Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗАҢ САЛАСЫНДА ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ЖАН ЕДІ

ЗАҢ САЛАСЫНДА ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ЖАН ЕДІ

ЕЛІМІЗДІҢ ӘРБІР АЗАМАТЫ ОТАНЫМЫЗДЫҢ НЫҒАЮЫНА, КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСУІНЕ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУДА. МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ІРГЕСІН МЫҚТАП, ШАҢЫРАҒЫМЫЗДЫҢ БИІК БОЛЫП, ЖАҺАНДЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТАН ЛАЙЫҚТЫ ОРНЫМЫЗДЫ АЛУ БАРШАМЫЗДЫҢ БАСТЫ ПАРЫЗЫМЫЗ. АЛ МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДА АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҒЫН ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚОРҒАП ОТЫРУ – ПРОКУРОРЛАРҒА ЖҮКТЕЛГЕН НЕГІЗГІ МІНДЕТ.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылында Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасында барша заңдылықтардың мүлтіксіз орындалуын атқарып келеді. Біздегі құзырлы орган Қазақстан Прокуратурасының бір ғасырлық тарихы бар. Сонау 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы болып құрылды. Ал еліміз егемендігін жариялаған тұста, 1991 жылы 6 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі болып жұмысын бастады. 1992 жылы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң күшіне енді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан – ел прокуратурасының құрылған күні ретінде жарияланып, жыл сайын атап өту белгіленген. Бұл күн – осы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Қадағалаушы органның атаулы күнінде өткен күндерімізді әрдайым еске түсіріп отырамыз. Мәселен, өңіріміздегі прокуратура тарихы 1938 жылдан бастау алады. Ал ауданымыздың тұңғыш прокуроры қызметін Ж.Мықтыбаев ағамыз атқарған. Азаматтың адалдығын, заңгерлік біліктілігін, үлкен жауапкершілігін қажет ететін ерекше қызметті Қ.Шектібаев, Б.Жанбекова, К.Құлмурзина, С.Каухарбеков, Ж.Берденов, Ж.Исаев, А.Көптаева, А.Кенжеғараев, А.Әлібаев, А.Музатов, Т.Рахимов, А.Смағұлов, Е.Жалғабаев, К.Қосекеев, Б.Бұйраев, А.Аймағанбетов, И.Махшатов, Ә.Абдуллаев, Б.Елшібеков, Б.Тоқмырза, А.Таженов сияқты білікті заңгерлер атқарды. Аудан прокурорларының қай-қайсысы да осы органның мәртебесіне лайық қызмет етіп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті жоғары қадағалауда қырағылық танытып, алдыңғы буын салған сара жолмен жүріп келеді. Иә, осылардың әрқайсысы аудан көлемінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ауқымды жұмыстар атқарды. Аға буын қызметкерлердің кәсіптік тәжірибелерін бойға сіңірген бүгінгі буын да өз саласының мықты мамандары болып қалыптасуда. Ал ерекше атап өтуге тұрарлық және кейінгілерге үлгі бола білген аудан прокурорларының бірі – Аймағанбетов Аралбек Дәуқараұлын бүгін еске алып, ғибратты ғұмырын айта кеткенді жөн деп санаймын. Аралбек Дәуқараұлы айдынды Арал өңірінің төл перзенті. Ол 1970 жылы Арал ауданында дүниеге келген. «Тектіден текті туады» деген бар емес пе, әкесі Дәуқара бірнеше балық колхоздарын басқарған, балық кәсіпшілігінің аудандағы көшбасшыларының бірі болды. Ал атасы Аймағанбет ел-жұртына айтқан сөзін тыңдатқан, аузына қараған халыққа жол сілтеп, бағыт көрсеткен абыз кісі болған. «Алтынның сынығындай» болған Аралбек Дәуқараұлы Қызылжар ауылындағы №81 орта мектепті оқып бітірді. Алғашқы еңбек жолын «Райым» балық колхозында қарапайым жұмысшыдан бастаған. Алғашқы еңбек маңдай терін туған жерін өркендету жолына төгіп, колхоздың қиын жұмысында ысыла түсті. Арада екі жыл Қазақстан Қарулы Күштері сапында әскери міндетін атқарып келді. Ал 1993 жылдан бастап ол құқық қорғау органдарына қабылданып, Қызылорда облысының ішкі істер органдарында тергеуші қызметін атқарған. Өңдірістен қол үзбей жүріп еліміздегі білім саласының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдады. Үш жыл құқық қорғау саласында абыройлы қызмет еткен Аралбек Аймағанбетовке 1996 жылы үлкен сенім артылып, прокуратура саласына қабылданып, Қармақшы ауданы прокурорының көмекшісі қызметін атқарған. Жас маман кәсіби шеберлігін шыңдап, мамандықтың қыр-сырына бойлады. Адалдық пен жауапкершілікті жанына серік етіп, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылық, батылдық танытып отырды. Кім-кімге де туған жері ыстық. Арда азамат Аралбек Дәуқараұлы 1999 жылы Арал аудандық прокурорының орынбасары болып айдынды өңіріне оралып, атамекеннің гүлденуіне шарапатым тисін деген көңіл арманы болды. Сол арман қанатында азаматтықтың самғауын көрсетті. Оған деген сенім бекіп, 2002-2006 жылдар аралығында Арал ауданының прокуроры қызметін алғаусыз атқарды. Мүлтіксіз жұмысымен дараланып, халық арасында үлкен беделге ие болып, абырой асқарынан көрінді. Оны жақсы білетіндер «Заңды мүддені қорғаудың заңғары» деп атайтын. Бұл халықтың берген ең жоғары бағасы еді. Ол өзіне сеніп тапсырылған жауапты жұмыстарды алғырлық, іскерлік, сергектік таныта отырып, ең бір сауатты шешім шығара білуімен ерекшеленді. Егемен еліміздің нығая түсуіне өзінің зор үлесін қосу үшін, ел талабына сай аянбай еңбек етті. Туған халқының адал перзенті Аралбек Аймағанбетов 2006 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Шиелі ауданының прокуроры қызметін атқарды. Оның алда атқаратын істері көп болатын. Алайда 2008 жылы мезгілсіз ажал өмірден ерте алып кетті. Адам өмірінің мәнмазмұны тек қана жылдармен өлшенбесе керек-ті. Прокурор Аралбек Дәуқараұлы 38 жылдық ғұмырында облыс прокуратурасының тарихында өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Құқық қорғау органдарының көшбасшысы болып саналатын – прокуратура саласында адал қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетіп кетті. Оның бойындағы адами даралық, кәсіби біліктілік, шексіз отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі жастардың бойынан табылса жаман болмас еді. Біздің прокуратура саласының халық алдындағы беделін көрсететін осындай қызметіне шын берілген заңғар тұлғалар аз емес. «Өткенсіз бүгін жоқ» дейді дана халқымыз. Кәсіби мерекеміз қарсаңында осындай арыс ағаларымызды еске ала отырып, олардың қызметтегі дара жолдары жалғаса берсін дейміз.

М.БЕКПАНОВ,
Арал ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі
06 желтоқсан 2022 ж. 419 0