Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Tik Tok-та да алаяқтар қаптап жүр

Tik Tok-та да алаяқтар қаптап жүр

Қазір көбі «Тик Токтың» құрсауында жүр. Уақытын босқа өткізген бір бөлек, азартқа кіріп, қалтаңыз тарылғанын білмей де қаласыз. Неше ай бойы осы желідегі тікелей эфирлерді қарадым. Лотерея ойындары мен карта, секундқа ақша тігу секілді эфирлерде толған адам. Ұтқаны да, ұтылғаны да осында.

Бірінші ойын – билет алу арқылы лотерея ойнатқандарды көз шалды. Онда аз сомадан бастап, миллионға дейін ақшаны көрсетіп қояды. 1 билетті 500 немесе 1000 теңгеден сатып аласыз. Кей эфирде билет құны 100 теңгеден. Қызығы сол арнайы әйнек құтыдағы билет саны шектеулі болады. Ал анаған қызыққан жұрт сол билетті алып, лотереядан бағым жанады деп соңғы тиынына дейін көрсетілген нөмірге төлем жасайды. Бірақ сол сәтте әлгі адамды эфирден бұғаттап тастайды. Бастапқы ойындарда жақсы ойнататындар кезікті. Дегенмен «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегенді алға тарқан көбі сене бастады. Әлгі ойынға ене бастады. Жасыратыны жоқ, мен де лотереяның лохотрон екенін біле тұра төлем жасап, алданған жұрттың жай-күйін сезінгім келді.

Бірде тікелей эфирлерді шолып отырып бір лотереяға көзім түсті. Онда соңғы билеттер қалған екен. Жүргізуші қалың көрерменнің көзінше барлығын санап, бас-аяғы 50 билет қалғанын айтты. Сол билеттердің ішінде 200-500 мың теңге көлемінде ұтысы бар. Сенбейін десең, пікір толы жақсы сөздер. Ұтқандар да рақметін айтып мәз. Содан не керек, мың теңгеден әлгі 50 билетті сатып алдым. Пікірге «төлем жасадым» деп жаза бергенім сол еді эфирден мені бұғаттап тастады. Ыстық тердің маңдайдан қалай ытқып шыққанын көрсеңіз ғой. Ащы күлкі езуіме еріксіз келе берді. Нөмірге тіркелген Ватсапқа жазсам, жауапсыз. Қоңырау шалсам, өшірулі. Басқа «Тик Ток» аккаунтпен кіріп, әлгі эфирге бардым. Әлі сол 5 билет тұр. Ақша салғандарды бұғаттап отыр. Пікірге жазып үлгергенім болмаса, тағы да бұғаттап тастады. Сол сәтте мессенджерге бір қыз жазды. Алданып қалған екен. Жаман аурумен ауыратын ол еміне ақша жинамақ болады. Емі миллиондаған қаржыны қажет етеді. Бастапқысын блогерлер арқылы халықтың қайырымдылығынан жинаған ол соңғы емдеріне қолдау таппайды. Ойында ештеңе жоқ, әлгі жеңіл ақшаны ұтып алып, кезекті емінен өтуді көздейді. Дегенмен мен алданған алаяқтарға тап болады. Маған қоңырау шалып, ішкі мұңын айтқанда, жылап, шер шығарғанда өзімді қоярға жер таппағаным рас.

Бұлай алданған адамдардың қатары көп екені айдан анық. Тек қолынан келер шарасы жоқ. Өзі аз айлыққа күн көріп, қымбат азық-түлікпен күнелтіп жүрген жандар сан соғып жатыр. Әрине, ойнағаны дұрыс емес дерсіз. Дегенмен қаржыға мұқтаждық әлгі үлкен сомаларды көргенде есіңнен таңдырары сөзсіз. Уақыт өте алданғаның ұмытылады. Еңбекпен тапқан адал ақшаңның орны қайта толады. Есесіне, жеңіл ақшаның оңай келе қоймайтынын ұғынасың. Алданғандар барлығын Аллаға тапсырып, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал алаяқтар әлі күнге дейін тайраңдап, талайдың көз жасына қалуда. Ар азабы ешкімді, ешқайда жібере қоймас. Дегенмен жазалауды да қолға алу керек. «Тик Токта» жаңа трендтерді ашып, рейтинг, лайк, тіпті сайлауға қолдау видеолар түсіріліп жатыр. Президент те жастардың мұндай бастамасын елеусіз қалдырмады. Ендігі халыққа тиімсіз тұсына да бұғау болса дейміз…

Айнұр ӘЛИ

kyzylorda-news.kz
Фото: massaget.kz
03 наурыз 2023 ж. 354 0