Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпіс адамды жұмыспен қамтыған

Жетпіс адамды жұмыспен қамтыған

Тағы бір жыл тарих қойнына аттанып, жаңа жыл табалдырығымыздан аттады. Бұл да бір тарихи сәт. Себебі сонау кездердегі талай жаңалықты, елеулі оқиғаларды бүгінде кейінгі ұрпақтың санасына тарих етіп сіңіріп келеміз.
Ал біздің бүгінгі айтпағымызды қазіргі жас жеткіншектер біле бермейтін болар. Бірақ бұл да өз уақытында ауданның беделін арттырып, талай жанды жұмыспен қамтыған өндіріс көзі болған жер. Ол – аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатындағы кілем тоқу цехы.
Алғашында барлығы қолмен жасалатын негізде ашылған цехқа облыстық басқармадан тапсырыспен 10 кілем тоқитын, 10 тоқыма тоқитын станок алынды. Осының нәтижесінде жұмыс та нәтиже беріп, тапсырыс еселеп артты. Жоғарыда айтқан бір құрылғыдан көлемі 3х2 метр және 2,5х1,8 метрлік екі кілем тоқылып шығады. Әр кілемді тоқып шығу үшін 3 әйел адам жұмыс жасаса, екі кілем тоқылу үшін 6 адам еңбек етеді. Енді қараңыз, бұл бір құрылғының ғана жұмысы үшін қажетті жұмыс қолы болса, осындай 10 станоктың жұмысына 60 әйел адам жұмыспен қамтылған. Бұған 10 тоқыма тоқу станогында жұмыс жасаған 10 жұмысшыны қоссақ, жалпы саны 70 адамға жұмыс көзі болып табылған бұл цехтың еңбегі орасан еді.
Аудан көлемінде ғана айтылып қоймай, республикаға танылған кілем цехы жайлы барлық баспа жарыса жазды. «Служба быт» журналындағы жарық көрген мақаладағы «Аралдағы жаңалық кілем тоқитын цех ашылды. Тапсырыспен кілем тоқытып алуға болады» деген сөздерден кейін Ресейден тапсырыспен кілем тоқытушылардың хаттары толастамады. Новосибирск, Хабаровск, Кемеровск, Иркутск, Якутск облыстарының ауылдық жерлерінен келген хаттарға пошта арқылы кілемдер жолданып, алғысқа бөленген. Міне, осындай жұмысты бастауға тәуекел еткен, сіздер оқып отырған жұмысты дөңгелетіп әкету Сайран Нұралиевке оңайға түспеді.
Бұл істі бастауға себепші болған Сайран ағаның жары Жұпар Перденова. Арыс ауданының қызы болатын. Жастайынан әжесінен үйренген өнерін кәсіпке айналдырмақшы болып, Шымкент қаласындағы базардан түрлі-түсті жіптер алдырып, кілем тоқиды. Бұл 1973 жыл болатын. «1973» деген жазу бар кілемді 1 мамырдағы мерекелік шеруге алып шығып, сатылымға қояды. Сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Т.Есетов мұны көзімен көріп, оң бағасын берсе, халық та алғашқы бастамаға қатты қуанды.
Бұл кез тіпті сатып алуға кілем таппайтын уақыт еді. Содан болар отбасылық кәсіпке кіріскен Сайран Нұралиев жұбайымен бірге осы кәсіпті бастады. Алматы, Өзбекстан, Қырғызстанның кілем тоқу фабрикаларынан арнайы жіптер, бояулар, кілемнің бетіне салынатын плакаттар алдырып, Алматыға тапсырыс беріп, 10 станок жасатады. Айына 20 кілем тоқып, малшылар мен балықшылар ауылына автошеберханалар арқылы жеткізіп, қызмет жасады.
Жылда облыс орталығында өтетін көрмеге апарып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мәскеудегі көрмеде де ерекше көзге түсіп, үздік медаль мен 40 сом ақшалай сыйақыға қол жеткізді. Ал сол кездегі облыс басшысы Е.Н.Әуелбеков ауданға сапарында цех жұмысымен танысып, еңбекті көзбен көргеннен кейін жанындағы Б.Ақпенбетовке «Торғай облысына хабарлас. Кілемге тапсырыс берсін» деп тапсырады. Кейін Торғай облысынан тапсырыстар көбейіп, жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болды. Кейіннен тіпті шет елдерден келген туристер келіп, цех жұмысын тамашалап, тіпті елдеріне «базарлық» етіп алып кетіп жатты. Кейіннен тұтынушылардың қызығушылығын арттыру үшін кілемдердің бетіне суреттер салына бастады. Сол кілемдер әлі күнге дейін Аралдағы музейде де сақталған. Кілемнің бетіндегі Кеме жөндеу зауыты, "Аралтұз"комбинаты, Балық комбинатының жұмыстары жіппен өрнектеліп тоқылған кілемдер мұражайға келген жастардың көзайымына айналған.
Міне, осындай тірліктің көзін тауып, уақытында халықтың алғысын алған Сайран Нұралиев ағамыз 1942 жылы Райым ауылдық кеңесі, Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келген. Балықшы отбасында туылған ол шопырлықтың да қыр-сырын терең меңгереді. Теңіздің суы қайтып, Көзжетпес, Қасқақұлан, Тоқпан ауылдарында ауызсу мәселесі қиындық тудырған тұста республикадан ауданға 2 су тасу көлігі беріледі. Соның бірін жүргізу Сайран ағаға тапсырылады. Міне, осы кезде де талай қиындықтарға тап болғаны әлі күнге есінен кетпейді. Бүгінде соны қызықтап айтып отырады. Қыс айларында су тасу көлігінің үстіндегі цистернаны алып тастап, балық тасуға да қолданған.
«1998 жылы наурызда мұз кетпей, Көзжетпес балық пунктінен балық тиелген үш машина мұз үстімен жолға шықтық. Кенет ауа райы бұзылып, жолдан Қасқақұлан елді мекеніне келіп тоқтады. Жел тоқтаусыз соғып, мұздың көбесі сөгіліп, еріп кетті. Жанымдағы Жеткерген, Сайдулла есімді көлік жүргізушілерімен бірге теңізден өтуге мүмкіндік болмай, үш айдан кейін ғана жолға шықтық. Судың деңгейі төмендегенімен, жол ауыр болып, алдымызға "Беларусь" тракторын салып, сол жақта қайық, су жолын білетін балықшылардың көмегімен Тоқпан ауылына дейін 5 сағат суды кешіп жағаға аман-сау жеттік. Дәл осы күн 9 мамыр – Жеңіс күні болатын. Осы еңбегіміз үшін В.И.Лениннің 100 жылдық медалімен марапатталдық» дейді Сайран ағамыз.
1969 жылы Арал қаласына көшіп келіп, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына орналасып, осында 3 жылдай көлік айдаған ол жоғарыда айтқандай 1973 жылы кілем цехын ашуға кіріскен. Осы кәсіппен 20 жыл айналысты. Кейіннен зейнет жасына дейін "Аралтұз" комбинатында цех ашып, бұл жерде де елдің игілігі үшін ерекше қызмет атқарды.
Бүгінде бірі ақ сақалды ата, бірі ақ жаулықты әже атанған Сайран ағамыз бен жары Жұпар анамыз алты бала тәрбиелеп, олардан 24 немере сүйіп отыр. Балаларының бірі – медицина, бірі – педагогика, бірі – мұнай саласында жұмыс істеп жатқан перзенттерінің арасында да әке мен ана жолын қуып, қолөнер саласын еркін меңгергендері де бар. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе?! Ел үшін еңбек еткен жандардың ұрпақтары да халықтың игілігіне жұмыс істеп, ата-ананың жақсы атын асырып келеді.
О. ЖОЛДАСОВ
07 қаңтар 2023 ж. 553 0