Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСҚАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТАЗАЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСҚАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде тазалыққа жете мән беріп, туған жерінің көркейіп, гүлденуіне атсалысып келе жатқан аймақтағы бір топ азаматтар марапат төрінен көрінді. Аталған жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді түрде қатысқан азаматтарды марапаттады. Көбісіне еліміздегі танымал шипажайларға жолдама табысталса, алдағы уақытта тазалығы бойынша үздік атанған ауылдарға жаңа саябақ, ойын алаңы мен бағалы сыйлықтар берілмек. – 20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді. Мызғымас бірлігіміздің, тату-тәтті тірлігіміздің, қазақы болмысымыз бен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 81,07 пайызды құрап, аймағымыз үздіктер қатарынан көрініп, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Ел жаңғыруының бастамасы ретінде маусым айында Ата Заңымыз Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген республикалық референдумда да Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан көрінген болатын. Бұның барлығы да аймақ тұрғындарының Мемлекет басшысына деген сенімі, стратегиялық реформаларын қолдауының нәтижесі, – деді Н.Нәлібаев. Облыс әкімі сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен азаматтарды Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы «Алғыс хатымен» марапаттады. Сондай-ақ аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан сырбойылықтарға алғыс білдірді және алдағы уақытта да тазалық пен көркейту-көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды. Күннің ыстығы мен желдің өтінде тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек азаматтарына «Көкшетау», «Мерке», «Сарыағаш» және «Жаңақорған» емдік-сауықтыру шипажайларына 30 жолдама табысталды. Одан бөлек, акция нәтижесімен үздік атанған 7 ауылдық округке су сорғысы берілді. Аймақ басшысының қолынан Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайына жолдама алып, еңбегі еленген жандардың қатарында жерлесіміз, Аралдың көркеюіне елеулі үлесін қосып келе жатқан Сарагүл Омарова да бар. – Менің қала тазалығына атсалысып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын қолға алып келе жатқаныма 15 жылдай уақыт болыпты. Әрине осы кезге дейін еткен еңбегімді пұлдамаймын. Не істесем де туған жерімнің тазалығы мен көркемдігі үшін. Сол жолда атқарып келе жатқан еңбегімізді ескеріп, құрметке лайық көріп жатқан аймақ басшысы бастаған азаматтарға алғысым шексіз. Қолымызға шипажайға барып демалуға мүмкіндік берілді. Алла сәтін салса, күн жылынған уақытта «Мерке» шипажайына баруды жоспарлап отырмын. Жалпы, еткен еңбектің еленетін кезі болады. Менің жетістігім мен еліме жасаған қызметім мұнымен шектеліп қалмайды. Аралымды мен әлемге танытамын. Сол жолда тынбай еңбектенуге әзірмін, – дейді қала тұрғыны С.Омарова Ал келесі жылдан бастап конкурс арқылы «Үздік аудан орталығы», «Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік мөлтек аудан» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады. «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек. «Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі. «Үздік мөлтек аудан» номинациясы бойынша І орынға сквер, спорттық алаң мен жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңын салса, ІІІ орынға абаттандыру жобалары сыйға берілмек. Келесі жылы елді мекендерде тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен айналысатын арнайы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды құрып, оларға облыстық бюджеттен материалдықтехникалық базасын нығайтуға қажетті техникалар сатып алынады. Ел тазалығына үлес қосып, жұмысты еселеуде бұл да үлкен қолдау, айрықша мүмкіндік екені белгілі.
03 желтоқсан 2022 ж. 376 0