Балықшы қауымының белсенді, ақылды ұйымдастырушысы еді

Әбілтайдың ақылдылығы, пайым-парасаты әрі белсенділігі, әсіресе, Әйімбетов Әділбектің Қамыстыбас балық өсіретін питомнигіне директор болып жүргенде көзге ерекше көрінді. Баршаға белгілі Әділбектің мамандығы балықшы емес-ті, экономист болатын. Сауданы жетік біледі. Ақшаны қалай құрау керектігін жақсы меңгерген. Бірақ та балық шаруашылығының өз нормативі, өз жолы болады. Кейбір нормативтік актілер бұзылып, оны көріп отырғандар наразылық білдіріп, арыз-шағымдар көбірек жазылып жататын. Комиссиядан соң, комиссия келетін кездер де жиі болатын. Қасқыр да тоқ, қой да аман болу үшін осындай шараларды ыждағаттап бітіру, көбінесе, Әбілтайға міндеттелетінін сырттан еститінбіз. Әрине, Аралы бар, Қызылордасы бар, Алматысы бар, басқа - басқа жақтағы да шиеленіскен жұмыстар Әбілтайдың араласуымен оң шешімін тауып жататын. Сондықтан болу керек, Әділбек балық шаруашылығының қандай саласында болмасын Әбілқайырды қасынан қалдырған емес. Өз басым Әбілтайды туған інімнен кем көрген жоқпын. Ол өз тарапынан маған шын жүректен тілекші бола білді. Бұған жоғарыдағы ағасымен достығым және де өзінің маған дегендегі адалдығы еді. Сонымен қатар, ол Аралдағы балықшылар ардагерлерінің бірі, көп жыл бас бухгалтер болып қызмет атқарған менің Тілеулесов Қуанышбай деген немере ініммен дос болды. Олар тек ұйқыда ғана үйлерінде болмаса, басқа уақытта бір жүріп, бірге тұратын. Екеуінің сырласып, ақылдасатын жұмыстары бірге шешіліп жататын. Алматыдан Аралға келе қалсам, әрине, үлкен үй, үлкен шаңырақтың ізі, Қуанышбай інімнің үйінде болатынмын. Қай кез, қай уақыт болмасын інім Әбілтайды тауып, бізбен бірге шайландыратын. Ал Әбілтай болса, ол да баяғы інім Қуанышбайды іздеп шайын бірге ішетін. Менің Әбілтай ініме, Есеновтер әулетіне көзқарасымның шынайы екеніне мысал келтірейін. 1995 жылы Сермағанбетов Сағитжанның қызы Ақмарал Ағытайдың баласы Минутқа ұзатылды. Әрине, Ағытайды іздетпей, барлық жұмыстың басы -қасында Әбілтай басқарып жүргенін білдік. Сағитжан мені арнайы Алматыдан шақырып, құдалыққа Шәкірат, Нұраш, Талап, Қуанышбай, Зағаладин, Амангелді және басқа да азаматтар болып бірге бардық. Әңгіме -дүкен құрылып, карта ойналып, тойдың кәдесі жасалынып, арқа - жарқа болып жатқан барлық жігіттерді, екі жақтың да белгілі азаматтары мен азаматшаларын шақырып, сөзге құлақ асуын сұрадым. Сондағы айтқаным: «Ағайындар, менің лауазымымды білесіңдер. Төрде орным бар. Бірақ Сағитжан мен Ағытайды бөлмеймін. Егер де Ағытай тірі болғанда мені қуанышын бөлісуге Сағитжаннан бұрын шақырар ма еді, қайтер еді?! Сондықтан көңілімнің, ықыласымның екі жаққа бірдей екенін білдіріп, сендерге өз қолымменен жақсылап тұрып шашлык жасап берейін» дедім. Жігіттердің сіз жұмыс істеп жүргеніңізде біздер қалай жайбарақат отырамыз дегеніне көнбей, бірер сағат шашлыкты баптап барып пісіріп, қонақтарды, той иелерін дәмді шашлыққа тойдырғаным бар-ды. Осы жұмысыма Әбілтай мен оның ағайын-туыстарының «қазақ ұлық болсаң, кішік бол дегенді осындайда айтады екен ғой» деп, риза болғанын білем.

Енді бірде Әбілтай інім келіп жетінші атасы Құлбатыр әулие бабасына кесене салуға қолында қаржысы бар-ау деген азаматтарды, жеке кәсіппен айналысатын інілерін, тағы басқа атқа мінген ағайындарын аралап келгенін, әсіресе, Мұғалжардағы Жақыпов Бөген інісінің беріп жатқан материалдық жәрдемін, Ақтөбедегі Есенжолов Бекет ағасының қол, сөз көмектерін, аруақтың ризалығы жолында өзінің Ақтөбе, Шалқар, Аралдағы ағайындарын аралаудан шарашамай жүргенін жыр қылып айтқанын талай-талай естіп, риза болып жүретінмін. Сонымен Құдай қалап, Әбілтай ініміздің күндіз-түні шапқылаған тынымсыз әрі қажырлы еңбегінің арқасында Құланды елді мекенінен 18 шақырым қашықтықта Құлбатыр бабамыздың жамбасы жерге тиген орынға әдеміленген кесене салынып бітті. 2009 жылы қыркүйек айында кесененің ашылу салтанатына қатысып, асқа жиналған қалың көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, Әбілтай інімнің бабасы алдындағы өлшеусіз еңбегіне кеңінен тоқталдым. Әбілтай - әр кез ағайынның кейбір туындаған мәселелерінің дұрыс шешілуіне сеп болып, туыстарының той-садақадағы шаруашылықтарына басшы бола білген азамат. Өзінің соңғы кездегі денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, ағайындарының шараларынан ешуақытта сырт қалып көрген жоқ. Сондықтан да ол туыс-жекжаттарының арасында өте беделді болды. Інім туралы айтатын сөз көп. Бұның да себебі бар. Істі тани білетін, көзі қарақтылығының арқасында ауданда өтетін қандай да кәсіби мерекелердің, атаулы шаралардың мәнді-мағыналы, мазмұнды ұйымдастырылуына мұрындық болып жүреді. Өзіне сенім білдірген азаматтарының көңіл- күйлеріне қарап, оларға кездескен проблемалар болса, оның дұрыс шешілуіне қолынан келген көмегін аямайтын-ды.
2010-2011 жылдары Аралдан «Балықшылар мұражайын» ашу үшін бармаған жер, баспаған тау қалмады демекші, көптеген жұмыс жасап, шаршаңқырап жүрген уақытым болатын. Табан астынан 2-3 айға 400-500 мың ақша керек болды да қалды. Бір-екі болатын, бар еді-ау деген жерлерге құлақ-қағыс қылып едім, жоқ демейді, бірақ беру жолын қиындатып жіберді. Не де болса іздеген ақшамды табатыныма, оның қайтару мезгілі де шешілетінін біліп жүрдім. Бірақ уақыт күтпейді, зымырап өтіп барады. Сонымен не керек, бір күні Әбілтай бар, тағы бір-екі азаматпен Қосжарға баратын болып, екеуміз бір машинаға міндік. Жолда ойымда ешнәрсе жоқ, сырымды Әбілтай ініме айтпаймын ба, сол жерде: «Құдеке, баяғыдан бері маған неге айтпадың? Садағаң кетейін-ау, енді беделіңді ешкімге салма. Ертеңнен қалдырмай 400 мың теңгені қолыңа әкеліп берем. Біреудің счетында тұр еді» демесі бар ма? Өз басым осы күнге дейін жасаған өмірімде бір құдайға ғана қарызбын, басқа адамзатқа қарызым жоқ-ты. Ал енді жаңағы Әбілтай інімнің ерлігі қазір ғана аузымнан шығып отыр. Көзі тірі кезінде тек рақметімнен басқа сөз айтқан жоқ едім. Әрине, қарыз дер кезінде қайтарылды. Бұндайда қол ұшын беріп, сауапта қалу інімнің барша ағайын, жолдас-жораларына жасаған игі шараларының мыңнан бірі ғана шығар. Топырағың торқа болғай, Әбілқайыр! Арал өңіріндегі балықшылар қауымының тойы, басқа да шараларының басы-қасында әрдайым Әбілтай жүретін. «Даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады» демекші, бұл да болса өзінің адал да тынымсыз әрі өнімді еңбегімен тапқан беделінің арқасы. Оның бер жағында кең пейілі мен дастарқандылығы тағы бар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, бұл үйдегі келіні мен баласының саналы адамгершілік қасиеттерді бала кезінен бойларына сіңіргендігін ерекше бағалаймын. Жалпы балаға ауыз тынбай ақыл айтқаннан, тәрбиеңді күнделікті өнегелі ісіңмен көрсете білсең, ұрпағыңның келешегіне көп алаңдамайсың. Әбілтайдың туыстарының арасында құрметті әрі беделді екеніне де мысал келтірейін. Оның қайтыс болғаннан кейінгі қырық күндігі садақасын Аралдағы балалары жасады. Ағасының қырқын Алматыдағы інісі Дүйсенбай (Дүйсек) оңтүстік астананың ортасындағы ресторанда ағайын, жекжаттары бар жалпы 150-200 адамға құран оқытып, Құдай жолын берді. Бұл да болса ағайынның ауызбірлігі, аға қадірін жете сезінген інінің оған деген көп алдында құрмет көрсетуі деп білемін. Бұған да туыстарынан бастап, бір топ лауазымды азамат, азаматшалар қатысты. Әбілқайырдың сенімге селкеу түсірмейтін адалдығын, абзал азаматтығын айтып, оның судан маржан сүзген балықшылар алдындағы беделіне тоқталып сөйледім. Бұл дүниеге кім келмей, кім өтпей жатыр? Сонда да қамшының сабындай қысқа ғұмырында аз да болса, ел сағынышпен еске алып отыратындай игілігі мен сауабы мол жұмыстарда өз қолтаңбасын қалдырғанға не жетсін.?! Әбілқайыр - артында үлгі-өнеге аларлықтай ілкімді істер мен жақсы адамның қатарында із қалдырған азамат. Тағы да айтарым, бақи бол, қарағым. Бұйырған топырағың торқа болсын, Алланың шапағаты жаусын! Қолыма қалам алғасын, не жазамын деп қиналмайсың.
Әр жылдардағы көзбен көріп, көңілге тоқыған оқиғаларды еске алып, елеп-екшегенде, бірінен-бірі мен қалып қоймайын деп жарысып-ақ тұрады. Соның бірі - Жақайым аға балаларымен сұлудың мөлт еткен көз жанарындай болған Ақшатау көлінен бастап, бабалар жолымен Ақшатау, Аманөткел, Бөген, Көкарал, Ақбасты, Құланды, Ақсепе, Сексеуіл, Арал маршруты бойынша жасаған әсерлі сапарымыз. Бұның да өзіндік себебі болды. Алматыда руы Жақайым, оның бер жағынды ата-бабасы Ақбастыдан шыққан Ким Серікбаев деген республикаға танымал, елімізге белгілі әскери қайраткер ағамызбен араласып, пікірлесіп тұратынмын. Кезінде Президент аппаратының әскери комиссариатының бөлім меңгерушісі болып істеген. 79 жасында Мәскеуде әскери ғылымдардың докторлық дәрежесін қорғап шыққан рухы асқақ, елжанды азаматпен өте жақсы сыйластық қарым-қатынастамыз.
Бірде сөз арасында: «Аға, сізді ата-бабаңыздың кір жуып, кіндік кескен қасиетті жерлерін аралатайын, еліңді көресің әрі ағайындарыңның ізі қалған киелі топыраққа бір аунап қайтпайсыз ба? Мен ол жерлердің барлығында да қызмет жасадым» дегенім бар еді. Жол түсіп, Ақтөбеге барғанда белгілі қайраткер Бекеттің үйінде Ким аға екеуміз кездесіп қалдық. Сонда осы пікірім ары қарай жалғасын тауып, сол жерде Ақтөбе облыстық прокуратура саласының ардагері, әділет полковнигі Дәулембаев Орынбасар, кәсіпкер Өрекешов Жақсылық ініміздің қатысуымен қайтадан пысықталынып, жол сапары белгіленді. Сапар маршруты барысымен Аралдағы Әбілтай, Қуанышбай, Зағаладин және Талап інілерімізбен хабарласып мақұлдастық. Әсіресе, Қуанышбай мен Зағаладин өз машиналарын, тағы да басқа жолға керек дегендерін дайындап, сапардың нақты күнін, сағатын, қонатын жерлерге дейін белгілеп қойыпты. Ақтөбеден Жақсылық ініміздің ұйымдастырған екі машинасына Ким, Құдайберген, Бекет, Орынбасар, Жақсылық, тағы екі ініміз болып бөлініп міндік те, Арал қайдасың дедік. Қалаға шаршаңқырап, кештеу жеттік. Ертеңгісін 1-2 сағаттай демалып, Жақсылықтың ағасы Нәсіпжанның үйінде дайындап қойған сыбаға тамағымызды жеп, көп кідірмей, Ақшатауға төрт автомашинамен жүріп кеттік. Аралдан Қуанышбай, Зағаладин, Әбілтай, Талап, Амангелділермен бірге тағы бір інішек қосылды. Сол күні Ақшатаудың басындағы Жақайымның белгісіне қол жайып, кешкісін Аманөткелдегі менің баламның үйіне тоқтадық. Ертеңгісін Көкарал бөгетінде болып, теңіз жиегінде түстеніп, Ақбасты елді мекеніне барып қондық. Шаршап келіп, жеңіл тамақтанып жатып қалдық та, Зағаладиннің інісі Жамалаштың бізге арнаған сыбаға тамағын ертеңгісін жедік. Сол ауылда тұратын Ким ағаның Сағынбай деген туысы келіп, қоярда-қоймай дайын тамағына шақырып, үйіне алып барды. Ақбастыдан әрең дегенде түсте шығып, Құландыға келіп қондық. Ертеңгісін екі жерден сыбаға тамақ жеуге тура келді. Соңғы асқа шақырған менің туған жиен ағам Жамидің баласы Бөкелдің үйінде жайландық. Қайтарда жолшыбай баяғы 1957 жылы атпен 100 шақырым жерге, Сексеуілге дейін алып қашқан Қаракесектің айдай сұлу қызы Қуанғанның елі Ақеспенің тұсына келіп, далада дастарқан жайдық. Кештетіп Аралға Қуанышбайдың үйіне келіп түстік. Шынын айтуымыз керек, жолсоқты болған көбіміздің кешкі ас дайындалған стол басына отыруға шамамыз келмеді. Оның бер жағында бұндай машинамен қара жолдағы үздіксіз жүрістер (орыс арасында көп болған) Ким ағамызға ауыр болып, аздап ауыртып алдық. Әйтеуір, бәрін аман-есен елді-еліне түгелдей аттандыруды Қуанышбай өз міндетіне алып, барлығын ойдағыдай орындап шықты. Бәрін айт та бірін айт, ойлаған мақсатымыз орындалып, ата-бабалардың аруағы жар болып, ата жолдарымен жүріп өтудегі үш күндік сапарымызда діттеген жерлерімізді дерлік аралап, 2014 жылы 8 тамызда елге төрт көзіміз түгел табан тіредік. Иншалла, осылай әр уақытта жолымыз болғай. Осындай жүрісіміздің ішінде Әбілқайыр ініміз де болған.
Құдайберген Саржанов,
Қоғам және мемлекет қайраткері-министр,
Қызылорда облысы мен,
Арал ауданының Құрметті азаматы
27.06.2019 жыл
"Бабадан дарыған дара болмыс" кітабынан