Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Толағайдың толымды істері көп

Толағайдың толымды істері көп

Толағай десе сонау Кеңес үкіметінің кезіндегі 5 класс оқулығындағы Ә.Тәжібаевтың «Толағай» ертегісі еске түседі. Ертедегі кейіпкер Толағайдың тапқырлығы, адамгершілігі, ойының ұшқырлығы еске түседі. Ал бүгінгі айтқалы отырған кейіпкерім орта бойлы, ер тұлғалы, қараторы денесі тығыршықтай батыр тұлғалы азамат. Бұл азаматты мен Құмбазар сегіз жылдық мектебінде алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бастап білемін. Ол өте зерек, сабаққа алғыр, сурет салуға, ән салуға бейімділігі бастауышта оқып жүрген кезінен байқалатын.Тіл алғыш, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын. Жасаған жұмыстары тап-таза мүлтіксіз орындалатын. Суретті әдемі салатындығы соншалықты мектеп мұғалімдері оқушыға көп тапсырмалар беретін. Ол кезде баспадан шыққан көрнекіліктер мүлдем болмайтын, болған күнде де ауылдық мектептерге жетуі өте қиын болатын. Сондықтан оқулықтағы кейіпкерлерді бейнелеу үшін Толағайға тапсырма беретінбіз. Ол тапсырманы ойдағыдай етіп мүлтіксіз таза және қатесіз орындап беретін. Кейбір ережелерді де жазғызып алатынбыз. Ол кезде 2-3-тік перомен қара немесе қызылжасыл түсті туштармен жазғызып, жасатып пайдаланатынбыз. Қазір Толағайдың жасы алпысқа жақын қалды. Әлі көз алдымда сол бала кейпі. Үнемі бейне бір «Саламатсыз ба, апай» деп күліп амандасқанда сенің алдыңда еркелеп тұрғандай көрінетін. Сол жас кездегідей өнерге, суретке әуестігі бойындағы дарындылық сол қалпында жалғасып келеді. Қазіргі таңда Құмбазар ауылында мәдениет орнында қызмет жасайды. Үнемі әрбір мереке күндерінде, ауылдың басқа да игі істерінің басы-қасында ұйымдастыру жағында жүреді. Мереке күндері түрлі концерттер, кештер дайындап,«Аналар күні», «Қарттар күні» қарияларды, ардагер ағаларды, батыр аналарды шақырып, көңілді кештер өткізеді. Кеш соңы сыйлықсыз болмайды. Өз қаражатынан үнемі сыйлықтар тапсырып отырады. Толағай өте ізетті, білімді, жан-жақты адаммен тіл табыса алатын азамат. Гүлшат келін атына заты сай үнемі күлімсіреп гүлдей жайнап жүреді. Оның ойын-тойда болсын, қызықты кештерде болсын басынан орамалы түскен емес. Ибалы, сабырлы, артық сөзі жоқ. Бір жолмен жүріп, бір жолмен тұрады. Мүмкін Толағайдың ұстанымы солай шығар. Гүлшаттың он қолынан өнері тамады, осы заманға лайық келін. Ұннан жасалатын тағамдардың түр-түрін пісіреді. Оның пісірген тәтті тоқаштары, тәтті торттары, самса, бәліш т.б. тәттілігі сондай тіл үйіреді. Ауыл-аймақтағы елді мекендерге дейін құда жолы, тойларына осы Гүлшаттың өнімдерін пайдаланады. Балаларының барлығы өнерге жақын, үлкен ұлы да өнерге жақын, бір қызы киелі қыл қобыз маманы, бір қызы Алматыда ұстаз тәлімгер, бір қызы Гүлшатқа ұқсаған аспаз, кіші қызы мектепті "Алтын белгіге" бітіріп, Алматыда Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 3-ші курс студенті, кіші ұлы мектеп оқушысы. Облыстық, аудандық байқаулардан жүлделер алып жүр. Өзінің де елге жасап жүрген жақсылықтары жетерлік. Елдің той, құдалық жұмыстарын атқарып, жағдайы келмейтін отбасыларына арзан, кейде тегін қызмет жасайды. Басқарып отырған ұжымын музыкалық аппарат, бейнекамерамен ұйымдастырып, жылына бір-екі рет аз қамтылған отбасына шама-шарқынша қайырымдылық жасайды. Жолдасы Гүлшат та ауыл клубында қызмет етеді. Еткен еңбегінің жемісі облыс әкімінен, облыстық мәдениет басқармасынан, аудан, ауыл әкімдерінен алған алғыс хаттары да бар. Мұндай жандардың әрине белгілі бір ортада, елде болуы заңды шығар. Дей тұрғанмен қолынан келген істі міндетсінбей, елге болсын дейтін елгезек жандардың қатары тым сиреп барады. Мен бұл тұрғыда Толағайдай азаматтар өзгелерге үлгі болса деймін.

Күнқияш ДАБЫЛОВА,
ардагер ұстаз
22 қараша 2022 ж. 624 0