Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық жауынгердің ерлік естеліктері

Аралдық жауынгердің ерлік естеліктері

Биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалғанауыр да азапты жылдар естелігін еске түсірер күн. Бұл күн – бақұл болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн. Дерек бойынша елден 22 мың сарбаз аттанып, оның 20 мыңға жуығы қаза тапқан. Ал 21 жауынгер із-түссіз кеткен екен. Он жылға созылған соғыс майданына Кеңес әскерінің ішінде әскер қатарына алынған қазақ сарбаздарының табандылықпен ерлік танытқаны тарих беттерінде өшпестей жазылды.
Ауғанстан соғысының тарихы да, табиғаты да өзгеше. Себебі, ондағы әрбір сардар мен сарбаздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір кешіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатырған кезде ауған шатқалын асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арпалысында күн кешті. Солардың қатарында аралдық Рысқұл Жұмашев та бар еді.
Рысқұл Қарағұлұлы 1958 жылы Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Приаралда инженер-электрик қызметін атқарып, ауыл халқының құрметі мен алғысына бөленген әкесі Қарағұл мен балабақша меңгеруші қызмет атқарған ардақты анасы Ұлшаның тәрбиесімен жастайынан көпшіл, елгезек, еңбекқор болып өскен бозбаланың арманы көп-тұғын.
1976 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмадаған ол Гурьев қаласындағы темір-жол транспорт техникумына оқуға түсіп, 1979 жылы техник-электрик мамандығы бойынша тәмамдаған еді. Гурьев қаласынан №107 команда бойынша Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеуге аттанып, Орта Азия әскери округінде алты айлық дайындық курсынан өткен жас жігіт сол кездерді еске алып: «Тағдырдың жазғанынан ешқайда кете алмайды екенсің. Отан алдындағы әскери борышымды өткеріп жүргенімде соғысты көремін деп еш ойламағанмын. 1980 жылы қаңтар айында Термез қаласынан 40-шы армия жасақталып, Ауғанстан еліне интернационалдық борышын өтеуге аттандық. 149 гвардиялық полктің №2 мотоатқыштар батальонына қабылдандым. Әлі есімде, бізді ол жерге түнде алып келді.Содан көлікке мінгізіп, полкке жеткізді. Әрқайсымыздың бойымызды өлшеп, жеке-жеке ротаға жіберді. Сол кездегі қатарластарымның болмысынан нағыз патриоттық белгісі байқалып тұратын. Біздің бөлімнің міндеті – шоқысы көк тіреген асқақ таулардың арасы мен адыр-қырқа белдердің бел ортасындағы тастақ жолдардың қауіпсіздігі мен үлкен темір көпірді қорғау. Сол жерде кеңес елінен тәжірибелік мақсатта сабақ өткізуге келген офицерлері қорғау да біздің міндетіміз еді. Ауғанстан өлкесінің жер бедері өте күрделі. Жал-жал жақпар тастармен көмкерілген таулы аймақ. Қай тастың тасасында жау жатқанын білмейсің. Бір қадам алға жылжу қиын. Айнала жарылыс, қадам жер басып, жүрудің өзі қатерлі. Алайда тапсырманы орындамау одан да қауіпті. Осылайша қарулас достармен бірге қатпар-қатпар таулар арасындағы жат елде отты жылдарды өткердік. Мамыр айында №149 гвардиялық полк операцияға шықтық. Құндыз-Ханабай-Файзабай-Мазерт-Шарифті басып өткен қанды шайқас әлі көз алдымда. Жанымдағы сарбаз достарымның біразы сол шайқаста көз жұмды. Майдандас досым украйн жігіті Валерий Иматенченконыңбатылдығы әлі көз алдымда. Ташкан асуында үш күн қоршауда қалдық. 50-60 градус ыстықта су да, тамақ та тапшы. Сондай қиын шақтарда туған Отанның, ата-ананың қадірін ерекше сезіндік» дейді Ауған соғысының ардагері.
1981 жылы 25 мамырда елге аман-есен оралған Рысқұл Қарағұлұлы бірден еңбекке араласып, теміржолдың энергетика бөлімінде электромеханик болып еңбек етті. 1995 жылдан бастап Арал аудандық электр жүйесінде электромонтер, электромонтер ОҚБ, кезекші ОДБ, учаске монтері болып еселі еңбек етіп, ұжымының сыйлысы, көптің құрметтісі атанды.Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығының Құрметті энергетигі»төсбелгісін кеудесіне қадады. 2021 жылы «Жылдың үздік энергетигі» атанды. Отбасының ұйытқысы болып, үлкен шаңырақтың берекесін кіргізген жары Роза – Арал отын мекемесінде абыройлы еңбек етті. Бүгінде зейнет демалысында. Олар – көпке үлгі болар ұлағатты отбасында үш бала тәрбиелеп өсіріп, немере-жиен сүйіп отырған ардақты ата мен әже.
– Шын мәнінде менің елжанды болып өсуіме ата-анам, бауырларым ғана емес, туған ауылым, өзім тәлім-тәрбие алған ата-әжелерімнің тәрбиесінің әсері мол болды. Сондықтан ардагер азаматтар жастармен жиі кездесіп, қазақтың кең байтақ жерін қорғаған батыр бабалар мен екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлеріміздің ерлігін үлгі етуі керек. Бүгінгі жастар сол кездегі жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын жаһан жұрты бейбіт болып, еліміз аманшылықта, жас ұрпақ тыныштықта өмір сүрсе екен деп тілеймін» дейді ардагер Рысқұл аға.
Өмір сүре білудің қадірін бір білсе, бейбіт күнде соғыс отыныңортасында болған осы Рысқұл аға білер. Сондықтандостықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы тірліктің мәнін жоғары қоятын ардагер жауынгердің әрбір сөзі мен іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.
К. МАХСҰТ 
14 ақпан 2023 ж. 199 0