Жастарға қолдау көп: 2,5 пайыздық микрокредит
Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі жастар екені анық. Осы тұста мемлекет тарапынан ел келешегінің тұтқасын ұстаушы жастарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылып, қай салада болмасын жаңа идеяға толы жас буын өкілдеріне қолдау білдіріліп жүр. Сонымен бірге осы жылдың 1 наурызынан бастап кәсіпкерлік бағдарламаларды іске асыру мақсатында жастарға берілетін жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікті микрокредиттер беру үшін арнайы құжаттар қабылдау басталған болатын.
Бұл микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Яғни, өз кәсібін ашу немесе кеңейту үшін, сондай-ақ 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі.Тағы бір айта кетерлігі, мұнда қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі. Сонымен бірге микрокредиттің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, ал қатысудың ұзақ мерзімі 5 жылдан (кез келген мақсатта), 7 жылға (мал шаруашылығы саласы үшін) дейін болуы ықтимал. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз.
Қатысушы алдымен өтінім беру үшін қажетті құжаттарды «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ филиалына тапсырады. Құжаттар тізімін атап өтер болсақ, жеке басын куәландыратын құжат, жоба бойынша бизнес-жоспар, шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама, кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама, сонымен қатар қатысушының жалақысын және өзге де табыстарын растайтын құжат, кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар қажет.
Микрокредиттер негізінен тұрғын жылжымайтын мүлікті (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін сатып алу (кез келген нысаналы мақсатпен) және бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар), қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөлік¬терді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу, сонымен бірге ойын бизнесін ұйымдастыру немесе дамыту, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет, моторлы көлік құралдарын шы¬ғаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобалар, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару үшін және де кредиторлық берешекті өтеу, бизнесті жүргізуге байланысты емес, жеке тұтынушылық мақсат¬тар¬дан басқа кез келген мақсатқа беріледі.
Қатысушылардың немесе үміткерлердің ұсынған жобасы негізінде арнайы комиссияның шешімі арқылы беріледі. Бұл дегеніміз өз кәсібін бастаймын деген жастар үшін өте тиімді дүние болмақ. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті уақытында пайдаланып, ел экономикасына зор үлес қосатын жастар қатары көбейіп, дамыған елдер қатарынан көрінуге үлес қоспақ.
А.НҰРЛАНОВА