Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дипломмен ауылға: Ауылдан бақыт таптым...

Дипломмен ауылға: Ауылдан бақыт таптым...

Бір кездері екі қолды қалтаға салып, жұмыссыз жүрген жандардың бірі мен едім. Жастықтың буымен болар, жұмыс табып, өз бетімше әрекет етуді көп ойлай бермейтін едім. «Жұмыс жоқпа?» деген сөзді естуден де еш қымсынбайтынмын. Себебі «жұмыс жасып, өз өмірімді өзім қалыптастырайын, болашағымды бүгіннен бекемдейін» деген ой менің үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. Олай деуіме негіз де жоқ емес еді. Өйткені үйдегі әке-шешемнің тапқан табысына қарап жүрген бозбала едім.
Мен үйдің түрлі шаруаларын жасап, ара-тұра азын-аулақ жұмыс жасап жүре бертінмін. Осылайша әдеттегі күндерім өтіп жатты. Үйлеу жайын былай қойғанда, үлкен өмірдің ұзақ әрі бұралаң жолына түсуге тіксініп, әке-шешенің қамқорлығынан алыстап, өз бетімше өмір сүруге жүрексінгенім рас. Мен үшін өмір сүру оңай көрінгенімен күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген ата-анам маған үмітпен қарайтындай көрінетін. Бәлкім менің осы кезге дейін жұмыссыз жүргенім жандарына бататын балар.Хош... Бірде өзім жақсы араласатын достарымның бірі ауылдық жерге жұмысқа тұрып кетті. Бір оқу орынын бітірген группаластардың әлеуметтік желіде ортақ тобы бар еді. Соны қарап отырып та көбісі облыстың әр аймағына жұмысқа тұрып жатқандарын естідім. Көңілімде «қойш соларды» деген жалқау ойдың сарыны болғанымен, іштей көңілім қобалжығаны рас. Содан кейін тұрақты жұмыс жайында ойлана бастадым. Үйде жүрсем де, көшеге шықсам да жұмыс жасауым керек деген ой жиі мазалайтын болды. Қолымдағы дипломмен бүгін-ертең қаладан жұмыс табыла қоймасын сезіп те жүретінмін. Осылайша өзіме қажетті түйіндеме, өмірбаян сынды жеке құжаттарымды әзірледім де аудан орталығындағы жұмыспен қамту орталығын бетке алдым. Мамандарынан кеңес сұрап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап, өз болшағымды айқындағым келетіндігін жеткіздім. Жалпы ниет білдірген жанға бәрі де болады екен. Бақытыма орай көп уақыт өтпей-ақ әлгі орталықтан ақжолтай хабар жетті. Міне, мен осылайша ойламаған жерден қолына сөмке ұстаған ұстаздардың қатарына қосылып шыға келдім.
Елімізде «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаның қарқынды түрде қолға алынып жатқандығынан хабардар едім. Оның тиімді тұстарымен таныса бастадым. Бағдарлама расымен біз секілді жандарға тиімді екен. Жұмысқа сіңісіп, елдегі ақ ниетті жандардың жайдары ортасына оңай еніп, сол ауылдың бір баласындай болып кеттім. Арада біршама уақыт өткен соң аталған бағдарламаға қатысуға бел байлап, қажетті құжаттарымды өткіздім. Көп уақыт өтпестен ауданда осы бағдарлама бойынша жұмыс жасаған комисся құрамы менің құжаттарымды мақұлдап, біржолғы көтерме жәрдемақы тағайындады. Міне, менің ауылдық жерде жұмыс жасап жатқаныма үш жылдан әрі уақыт өтті. Жұмысқа тұрғалы өмірімде де өзгерістер пайда болды. Отбасын құрдым, әке атандым. Бұрынғыдай емес өзіме жүктелген жауапкершілікті сезінгендеймін. Мұның бәрі осы жұмыстың арқасы деп білемін. Алдағы жоспарларымды да отбасыммен бірге ақылдасып, бірге жүзеге асыруға тырысып келеміз. Өмірлік мақсатқа құрылған сол жоспарларымның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана алу да бар.
Иә, оның үстіне елімізде жастар әлеуетін арттырып, ауылдарға жас мамандарды көптеп тартуда жұмыс жасап жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі жандандыра түсуде. Осы тұста мен туған елімдей болып кеткен ауызбіршілігі бекем байтақ мекеннің бір баласындай болып қалғым келетіндігін айтқым келеді. Сол мақсатта бағдарлама бағытын одан әрі пайдаланып, өз жұмысымды жалғастыра беруге ниеттімін.
М.Албатыров,
№18 негізгі мектептің психологі.
30 қараша 2022 ж. 363 0