Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірім мерекесі

Мейірім мерекесі

Алғыс айту күні – мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдығын мерекелеу аясында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халық елге күштеп қоныстандырылған кезде шыдамдылық пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіретін күн деп жариялауды ұсынған болатын. Сөйтіп, қазақ халқы Алғыс айту күнін 2016 жылы алғаш рет атап өтті. Сол кезден бері бұл аталған мереке жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, достық пен бауырмалдыққа баулып келеді.
Сонау бір қиын шақта қазақ халқы тағдырдың тәлкегімен елге еріксіз қоныс аударылған өзге ұлт өкілдеріне құшағын кең жайып, қамқор болды. Сол бір кездері елімізге Беларусь, Ресей және Украинадан қаншама адам еріксіз қоныстанып, Қазақстанда орнығып, ауыр шақты халқымызбен бірге өткерді. Сондықтан бұл мерекенің астарында өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының кең пейілі мен мейірімділігіне ризашылық білдіруі жатыр.
Қазіргі таңда елімізде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, етене туыстай ғұмыр кешуде. Өйткені олар сол бір қиын-қыстау уақытта тағдыр тәлкегімен туған жерлерінен жырақтап, елімізден пана тапты, халықтың мейіріміне бөленді.
Мұндай алғыс айту мерекесі басқа елдерде де бар екен. Мәселен, 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды. Ал Израиль елінде мол астық бергені үшін Құдайға құлшылық етіп, ризашылық білдіретін "Астық ору" мерекесі атап өтілсе, Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде 8-ші ай күнтізбесінің 15-ші күнінде ризашылық фестивалі өткізіледі. Осындай мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте, бас¬қа да көптеген елде бар екен. Бір айта кетерлігі, аталған елдерде қолайлы табиғат құбылысы үшін табынатын болса, бізде солақай саясат салдарынан ауыртпашылыққа ұшыраған жандарға қамқорлық көрсеткен жұртқа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өт¬кен халықтың бір-біріне алғаусыз пейілі мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған.
Алғыс айту күнін қуғын-сүргінге ұшырап, аласапыран заманның тауқыметін тартқан жандардың, олардың ұрпағының кеңпейіл әрі кішіпейіл, қонақжай қазақ халқына деген шынайы тағзымы деп ұғынамыз.
Сонымен, Алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға деген риясыз қадамы. Алғыс айту күнінде араздасып қалғандар татуласып, бір-бірінен кешірім сұрап, айналасындағыларға алғыс айтулары керек. Өйткені кішпейіл, кешірімді болу, алғыс айта білу халқымыздың бойына сіңген асыл қасиет. Психологтардың пайымынша, адам өз күнін ризашылықпен бастап, алғыспен аяқтаса – өз өмірінде бағалайтын естеліктер молаятынын тәжірибе байқатады. Соның арқасында көңіл-күйдің жақсаруы, дүниені қабылдау мен отбасындағы, жұмыстағы, көршілермен қарым-қатынастардың жақсаруы жүйеленеді. Сондықтан көктемнің алғашқы күнін бір-бірімізге алғыс айтудан, ризашылық білдіруден бастайықшы.
К. МАХСҰТ 

Фото: egemen.kz
01 наурыз 2023 ж. 346 0