Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол жиегіндегі сырғанақ

Жол жиегіндегі сырғанақ

Балалық бақыт адам баласына ғұмырында бір рет қана берілетін теңдессіз сый. Баланың тап-таза пейілі мен аппақ көңілін ержеткен шақта да сағына еске алатынымыз сондықтан болар.
Бүгін сол балалығыммен қайта қауыштым. Түскі үзіліс уақытында жолай кездескен мектеп оқушылары жанынан өткен адамдарды елейтін емес. Бір-бірімен қуана сөйлесіп, шүбәсіз күліп, балалықтың бал шағында жүр. Мұз үстіндегі мезеттеріне кедергі келтірер ештеңе жоқ. Тіпті мен сияқты балалығын сағынған қаншама адамның өздерін суретке түсіргенін де байқар емес.
Ойланып кеттім. Бала күнгі дәл осындай қылығымыз үшін ата-анамыздан, әжемізден естіген айқай көз алдыма келді. Егемендік алып, ел еңсесін жаңа тіктеп келе жатқан уақыт қой. Барды-жоқты құрастырып, тапқанын балам үшін дейтін ата-аналарымыз қуантқысы келіп, киім мен оқу құрал алып беруге асығады. Бұл қиындықты тек біз ғана емес, бүкіл ел бастан өткерген шығар.
Бүгінгі көрген балақайлар да дәл сол біздің күйімізді өткеріп жатыр. Бірақ бір айырмашылығы біздің уақытымызда болмаған дүниелердің барлығы бар. Жылы киім мен жайлы аяқ киім. Бәлкім, ұзақ ойлануыма да осы бір балалығымыздың тапшылығы мен бүгінгі бақытты ұрпаққа деген қызығушылық себеп болған шығар.
Бірақ бақытты ұрпақта әлі күнге дейін жоқ дүниені байқадым. Арада 20 жылға жуық уақыт өтсе де олар да мектептен қайтар жолда базар маңындағы мұздың бетінде ойнап жүргені ой салды.
Бала қашан да ойынмен жетіледі. Жаздың аптабында ала доп қуатын балаларымызға қыстың да қызығын көруге неге мүмкіндік жасамасқа. Бос уақытында ұялыға байланып уақыт өткізіп жатқандығына өзіміз де себепші емеспіз бе?! Оның үстіне жол жанындағы сырғанақтан да қауіп көп. Жүйткіген көліктерден сақтансын десек, қауіпсіздік ережелері сақталған шағын мұз айдындарының ашылғаны нұр үстіне нұр болар еді. Бұл айтқанымыз елдің ертеңіне алаңдайтын азаматтарға қозғау болса, балалардың да бақыты еселене түсері анық.
О. ЖОЛДАСОВ
15 қаңтар 2023 ж. 371 0