Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоян жылы қандай жаңалықпен жатталған?

Қоян жылы қандай жаңалықпен жатталған?

"Қазақ тарихында қоян жылы қандай айшықты оқиғалармен есте қалды және келер жылы елде қандай оң өзгерістер болады?" деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Көбіне ел басында орын алған айшықты ауыр оқиғалар осы қоян жылымен тұспа-тұс келгенге ұқсайды.
Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
Қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қысты күні болғанда қар тынбады,
Айуанға өлім жетті аштан әрбір.
Қоян жылы заманның тары болды,
Көктен қуған құдайдың қаһары болды,
Төрт аяқты айуан баудай түсіп,
Пір тұтқаны тұтам шөп зары болды... –деген Майлықожа жыраудың жыр жолдары соның айғағы іспетті. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» осы қоян жылына тура келеді. 1867 жылы қазақта «жалпақ қоян жұты» деп аталды. Одан кейінгі қоян жылында ылғи жұт қайталанып отырды. 1879 жылы «үлкен қоян жұты», 1891 жылы «кіші қоян жұты», 1915 жылы «тақыр қоян жұты» деп аталды. Белгілі қазақ тарихшысы Ермұқан Бекмаханов қоян жылы дүниеге келді. Абылай ханның жетінші ұрпағы болып саналатын ол 1943 жылы Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған азаматтық күресі» тақырыбында кандидаттық, арада үш жыл өткенде докторлық диссертацияларын қорғады. 1927 жылы, яғни қоян жылы сәуірде Түркістан-Сібір (Түркісіб) темір жолының құрылысы басталды.
Ал 2023 жылға сәйкес келген қоян жылы қазақстандықтарды жағымды жаңалықтармен қуантпақ. Еліміздегі нумерологтар қоян жылы үй мәселесінде сәттілік әкеледі. Сондай-ақ бұл жыл саяхаттауға қолайлы болмақ дейді.
2023 жылы елдің саяси-әлеуметтік дамуында оң өзгерістер әкелмек. Алдағы жылы жастарға 2,5%-дық жеңілдетілген несие беру басталмақ. Жеңілдетілген несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін. Жаңадан келген қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Мектептер, колледждер мен балабақша педагогтарының жалақысы 25%-ға өседі. Бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады.
2023 жылдан бастап «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Зейнетақы төлемдерінің көлемі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5%-ға өседі. Бұл ретте ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрайды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрамақ.
"Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа" деп жаңа жылдан жақсылық күтетін халқымыз үшін 2023 жылы табысты, несібелі жыл болғай.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2022 ж. 1 084 0