Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар таңдау жасады

Тұрғындар таңдау жасады

Кешегі күн көпшіліктің есінде қалатын сәтке айналды. Себебі ел үшін маңызды уақытта барша аудан тұрғындары қарап қалмай, сайлауда өз таңдауын жасауға асықты. Жексенбіде таңсәріден бастап барлық сайлау үйлерінде қызу тіршілік басталды. Сайлау болатын осы күнді асыға күткен халық учаскелер өз жұмысын бастаған бойдан, ағылып келіп жатты. Бұл халықтың билікке деген сенімі мен ертеңгі күнге деген үлкен үмітінің көрінісі болатын.
Сөздің ашығын айтайық «Сайлау біз үшін ерекше той еді. Сол күнді асыға күтіп, таңмен таласа оянып, сәнденіп, дауыс беруге баратынбыз» деген сөзді үлкендердің аузынан ғана естігеніміз болса, соңғы уақыттары таңдау жасауға құлықсыздарды көп көретін едік.
Бірақ Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін әділетті мемлекет, елімізде ашықтық салтанат құрған қоғам қалыптастыру жолында ауданның қарты мен жасы бірдей атсалысқан сайлауды кеше көрдім. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген саяси додада көптеген сайлау үйлерінің сыртында елдігімізді танытатын түрлі өнер көрсетіліп, қол күрес секілді бәсекелер орын алып жатса, іште елдігімізді мәңгілік ету жолында ерекше еңбек етуге әзір кандидаттардың тартысты додасы өтіп жатты. Әркімнің өз таңдауы бар. Талғамға талас жоқ десек те, барлық сайлаушының көздегені әділетті Қазақстанның қалыптасуы жолында таңдаудан қателеспеу болатын. Және әділетті Қазақстан дәл осы сайлаудағы әділдіктен басталғандай көрінді.
Ел арасы болған соң түрлі пікір де айтылар. Бірақ халық өз кандидатына сенді, таңдау жасады. Бұл сайлаушыларға жүктелген үлкен міндет. Дәл осы күні өз міндетін аралдықтар адал атқарды. Ендігі адалдық, халықтың сеніміне, аманатына лайық болу 19 наурыз күні өткен сайлауда жеңіп шыққан ҚР Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының міндеті. Әділ өткен сайлау алдында депутаттар берген антына адал болса, халықтың билікке деген сенімі де арта түспек.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
21 наурыз 2023 ж. 497 0