Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен спортта жетістікке жеткен

Үлкен спортта жетістікке жеткен

«Адам бұл дүниеге қонақ,оның өмірі өткінші,сондықтан ол артына жақсы іс пен сөзін қалдыру керек» деген тәлімді сөзді Жүсіп Баласағұн осыдан жүздеген жылдар бұрын айтқан. Халқымызда хаты да, аты да өлмейтін ізгі жақсылар аз емес, олардың ұлағатты өмірі ұрпақтың бірнеше буынға үлгі-өнеге болып, салт-дәстүр мен мәдениетке, ұлттық тәрбиеге өлшеусіз үлес қосады. Осы ретте асыл сөздің шебері Абай атамыздың, «Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деген тұжырымы ойға оралады.
Осындай артында өлмейтұғын із қалдырған адамдардың бірі, осы Сексеуіл кентіндегі, бұрын «Құмсай» деп аталған теміржол бойындағы жұмысшы поселкесінде 1939 жылы 25 қарашада өмірге келген Өмірзақ Жолымбетов ағамыз еді.
Өмірзақ ағамыз жастайынан ақындығы да бар талантты, білімге құштар, спортсмен, суретші, сегіз қырлы, бір сырлы болып өсті. Мектепті 1957 жылы бітірді. Тарихшы болу арманы еді.
Жалпы Өмірзақ Жолымбетов туралы айтар сөз таусылмақ емес. Спорттан да талай биіктерді бағындырған ағамыз физкультура институтына оқуға түсіп, абыроймен бітіріп шықты. Сол салада облыс, республика көлемінде біраз қызмет атқарды. Елдің абыройын асырып, біліктілігімен танылды. Бала күнінен осы салаға деген бейімділігін өзінің естелігінде айтып қалдырған: «Алтыншы класқа өткен жылы бiздiң мектепке Уфа қаласынан дене тәрбиесi техникумын бiтiрген Валентин Иванович деген оқытушы келдi. Өзi велосипедшi екен әрi жақсы акробат. Сол жiгiт ашқан акробатика секциясына қатыстым. Қызықтым, жақсы нәтиже көрсете бастадым. Екi жылдан кейiн оны Владимир Сенчин деген боксшы жiгiт алмастырды. Сенчин еңгезердей, тұлғалы жiгiт болатын. Жартылай ауыр салмақ дәрежесiнде Орынбор қаласының чемпионы болған көрiнедi. Сол кiсiнiң қарамағында үш жыл бокспен айналыстым. Осы маған үлкен спортқа жолдама берді» деген сөзінен анық аңғаруымызға болады. Бұл жайында ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбілов облыстық «Сыр бойы» газетіндегі «Спортқа бағышталған ғұмыр» мақаласында айтқан.
Мұнан бөлек, әдебиет, тарих, өнерге деген құштарлығы оның жан-жақтылығын көрсетіп, әдебиет, журналистика, жазушылық бағытындағы еңбектері бір төбе белеске айналған. Радиожурналист болумен қатар, Өмірзақ ағамыз көптеген ғылыми жұмыстармен айналысты. Нақтырақ тоқталар болсақ, Нұрмағамбет ақынның «Сартай батыр» жырын ел аралап жүріп жинап, зерттеп, жүйеге келтіріп, халыққа мұра етіп қалдырды. Қазіргі кезде көрсетіліп жүрген «Жаужүрек мың бала» кинофильмі осы Өмірзақ ағамыздың еңбегі екенін біреу білсе, біреу білмес.
Сыр елі және бүкіл қазақ спортының дамуында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ журналистикасындағы спорт саласының дамуына мол үлес қосқан осы азаматтың есімін өзінің кіндік қаны тамған Сексеуіл кетіндегі Мир көшесі №12, №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берілсе дейміз.
Есімі ел есінде сақталған азаматтың ардақты атын жас ұрпақтың санасында өшпестей сақталу үшін осындай қадам жасалса, нұр үстіне нұр болмас па еді.
Б. ЖОЛМЫРЗАЕВ,
Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы,
21 ақпан 2023 ж. 311 0