Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауық өсіріп табысқа кенелген

Тауық өсіріп табысқа кенелген

Ел егемендік алған шақтан бері қарайғы уақытта халық кәсіпкерлікке дендеп кірісе бастады. Замана көші алға жылжыған сайын кәсіптің түрі де молайды. Өз кәсібін қолға алып, мақсатын жүзеге асырып, нәпақа табумен қатар, халық қажетін өтеп жүрген жандар шынымен де мақтауға лайық. Арал ауданында да жыл сайын кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, сол арқылы экспортқа тәуелділікті бәсеңдетіп отырған кәсіпкерлер салаға серпіліс беруде. Солардың бірі – Жақсықылыш кентінің тұрғыны, «Нұрәділ» құс шаруашылығы фабрикасының жетекшісі Нұржан Жалғасбаев.
Нұржан талайдан бері кәсіпкерлікке ден қойған азамат. Еңбекке жараған шақтан бастап кәсіптің алуан түрімен айналысып, өзін сан-қырлы сынақтан өткізген. Түбінде кәсіпте береке барын ерте жастан түсінген ол осыдан бір жыл бұрын құс өсіруді қолға алды.
– Бұрын алып-сатумен айналыстым. Кәсіптің түр-түрін істедім. Сосын өткен жылы осы құс фабрикасын ашуды жоспарладым. Бастапқыда табысты кәсіп екенін түсінсем де тірлікті бастауға тәуекел ете алмай ұзақ жүрдім. Өз қаражатым есебінен 32 миллиондай теңгеге қажетті жабдықтарымды, техникаларымды алып, кенттен 500 метрдей қашықтықтан құс фабрикасы құрылысын бастап кеттім. Жарық, жылу, су барлығын жүргізіп құстарды өсіруге қолайлы жағдай туғыздым, – деген Нұржан кәсіптегі алғашқы баспалдақтары туралы айтты.
Кәсіпкер жұмыртқаны арнайы тапсырыспен Чехия, Германия, Испания елдерінен алдырады. Жұмыртқа күйінде жеткен өнім инкубаторда өсіріледі. 19-20 күндей уақытта арнайы аппараттан шыққан балапанды баптау үшін 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бұл балапандар өте сезімтал келеді. Жас нәрестенің күтімі секілді олардың арнайы салынатын витаминдері бар. Қалыпты температура мен ішіп-жемін де өз мөлшерінде беріп отыру керек. Әйтпесе талайғы еңбек еш кетуі бек мүмкін. Сондықтан жұмысшылармен бірге балапандарды күтіп-баптауға отбасымызбен кірісеміз, – дейді кәсіпкер.
Нұржанның кәсібі құс етін дайындау бағытында. Соған дейін жұмыртқадан өсіп-жетілген құс 37 күнде союға жарап қалады. Осы уақытта тағы оншақты адамды уақытша жұмысқа тарту қажеттілігі туады. Қызу науқанды көптеп өткеретін кәсіпкердің бұл бағыттағы жұмысы әзірге нәтижесіз емес.
– Бір мезетте 2500-3000 бас құс өсіп шығып, союға дайын болады. Айына бір ет сою науқаны жүреді. Осы кезде күніне 5000 теңге жалақы негізінде 10 адамды уақытша жұмысқа аламын, – дейді.
Қазіргі таңда жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Өз тұтынушыларын тапқан. Айына 7 тонна тауық етін өндіріп отыр. Аудан орталығындағы дүкендер мен дәмханаларды Нұржан құс етімен қамтамасыз етуде. Бағасы да қалтаға қонымды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрменкелеріне де қатысып тұрады.
– Менің таңдап алған кәсібім қажыр-қайратты, көп еңбекті талап етеді. Өйткені бұл дайын өнімді алып сату емес, жұмыртқадан балапан, балапаннан тауық өсіру. Бұл туған балаңдай күн-түніңді өз кәсібіңе арнау деген сөз. Қазіргі күні ауданды құс етімен қамтып отырмыз. Елге пайдамыз тисе деймін. Әлі де алға қойған жоспарларым көп. Жуырда аудан басшысы Серік Сағитжанұлы да келіп, фабрика жұмысымен танысып кетті. Алдағы уақытта барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл да мерейімізді өсіріп тастады, – дейді Нұржан.
Нұржанның жоспарлары көп-ақ. Кәсіп көлемін ұлғайтып, Аралдан шыққан тауық еті еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізілетіндей дәрежеде ауданның кәсіпкерлік көкжиегі кеңейтуге үлес қосуды басқы мақсат етіп отыр.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
18 ақпан 2023 ж. 470 0