Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлең өлкесіне саяхат

Өлең өлкесіне саяхат

Жанаргүл Ибраймова – талай дүлдүлдердің кіндік қаны тамған киелі өлке Шижаға ауылының тумасы. Қазірде сол ауылдағы №57 орта мектепте ұстаздық етіп келеді. Бүгінгі таңда Жанаргүл мұғалімдік қызметпен қатар, шығармашылыққа да ден қойған жастардың бірі. Ақындықтан бөлек, көршілес қырғыз ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаумен де танылып жүр.

Бар мейірім ананың жүрегінде
Ана, ана – ақ жүректі киелі,
Жаны әрдайым адалдықты сүйеді.
Бар өмірін перзентіне арнайды,
Тәрбиесін беріп әркез жүйелі.
Өзің  ана, бойға қуат қосатын,
Алдыма әкеп, бал-қаймағын тосатын.
Түн ұйқысын бөліп, бесік таянған,
Ана деп жыр жазбағанның несі ақын?!
Ер баласын ел сыйлардай ұлықты,
Қызын-дағы өсіреді қылықты.
Аналардың  еңбектері өлшеусіз,
Ғазиз жанын бірі ұқпаса, бірі ұқты.
Ақ сүтімен бойға нәрін сіңірген,
Жастығы өтіп, құрыш белі бүгілген.
Қиындыққа қарсы тұрар қасқайып,
Аналардың жері жоқ еш түңілген.
Ошақ басын, үзбей қазан қайнатты,
Шаңырағын сүйсінердей жайнатты.
Ел басына күн туғанда еріне,
Сүйеу болған ана қандай қайратты!
Ақ жаулығы самай шашын жасырған,
Жаратылған жаны нәзік асылдан.
Бар балалық қателікті  кешіріп,
Құлынының жақсылығын асырған.
Шіркін, ана! Мейірім  толы жанары,
Жауһар жүрек, ашық дәйім қабағы.
Дәл осылай ардақтысын еске алып,
Перзентінің тербеледі қаламы.
Менің өлеңім
Мен өлеңді өмірімдей сүйемін,
Өлең менің өз анамдай киелім.
Қасиетті қара өлеңі қазақтың,
Ағытайын мендік жырдың тиегін.
Өлең –  биік талпындырар қанатым,
Сусын болар шөліркесем қанатын
Бар ойымды кестелейтін өрнектеп,
Бойымдағы шамшырағым жанатын.
Өлең – менің бойға біткен тұмарым,
Өлең-жырдан басылардай құмарым.
Әрбір кітап – менің асыл қазынам,
Қалам-қағаз – жанға серік сыңарым.
Сезімнің де айдынында тербелем
Өлең, шіркін, айықтырып емдеген!
Ақындарды өтпес сезім айналып,
Сезім бақтың құшағында тербеген.
Махаббатпын алаулаған, шалқыған,
Ақ сезімнің  адал иісі аңқыған.
Серт пен уәде  – төлқұжатым мәңгілік,
Мен қазақпын, айнымаған антынан.
Еркін өскен мен даланың қызымын,
Жалғап өтер жауһар жырдың үзігін.
Суы, нуы, аңы, құсы – бәрі ыстық,
Сол даламның ақталмаған тұзымын.
Мен сол үшін өмір сүрем құлшынып,
Мен анамын, ұрпаққа бер тіршілік.
Қуанамын егіз қозы көргенде,
Мұңаямын сынып жатса бір шыбық.
Мен сағатпын, бір күн тоқтап қалатын,
Мен тағатпын, қабағыңды бағатын.
Мейірімін елге арнап жүретін,
Аман болсын жер бетінде әр ақын!
Ана тілім,абыройым – арым бұл
Тілімде бар, ұлтым! деген рухтылық,
Бойымда бар, мұқалмайтын мықтылық.
Өн бойыма енген ана сүтімен,
Қанымда бар, қазақ! деген тектілік.
Тілім менің – елдігімнің айғағы,
Біткендейін мінезіме жайдары.
Өзің барда ақиқат сөз айталық.
Ескен желмен желбірейді айдарым.
Туған тілім, абыройым сен менің,
Кестелейтін өлеңімнің өрнегін.
Сенің арқаң қара қылды қақ жарып,
Ақ-қараны кесіп айта білгенім.
Сондықтан да құсың биік самғасын,
Қос қанатың қияларда талмасын.
Бәз біреулер біле берсін қазірден,
Екеумізді ажырата алмасын.
–Ей, келімсек! Пәк санамды улама,
Өзіңмен кет, шұбарыңа шырмала.
Ана тілім, абыройым – арым бұл,
Сен бәрібір дарымайсың тұлғама.
Ана тілім, бойыма күш дарытқан,
Ұлтымызды ұлық ете танытқан.
Ана тілім! Баба тілім! Өз тілім!
Қадіріңді білсін әрбір жан ұққан.
Табиғатым, Тәңір сыйы жаратқан
Табиғатым, құпиясы тұңғиық,
Түрлі әуен тұрғандайын үн құйып.
Табиғаттың сыйы иық тірескен,
Заңғар-заңғар таулары да тым биік.
Табиғатым, сұлулықпен астасқан,
Сол көркің ғой көңілімді нақ басқан.
Талай арман басын қосып саяңда,
Талай тағдыр қосыла алмай қоштасқан.
Табиғатым, сезім қылын шертеді,
Самал желі жүрегіңді елітеді.
Адамзаттың жүрегіне жол тапқан,
Ене білсең, табиғат – бұл ертегі.
Табиғатым, Тәңір сыйы жаратқан,
Жер әлемді тамсандыра қаратқан.
Күш пен шабыт алғың келсе егерде,
Табиғатпен сырлас, үндес, қанаттан.
Табиғатым, қызғалдағың бүр жарып,
Шуағыңмен кетер әлем нұрланып.      
Табиғатым, сыйым осы өзіңе,
Өзің маған танытқандай мырзалық.
Табиғатым, сыр сандығым ашылған,
Көз тұнады мынау қызыл-жасылдан.
Көк майсаңда алшаң басып жүргенмен,
Құдіретіңе бүкіл әлем бас ұрған.
      
Ұлық Алла өзің желеп-жебейсің,
Жер-дүние аман болсын дегейсің.
Ақ жаңбырың бар әлемді тазалап,
Аман атқан аппақ таңдар көбейсін.
Менің  күткен көктемім...
Маңайыма көктем келіп жеткенде,
Самал желі маңдайымнан өпкенде.
Жер-анамен отыра кеп сырласам,
Үндеспеген болар мендей еш  пенде.
Гүл өскенде көктем күні әдемі,
Жауқазын гүл сол көктемнің сәлемі.
Қыз-келіншек жайнай түсер әр беріп,
Құстар сайрап, гүлзар бақтар әлемі.
Жас шыбықтар көркі қандай бүрленген,
Құстың дауысы көлдің бойы түрленген.
Күйге  бөлеп бозторғайдың шырылы,
Көбелек жүр ләззат алып гүлдерден.
Құлпырғанда әлем кетер жанданып,
Астық алқап, ел тірлікке қамданып.
Жер бусанып, оянғанда тіршілік,
Бейнелеуге сөз таппайсың таңданып.
Найзағайын ойнатқанда аспаным,
Жер-дүние жаңарады қас-қағым.
Тырна дауысы жүректерді тербейді,
Тыңдатқандай махаббаттың дастанын.
Жайнап дала көңіл шіркін шаттанды,
Екі ғашық атырғандай ақ таңды.
Бұрқыраса көк жусанның иісі,
Іштегі бар сезім, сырды ақтарды.
Сол көктем ғой менің көптен күткенім,
Көркің қайда, салдың неге көпке мұң?
Тарылтып-ақ барасың ел тынысын,
Сені мұнша қатал болар деп пе едім?
Балалық шаққа саяхат
Балалық шақтың куәсі туған ауылым,
Осында туған ата-анам, досым, бауырым.
Шатырдай аппақ жуылған киім ішінен,
Алушы едім, анамның аппақ жаулығын.
Сүйсініп ішіп анамның ыстық тамағын,
Ойынға алаң, жөніне қалып сабағым.
Кешқұрым үйге келгенде әрең кіруші ек,
Әкемнің қарап қатулы ма деп қабағын.
Таң атса тағы, көңілің тұрар далада,
Кеш ұқтым ана, болғанын көңіл балада.
Қуаныш сыйлап жүруші ек сәби жүректен,
Бөктерге барып, гүл теру үшін анаға.
Гүлді де теріп, көбелек қуып қыр асып,
Пәк көңілімдей болатын дәйім күн ашық.
Алғаусыз балғын сәтімді, міне, сағынып,
Өткен күндерден отырмын қазір сыр ашып.
Қағаздан бүктеп, жүздіріп нәзік кемесін,
Достармен кездік гүл жапқан қырдың белесін.
Өмірдің жолы, жан-жақта ғұмыр кешсек те,
Балалық шақтың сүйесің сұлу елесін.
Жаныңда жүрейінші  
(Қырғыз өлеңдерінен аударма
қырғыз ақыны – Изати Белекова)
Түн кірсе сәуле болып енейінші,
Шегі жоқ қиялдарға мінейінші.
Тамсанып тәтті ұйқыда жатқаныңда,
Түсіңе аққу болып кірейінші.
Айналып сені көзбен сынайыншы,
Алдыңнан ай қыз болып шығайыншы.
Адымдап маған басып келгеніңде,
Ақырын самайыңнан сипайыншы.
Ерніңе еріндерім тиген кезде,
Еріксіз көздерімді жұмайыншы.
Балбұл жанып күлімдеп қарап тұрсаң,
Бақыттың биігіне шығайыншы.
Күлкіңнен қуат алып күлейінші,
Күнім деп еркелетіп жүрейінші.
Күндіз күн шыққанында, түсіңде емес,
Күлімдеп мен жаныңда жүрейінші.
14 қараша 2020 ж. 463 0