның Бектайын шақыртады. Өйткені, сол кезде Бектай комсомол мүшесі болған. Ал комсомол мүшесінің түрмеден бір адамды кепілдікке алып шығуға құқы бар еді. Комсомол мүшесіне осындай мол мүмкіндіктер берілген. Өйткені комсомол өкімет құрушылардың сенімді серігі саналған. «Өзің комсомолсың, өзің талқан жейсің» деген сөз сол кезде шыққан. Оның астарында «сен жаңаның адамысың, ескі салттан, қазақшылықтан, тіпті талқан жеуден де аулақ болуың керек» деген нұсқау жатыр. Оспанның Бектайы да Қыпшақ ішіндегі Алтыбас руынан, сондықтан ол «кепіл боламын» деп Нұрмахан ағасын түрмеден алып шыққан. Қамаудан босаған Нұрмахан өзінің Өзбекстанға қарай кететінін, бұл үшін Бектайға ешкім кінә артпайтынын айтқан. Ол кісі сонда заң білген. Сөйтіп, Сұлутөбе стансасынан жасырын пойызға отырып, бір түнде жоғары жақты бетке алып жолға шыққан. Шынында, кепілдегі кісіден айырылғаны үшін Бектайға ешкім ештеңе демеген. Өйткені, ол – комсомол мүшесі.
Бір әулетті ғана емес, бір ауылды бір ауыз сөзіне тоқтатқан Нұрмахан осылайша қуғын-сүргіннің сергелдеңін кешіп, кісі еліне кеткен.
Содан Өзбекстанға барып, баяғы ағайындарымен табысып, бәрі бірігіп отырады, еңбек етеді. Бейнеткеш өзбектердің жұмыстан басқамен шаруасы жоқ. Есіктерін тарс жауып алып ешкімді көрмейді, тіпті көршілері бір-бірінің әйелін танымайды, өйткені олар отаналарын ешкімге көрсетпейді. Әйтеуір, жер тырнаған адам аш қалмайды. Шынында, біреуді біреу қудаламайды, сөйтіп, көшіп барған қазақтар байымаса да қол жаймай өмір кешеді.
Нұрмаханның бәйбішесі Сәрсен он үш құрсақ көтерген екен, бірақ бәрі жас кезінде шетінеген. Жасынан Мәтжан деп атап кеткен 1924 жылғы Мұхамеджан есімді бір баласы ғана тірі қалған. Сол Мәтжан да соғыста қаза тауып, «қара қағаз» келген. Бұл оқиға соңғы шырақтың өшкеніндей, ата-ананың кеудесіне қараңғылық түсірген. Осы қасіретті көтере алмаған Сәрсен шешей де қайғы жұтып, қайтыс болған. Бұл енді айтуға ғана жеңіл, әйтпесе құлағым естімесін, көзім көрмесін дейтін қасірет. Сонан соң Нұрмахан сол жақта Ұлжан есімді кісімен бас қосқан. Бірақ, Ұлжан бала тумаған.
Нұрмахан атамыз ірі денелі, әбжіл қимылды, әркімнің де жағдайына алаңдап отыратын адам екен. Ел іші тынши бастаған кездерде Сырға келіп, ағайынның жағдайын біліп, баяғы өзі кері қайтарған үлкендерге сәлем беріп тұрған. Қызылордаға сондай бір келгенінде елдің белгілі адамы Бәкірдің ағасы Ахметтің үйіне сәлем бере барған. Бәкір деп отырғанымыз – осы күні жұрт атына қанық азамат, қоғам қайраткері, екі дүркін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған ағамыз Әбдіжәлел Бәкіровтің атасы.
Дәл сол кезде, сол үйге біраз ағайын келе қалыпты. Кездейсоқ емес, Нұрмахан келіпті дегенді естіп, арнайы соққан секілді. Сонда ақсақалдардың бірі салмақтап:
– Ей, Нұрмахан болғаныңды қайтейін, Арқа мен Ташкенттің арасында жүріп тұрған атыңнан не пайда, артыңда ұрпағың қалмаса. Отың өшеді ғой, ізің жоғалады ғой. Біз саған Әбілда мен Қалдықыздың қызын қолайлап отырмыз, соны кішілікке ал. Елдің қамын ойлаған жақсы едің, енді ұрпағыңның қамын ойла, – дейді.
Әбілда деген кісі Қыпшақтың Баянтаңаты, қайтыс болып кеткен. Қалдығыз – Алтыбастың қызы.
– Бір қызым – бауырымның садағасы, – деп сонда Қалдығыз апа үлкендердің сөзіне ықылас танытыпты.
Ал, Нұрмахан былай дейді:
– Құдай бала бермеді емес, берді, өзі алды. Құдайдан күшті емеспін. Тағдыр солай шығар, – депті. Бұл әкемнің ар сөзі болса керек, өйткені өзінің жасы сол кезде елу тоғызда, ал, ағайын алып бермекші болып отырған Дәметкен жиырмадан жаңа асқан қыз екен.
Бірақ, ағайын солай шешті, болды. Сонымен, сол сапарда үш-төрт ағайын әкеме еріп, қызды алып Өзбекстанға барады.
Ұлжан төркіні келгендей қуанып, дастархан жайып, бұрқыратып самауыр әкеледі. Шай үстінде келгендердің бірі сөз бастайды.
– Ұлжан, Нұрмахан тұяқсыз өтсін демесең, рұқсатыңды бер. Ерің төсек жаңғыртсын, сен мына қызға шешелік жаса! 
Қосағына аяқ астынан тағы біреудің қосақтала кетуі сол сәтте Ұлжанға ұнамай қалған сыңайлы. Үндемей далаға шығып кетіпті де, сәлден кейін қайта кіріп:
– Мен мұны біреуіңнің қызың шығар деп отырсам, – деп үнсіз қалыпты, біраздан соң барып, – Азаматымның басы үшін амалым жоқ, енді, – депті. Сөзін аяқтамаса да басқа ештеңе айтпапты.
Ақырында, елден келгендер бір уақ малдың сорпасын ішіп, батасын беріп қайтыпты. Міне, ағайын деген!
Нұрмахан жас әйелі Дәметкенді фабрикаға жұмысқа тұрғызып қояды. Сөйтіп, олардың бірі ене, бірі келін секілді болып, кішісі үлкенінің алдын кесе өтпей, тату күн кешіпті.
Содан, Құдай беріп, мезгілі жетіп, Жақсыгүл деген қыз өмірге келеді. Сәбиді Ұлжан шешеміз баурына салады. Нәрестені өзінің құрсағынан шыққандай күтіп-баптайды. Дәметкенге тек емізуге ғана береді, басқа уақытта жанына жолатпайды. Бірі зарығып көрген, бірі қиналып тапқан екі шеше арасында келе-келе балаға қатысты келіспеушілік туа бастайды.
Бұл – 1954 жыл. Ол кезде ел жақта да мамыражай өмір орнай бастаған. Нұрмахан оның бәрінен хабардар болып жүрген. Сөйтіп, оған екі әйелінің қосын бөлейін деген ой түседі. Ақыры бір шешімге келіп, Ұлжанға айтады:
– Саған қояр кінәм да, артар өкпем де жоқ, Ұлжан. Үй де, мүлік те, мал да сенікі, мен қызымды көтеріп, әйелімді жетектеп елге кетемін, – дейді, – Бірақ, ат құйрығын кескендік емес, қатысып тұрамыз, – деп пысықтайды.
Ұлжан шешей қимаса да көнеді, басқа амал не?
Сол уақытта Нұрмаханмен бірге біраз ағайын да атақонысқа бет түзейді.  Біразы Ташкентте қалады. Олар елге кейінірек оралады. 
Ел жаққа әуелі көшкен кісілердің біразы Шиеліге қоныстанады, Нұрмахан өз жақындары отырған Жуантөбеге келіп, «Сырдария» совхозының баспағын бағады.
Сол жылы Нұрмахан тағы бір балалы болады, ол Бошайбай деген ұл бала екен, бірақ кішкентай кезінде шетінеп кетеді. Онан екі жылдан кейін, яғни, 1956 жылы тағы бір бала өмірге келеді, ол – Ахметжан. Бұл бала да қайтыс болады. Әжептәуір адам танып қалған екі жастағы кезі болса керек. Сол күні үйге біраз адам келіпті, солардың бірінің сұғы өтті ме екен, аяқ астынан ыстығы көтеріліп, ыңырсып жатып түнде үзілген. Нұрмахан үйдің қасына балам ойнасын деп құм түсіріп қойыпты. Ертеңіне есіктің алдындағы сол құмнан баласының ізін көреді. Дереу бұл ізді ешкім баспасын деп жыңғылмен қоршалайды. Мына әрекеті былайғы адамға аянышты не күлкілі болар. Өйткені, бір емес, екі емес, үш емес, он бес баласын қара жер қойнына берген әкенің бұл жұбанышын өзінен басқа адам түсінбейді, әрине. Сол ізді сол күні ойнақтаған бір өгіз басып өшіріп кетіпті. Сонда Нұрмахан: «Тым болмаса бір күн ізіңе қарап отыра алмадым-ау» деп жылапты.
1960 жылдың жаз айының бір күні Нұрмаханның туысқан інісі Асанның баласы Әбілда түс көріпті. Түсінде ақ киімді шал аян беріпті: «Өмірге бір бала келе жатыр, атын Әзіретсұлтан деп қойыңдар», – депті. Оянса, әкесінің апасы Асылкүл мен шешесі Күлбатпа шай ішіп отыр екен. Әбілда екі кемпірге түсін айтып береді. 
– Осы ауылда аяғы ауыр Дәметкеннен басқа келін жоқ. Бар, онда әкеңнен сүйінші сұра, – депті. Әбілда Нұрмахан әкесіне барады.  Мән-жайды естіген шал сонда отыра қалып:
– Даңбайдың шөбересісің ғой, айтқаның келер, шүкір, шүкір, – деп көзіне жас алып, кемсеңдепті. Даңбай ата айтқаны келетін, алысты болжайтын, көкірегіне жарық түскен адам болған екен.
 – Әзіретсұлтан деп отырғаны Қожахмет қой, – депті сосын.
Нұрмахан дін мәселелерін біршама игерген кісі, оның арабша тіл білуі де сондықтан. Әзірет – Исламдағы әділ халифалардың төртіншісі, Пайғамбардың күйеу баласы. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим Исфиджабта даңққа бөленген әулие кісі болған. Анасы – Мұса шейхтың қызы Қарашаш ана. Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Қожа Ахметтің екінші атының Әзірет Сұлтан болуында осындай астар бар. Нақтырақ айтсақ, елу жасында ел басқару ісін тастап, біржола дін жолына түскен Қожа Ахметті халық Әзірет Сұлтан деп атап кеткен.
Маған әңгіме айтып отырған Қожахмет – осы әңгімедегі сәби, қазір елге аты белгілі азамат.
«Көкем кезінде Қалқабай Әбенов, Қалмахан Әбдіқадыров көкелерімізбен жиі қатысып тұрды. Қалқабай аға ауыл-ауылдағы ағайынның құдайы-тойынан қалмайтын. 
Көкем өлең шығаратын кісі. Көп өлеңдері өзімен кетті, жатқа айтып отыратын, қағазға түсіргенін көргенім жоқ. Араб, парсы сөздері араласқан өлеңдерінің бір-жар шумақтары есімде қалыпты. Көкемнің өлеңдерінің терең мағынасына барған Қалмахан әкеміз: «Баяғыда Өзбекстанға кетіп қалғаның дұрыс болған екен, әйтпегенде алдымен атылып кететіндердің бірі болыпсың» депті. Қалмахан әкеміздің сөзіне қарағанда көкемнің ақындығы осал емес сияқты және білімі де терең болған» деп Қожахмет әңгіме арасында әкесі шығарған өлеңдерді де жатқа оқып отырды
Нұрмахан өте ұста кісі болған. Сырдың сәмбі талын иіп киіз үйдің кереге, уығын істеген. Ат аунаса сынбайтын құранды ер соққан.
Қожахмет сондай елге жаққан, ердің жүгін арқасынан аудырмай арқалаған кісінің баласы ғой, қашан көрсең үлкен істің үстінде жүреді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
06 қараша 2022 ж. 432 0