Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сағындым досым

Сағындым досым

Жан досым, ақын Серік Сейтмағанбетовке

Жазира, жауһар жүрек, жаны көктем,
«Елім» деп, «Аралым» деп жырын төккен.
Зейнолладай арыстың дос, шәкірті,
Серік атты сан қырлы ақын өткен.

Баса алмай көлеңкесін бөспе, жалтақ,
Тайсақтап талантсыздар шелтең, шолтақ.
Ту етіп шындық пен адалдықты,
Тағылымды тұлға болған көпке ортақ.

Сөйлетіп қаламы мен ақ парағын,
Таратып елге «Толқын» ақпаратын.
Аралдың абыройын асқақтатып,
Ауданға түсірмеген жат қабағын.

Самғатқан сағынышын көңілдегі,
Ол – халықтың сенімді серігі еді.
Журналист, әрі ақын, әрі сыншы,
Жаңа өмірдің жаршысы, көрігі еді.

Болмаса да байлығы, асқан бағы,
Кедеймін деп шегініп, жасқанбады.
Жайылып дастарханы ақ тілекпен,
Төрінен үзілмеген дос, қонағы.

Тереңнен жаратылған таным, тегі,
Жауһар жыр, тапқыр сөздің асыл кені.
Қажысам сыр бөлісер жан таба алмай,
Сағынып еске аламын досым сені!

Сағынып досым сені еске аламын,
Шарықтап оралардай асқақ әнім.
Отты жыр, күміс күйдің құдіретімен,
Тағдырдың еріткенбіз тас қамалын!

Қол жетпес кез-келгеннің өрісі тар,
Ер едің шығар биік белесі бар.
Тәуелсіз көк байрағым желбіресе,
Сенің де қосқан үлкен үлесің бар!

Сен біргесің ел-жұртың, достарыңмен,
Ақ тілегің жалғасың – Асқарыңмен.
Жарың Күләй, өрісің, жұлдыздарың,
Мәдина, Анар, Толқыныңмен аспаның кең.

Ерлердің нұрлы істерін парықтауда,
Шығарар парызымыз шындық тауға.
Ағайын, әлдеқашан кезі келді,
Серіктей сері ақынды ұлықтауға!

М.Сыдықов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі,
Арал ауданының Құрметті азаматы
10 желтоқсан 2022 ж. 520 0